ӘКІМ АУЫЛ-АЙМАҚТЫ АРАЛАДЫ
ЖУЫҚТА АУДАН ӘКІМІ С. АМАНБАЕВ, АРНАЙЫ КОМИССИЯЛАРДЫҢ ОТЫРЫСЫН ЖӘНЕ КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША ЖИЫН ӨТКІЗІП, АУДАН ОРТАЛЫҒЫ МЕН АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДІ АРАЛАДЫ.
АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІС
Аппараттық мәжіліс барысында, 2024 жылға арналған болжамдар мен көрсеткіштердің орындалуын қадағалау мақсатында, арнайы жұмыс тобы құрылды. Мәжілісте, жаңадан құрылған жұмыс тобы әртүрлі бағыттар бойынша тиісті талдау және зерделеу жұмыстарымен айналысатыны айтылды. Жұмыс тобының құрамына аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары енгізіліп, топ төрағасына аудан әкімінің орынбасары Ж.Қойшыбаев тағайындалды. Аудан басшысы жұмыс тобына, алға қойылған межелерге жету үшін, ең алдымен орындаушылық тәртіпті назарға алу қажеттігін ескертті.
Аудан басшысының төрағалығымен өткен тағы бір аппараттық мәжілістің күн тәртібінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы туралы» аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.Айтмағанбетовтың және «Су тасқыны бойынша атқарылған жұмыстар туралы» аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы С. Калменовтың баяндамасы тыңдалды. Бұл мәжілістің соңында аудан әкімі төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы С. Калменовке ауа-райының күрт өзгеріп, қар мен мұздың еруінен пайда болатын су тасқыны мен төтенше жағдайлардың алдын алуды жіті бақылауға алуды тапсырды.
КЕҢҚИЯҚҚА ІС САПАР
Аудан әкімі С. Аманбаев, Кеңқияқ ауылына барып, жаңадан салынып жатқан мектеп құрылысын қарады. Бұл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аудан бойынша құрылысы қолға алынған екі білім беру ошағының бірі екені көпшілікке белгілі. Кеңқияқ ауылдық округіне қарасты «Сазды-2» ауданындағы 600 орындық жаңа мектептің құрылысына тапсырыс беруші «Самұрық Қазына» ӘҚ, құрылысты жүргізуші «Антариум» ЖШС болып табылады. Жобаның құны 4 миллиард 200 миллион теңге. Қазіргі таңда мектеп құрылысы аумағын қоршау, іргетас құю жұмыстарына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме ағымдағы жылдың соңына дейін мектептің іргетасын құйып, қабырғаларын көтеруді жоспарлап отыр.
Құрылыс жұмыстарын қараған аудан басшысы, округ әкімі Қ.Серікжановқа мектеп құрылысының сапалы орындалуын жіті қадағалап, қауіпсіздік шараларын бақылауды тапсырды.
Осы сапарында аудан әкімі С. Аманбаев, Кеңқияқ ЖОББМ-іне барып, жүргізілген жөндеу жұмыстарының жай-күйін қарады. ЖОББМ директоры А. Бришева, аудан әкіміне мектептің жөндеу жұмыстарынан кейінгі жағдайы және көктемгі кезеңге дайындықтың барысы туралы баяндады. Аудан әкімі осы тұста аудандық білім бөлімінің басшысы А. Өсербаевқа, балалардың білім алуы үшін барлық қолайлы жағдай жасау жолында тиісті шаралар қабылдауды және білім сапасын арттыруды тапсырды.
Бұдан кейін аудан әкімі С. Аманбаев, ауданық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Б. Бақтығалиевтің Кенкияқ кенті тұрғындарымен есеп беру кездесуіне қатысты. Кездесу кезінде Б. Бақтығалиев, полиция қызметінің 2023 жылғы атқарылған жұмыс қорытындысы және көрсеткіштері туралы баяндап, қазіргі таңдағы әкімшілік құқықбұзушылық және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы есеп берді. Бұл кездесудің соңында аудан әкімі, Кенқияқ ауылдық округінің әкімі Қ.Серікжановқа аудандық полиция бөлімімен бірлесе отырып, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қоғамдық тәртіпті қадағалау шараларын күшейтуді, жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында тиісті түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, тұрғындар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда тәртіптік және профилақтикалық іс-шараларды ұйымдастыруды тапсырды.
Бұдан бұрын аудан әкімдігі тарапынан «Алтиес Петролеум Интернешнл Б. В.» компаниясына, ауыл спортын дамыту және қолдау мақсатында, демеушілік көрсету жөнінде ұсыныс жолданған болатын. Нәтижеде аталған кәсіпорын демеушілігімен Саркөл, Кеңқияқ және Шұбарқұдық елді мекендеріндегі дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендерінің спортшыларына спорттық киімдер мен қажетті инвентарьлар алынған болатын. Аудан әкімі, Кеңқияқ ауылдық округіндегі жұмыс сапары кезінде, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жас спортшылармен кездесіп, жастарға спорттық киімдер және инвентарьлар табыстады және Қ. Серікжановқа бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортқа ынталандыру мақсатында, қажетті жағдайлар жасау және тиісті шараларды қабылдауды жүктеді.
ТЕМІР ҚАЛАСЫНДА
Аудан әкімі С. Аманбаев, осы күні Темір қаласына да барып, өңірдегі шаруа қожалықтарының жай-күйімен танысты. «Ақбөпе» шаруа қожалығына барып, қожалықтағы шаруашылықты қарады.
Басшысы М. Үмбетов болып табылатын «Ақбөпе» шаруа қожалығы 2003 жылы құрылған. Жер көлемі 4568,00 гектарды құрайтын шаруа қожалығында 538 бас ірі қара, 327 бас жылқы бар. Мұнда аудан басшысы, су тасқынының алдын алуға бағытталған аудандық іс-шаралар жоспарына сәйкес, алдағы көктемдегі қар суының еруі кезінде шаруашылықтағы жануарлардың қауіпсіздігін сақтау үшін алдын ала жасалған шараларды пысықтау қажеттігін атап өтті және Темір қаласының әкімі А. Қоқановқа өңірдегі өзге де шаруа қожалықтарында су тасқынына дайындық барысын қадағалауды тапсырды.
АҚСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ
Аудан әкімі С. Аманбаев, Ақсай ауылдық округі өңірдегі шаруа қожалықтарының жай-күйімен танысты. «Мейірім» шаруа қожалығына барып, жұмыс барысын қарады.
«Мейірім» шаруа қожалығы 2002 жылы құрылған. Басшысы – Тумышев Ельтай Габбасұлы. Шаруа қожалығында 380 бас ірі қара, 68 бас жылқы бар. Аудан әкімі жыл сайын көктем кезіндегі су арнасының тасуына орай қатынас қиындайтынын ескертіп, шаруа қожалықтағы жұмысшыларды азық-түлікпен және үй жануарларын қажетті мал азығымен алдын ала қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, су тасқынының алдында малды қараусыз қалдырмау және кенеттен еріген су тасқыны кезінде олардың су қоршауында қалып қалмауы үшін жайылымнан алыс жайылмауын қадағалау қажеттілігі, өткен жылы ауданда мал іздестіру кезінде тұрғындардың жоғалу деректері орын алғандығын ескере отырып, жоғалған малды іздеу — ауа райының қолайлы кезеңдерінде жүргізілуі керектігін атап өтті және Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Б. Ерназаровқа өңірдегі өзге де шаруа қожалықтарында көктемгі су тасқынына дайындық барысын қадағалауды тапсырды.
Аудан әкімі Ақсай ауылдық округіндегі жұмыс сапарында Шығырлы ауылындағы көктемгі су тасқынының алдын алу шараларымен де танысты. Аудан әкімі мұнда да Б. Ерназаровқа, аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесе отырып, еріген қар суының артуы салдарынан болатын су тасқынын болдырмау мақсатында барлық суағарларды тазартып, бөгеттер мен су арналарын бақылауда ұстауды, қауіпсіздік шараларын күшейтуді міндеттеді.
Аудан әкімі Шығырлыда болған кезінде тұрғындармен кездесу ұйымдастырып, ағымдағы жылдың 6-8 ақпан күндері қар құрсауында қалған жолаушылар мен автокөлік жүргізушілерін қауіпсіз жерге көшіріп, ыстық тамақпен, жылумен қамтамасыз еткен шығырлықтарға риясыз алғысын білдірді және бірқатар азаматтарды «Алғыс хатпен» және естелік сыйлықтармен марапаттады. Әсіресе, өз техникаларымен шығып, тұрғындарға көмек көрсеткен жеке шаруа қожалықтарына ерекше ризашылығын жеткізіп, «Елеу» шаруа қожалығының қызметкері Е.Шипалаковты «Ерлікке құрмет» төсбелгісімен марапаттады және
алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
ТЕМІР ГАЗЕТІ.