МҰҒАЛІМДЕР ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

0
55

ГҮЛ КӨКТЕМНІҢ АЛҒАШҚЫ АЙЫНЫҢ БАСЫНДА КЕЛЕТІН ІЗГІЛІКТІҢ, МЕЙІРІМДІЛІКТІҢ, ӘДЕМІЛІКТІҢ НЫШАНЫ 8 НАУРЫЗ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН ШАРАНЫҢ БІРІ 6 НАУРЫЗ КҮНІ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН Н. БАЙҒАНИН АТЫНДАҒЫ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ ӨТТІ. ШАРАҒА АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДЕГІ БІЛІМ ҰЯЛАРЫ МЕН БАЛАБАҚШАЛАРДАН ЖӘНЕ ТӘРБИЕ МЕКЕМЕЛЕРІНЕН ӨКІЛДЕР ҚАТЫСТЫ.

«Әлемді жүрегімен әлдилеген…» деген атау қойылған бұл шара қыз баланың шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, балалық (Баян), жасөспірім (Әсем Орынбаева), бойжеткен (Ұлданай) шағын, тұрмыс құрып, тәрбиелі келін (Динара), салиқалы ана (Индира), кемеңгер әже атануына дейінгі өмірдегі жүріп өтетін тұтас та керемет жолын шағын да мағыналы сахналық көрініспен көрермендерге ұсынумен басталды. Одан кейін, сахнада Мәдениет Үйінің өнерпаздары Ана туралы әндер мен күйлер орындалып, саз мектебінің шәкірттері ұстаздарға арнап би билеп, ән шырқады.
Шара барысында аудан әкімі С. Аманбаев, ұстаздарды мерекемен құттықтап, бір топ оқытушыларға «Алғыс хат» және екі- үш мұғалімнің шипажайда емделуі үшін жолдама табыстады.
— Биыл ауданымызда Кеңқияқ пен Шұбарқұдықта екі бірдей заманауи білім ұясы, аудан орталығында кітапхана мен жүзу бассейіні пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мұның бәрі білім саласына керекті ғимараттар. Менің ата-анам қырық жыл мұғалім болып, зейнетке шыққан кісілер. Сондықтан оқытушылар қауымы маған ыстық көрінеді. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, жанұяларыңа бақыт, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, — деді аудан әкімі С.Аманбаев.
Сондай-ақ, аудандық білім бөлімі кәсіподақ ұйымының төрағасы Н. Сабенова да бірқатар оқытушыларды «Алғыс хатпен» марапаттады.
ӨЗ ТІЛІШІМІЗ.