КЕЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ
АУДАН ӘКІМІ С. АМАНБАЕВ, ОРЫНБАСАРЛАРЫН, МЕКЕМЕ, КӘСІПОРЫН, ҰЙЫМ, БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫН, АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМДЕРІН Т. Б. ҚАТЫСТЫРА ОТЫРЫП, ӘРБІР АПТА САЙЫН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША БІРНЕШЕ МӘЖІЛІС ӨТКІЗІП, ТИІСТІ БАСШЫЛАРҒА НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРУДЕ. БІЗ ТӨМЕНДЕ СОНДАЙ МӘЖІЛІСТЕРДІҢ КҮН ТӘРТІБІНДЕ ҚАРАЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРҚАТАРЫНА ҚЫСҚАША ТОҚТАЛЫП ӨТУДІ ЖӨН КӨРДІК.
Мәселен, 4 наурыз күні С. Аманбаев осындай жиын ұйымдастырып, «Өңірді абаттандыру және көгалдандыру туралы» аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ә. Сапаның және «Ауыл аманаты» жобасын іске асырудың барысы туралы және Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық шаралары» жөніндегі Е. Жолдығариннің ақпаратын тыңдап, аталған басшыларға өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін арттыруды және ауа райы жағдайын ескере отырып, өңірді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын дер кезінде бастауды тапсырса, 11 наурызда «Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу туралы» аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А. Құлмұхановтың,
«Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін іске асыру барысы жөнінде» аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Ж. Шаменовтың баяндамаларын тыңдап, жиналыс соңында тиісті басшыларға өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша алдағы уақытта жұмыстануды тапсырды.
Сондай-ақ, 13 наурыз күні аппараттық мәжіліс өткізіп, 2023 жылы атқарылған жұмыстар және 2024 жылға қойылған жоспарлар туралы аудандық аурухананың бас дәрігері С. Жанахметовтің, Мемлекеттік кірістер басқармасының аудандық бөлімшесінің басшысы С. Айжарықовтың, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж. Жасақбаеваның баяндамалары тыңдалып, С. Жанахметовке медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту бағытында жұмысты жандандыру, науқасқа бағдарланған медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету, сала қызметкерлерінің білім сапасы мен біліктілігін арттыру, С.Айжарықовқа жылдық, айлық болжамдарын дұрыс жоспарлауларына бақылау жасай отырып, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинау шараларын іске асыру бойынша округ әкімдерімен бірлесе отырып, жұмыс жүргізу, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Жасақбаеваға қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы шараларды жандандыруды міндеттеді.
Сонымен бірге, аудан басшысы осы күні ұлттық мереке — «Наурыз мейрамын» тойлауға дайындық бойынша арнайы жиналыс өткізді. Жиналыс барысында ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж. Жасақбаева Наурыз мейрамын мерекелеу бойынша арнайы әзірленген тұжырымдаманы таныстырды. Аудан басшысы ағымдағы жылы мерекенің басты міндеті және ерекшелігі – ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту және дәріптеу екендігін атап өтті және мерекені қоғамдық тәртіп пен халықтың қауіпсіздігін сақтай отырып, ұйымшылдықпен ұйымдастыруды, өткізілетін мерекелік шаралар туралы ақпаратты әлеуметтік желілер мен аудандық газетте жариялауды тапсырды.
13 наурыз күнгі тағы бір мәжілістің күн тәртібінде де 2023 жылы атқарылған жұмыстар және 2024 жылға қойылған жоспарлары туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Г. Әділхан мен аудандық «Мансап» орталығының басшысы Ә. Көшербаевтың баяндамалары тыңдалып, аудан әкімі Г. Әділханға әлеуметтік осал топ өкілдеріне тиесілі әлеуметтік көмектердің берілуін өз деңгейінде ұйымдастыруды және азаматтардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуы үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуді, Ә.Көшербаевқа тұрғындардың кәсіп ашуына қолайлы жағдай тудыруды, бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстарын жандандыруды, аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытын одан әрі жүйелі түрде жалғастыруды және дамыту жолында белсенді жұмыс атқаруды тапсырды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.