НҰРҒИСА МЕН «ОТЫРАР САЗЫ»

0
36

1990 ЖЫЛДЫҢ ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ АЯҒЫНА ТАМАН АУДАНҒА ӨЗІНІҢ АТАҚТЫ «ОТЫРАР САЗЫ» ОРКЕСТРІМЕН ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫ КЛАССИКТЕРІНІҢ БІРІ, ҰЛЫ КОМПОЗИТОР, ҰЛЫ КҮЙШІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ АРТИСІ, СОҒЫС АРДАГЕРІ НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ КЕЛДІ. МЕН ӨНЕР АДАМЫ ЕМЕСПІН, СОНДЫҚТАН ОСЫ МАҚАЛАДА ӨНЕР, ӨНЕР АДАМДАРЫ ТУРАЛЫ ЖАҒЫМДЫ, ЖАҒЫМСЫЗ ПІКІРЛЕР АЙТЫП ҚАЛЫП ЖАТСАМ – ОЛ ЖЕКЕ МЕНІҢ ҒАНА ПІКІРІМ, ОҒАН РЕНЖІП ЖҮРМЕҢДЕР. КЕЙБІР АҚЫНДАР, ЖАЗУШЫЛАР, КОМПОЗИТОРЛАР НЕГІЗІНЕН БІР ШЫҒАРМАСЫМЕН ЕЛГЕ ТАНЫМАЛ БОЛЫП КЕТЕДІ, АЛ ҚАДЫР, МҰҚАҒАЛИ, МҰХТАР, СӘБИТ, ӘБДІЖӘМІЛ, АХМЕТ, ШӘМШІ, ӘСЕТ, ЕСКЕНДІР СИЯҚТЫ АЛЫПТАРДЫҢ ӘРБІР ШЫҒАРМАСЫ КЛАССИКА ДЕУГЕ БОЛАДЫ. СОЛАРДЫҢ БІРІ ДЕ БІРЕГЕЙІ НҰРҒИСА ДЕР ЕДІМ. НҰРАҒАҢНЫҢ «АТА ТОЛҒАУЫ», «ӘЛҚИССАСЫ», КӨШ КЕРУЕНІ», «МАХАМБЕТІ», «АҚҚУЫ», «АҢСАУЫ» Т. Б. ҚАЗАҚ КҮЙ ӨНЕРІНІҢ ШЫҢЫ ДЕСЕМ ҚАТЕЛЕСПЕСПІН. НҰРАҒАҢ ТЕК КОМПОЗИТОР ЕМЕС, АСҚАН ШЕБЕР ОРЫНДАУШЫ ДА. ТЕК ҚАНА ОРЫНДАУШЫ ЕМЕС, ОЛ ШЕБЕР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ ДА БОЛДЫ. НҰРАҒАҢ ӨЗІ ҰЙЫМДАСТЫРЫП, ӨЗІ БАСҚАРҒАН «ОТЫРАР САЗЫ» ҰЛТ АСПАПТАР ОРКЕСТРІ БҮГІНДЕ ТЕК ҚАНА ҚАЗАҚСТАН ЕМЕС, ДҮНИЕ ЖҮЗІНЕ ТАНЫМАЛ ӨНЕР КОЛЛЕКТИВІНЕ АЙНАЛДЫ.

Сонымен, «Отырар сазы» елу адамымен Шалқарға дейін пойызбен келіп, аралап, концерт қойып, одан Ембіге келіп (ол уақытта Ембі Мұғалжар ауданының орталығы, кейін ол аудан жабылып, атағы Қандағаш ауданына берілді), одан біздің ауданға келді. Мен ол кезде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет жасайтынмын, қасыма аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қазиев Есенбекті алып оркестрді Кеңқияқтан күтіп алдық. Ол кезде Кеңқияқ мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы марқұм Иосиф Аққалиұлы Аустниязов болатын, елу бес адам жататын орын, тамақ ішетін асхана дайындап, көп шаруа жасады. Жоспар бойынша келесі күні оркестр Темір қаласына бару керек, содан кейінгі күні аудан орталығына, сосын Байғанин ауданына сапар шекпек. Темір совхоз-техникумының директоры Мақсот Балғынов студенттердің жатақханасынан қажетті орын, Нұрғисаға бөлек үй, қалалық тұтынушылар одағының асханасын тәртіпке келтіріп, қажетті тағам түрлерін, кәдесыйларды Ақтөбеден арнайы алдырып дайын отыр.
Нұрекең ұзын бойлы, қапсағай денелі, құлағы үлкен (қазақ құлағы қалқиған дейді), алақандары да үлкен, (бір алақаны менің екі алақанымдай деуге болады) саусақтары салалы, ұзын, ақжарқын, жайсаң адам екен. Жымиғанда екі езуі екі құлағына жетеді. Жылдам тіл табысып кеттік. Бірақ елдің еркесі, өнер адамдарының көпшілігі сияқты, кейде олай, кейде былай сөйлеп кететін кездері де бар екен. Танысқаннан кейін маған: «Нұрмұқан, сен ренжімесең мен сені «райисполком» деп атайын» деп, сол күндерде райисполком атанып кеткенім бар.
Кешке концертке бардық. Нұрғиса да, «Отырар сазы» да құдірет қой, Нұрекең музыканттарды да, әншілерді де таңдап алған, «Ата толғауы», «Әлқисса», «Аққу», «Махамбет» сияқты күйлері мен халық әндері, дүниежүзілік классикалық музыкаларды тыңдап көрермен риза болды. Жалпы жыршыны, термешіні, әншіні, күйшіні, қобызшыны, өзінің өлеңін жатқа оқып тұрған ақынды бір бөлмеде, болмаса сахнада көру, тыңдау, ал кәсіби хорды, оркестрді тыңдау, оның ұстіне бірінші рет көру адамға, әсіресе жас адамға ұмытылмастай үлкен әсер қалдыратыны сөзсіз. Сол концерттен кейін Кеңқияқ мұнай-газ өндіру басқармасы Нұрағаңа үлкен қонақасы берді.
Қонақасыдан кейін мұнайшылар қонақүйінің люкс нөмірінде Нұрағаңмен еркін отырып әңгімелесудің сәті түсті. Нұрғиса 1925 жылы дүниеге келген, 1943 жылы әскерге алынып, Жеңіс күніне дейін соғысқа қатысқан, бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған, бірнеше рет жарақатты болып, емделіп соғысқа қайта кірген.
— Менің оққағарым бар, неше рет жарақаттанғанда бір оқ та жанды жеріме тиген жоқ, әсіресе неміс пулеметінің бір оғы кіндіктен сәл төменіректен кіріп, арт жақтан, омыртқаның жанынан шыққанда да ішкі органдардың біреуіне де тиген жоқ, — деп, көрсеткенде оқтың кірген жерінде оймақтай ойық бар да, шыққан жерін опырып алақандай тыртық қылып кетіпті (Шын мәнінде Нұрғиса 1927 жылы дүниеге келген, соғысқа кету үшін құжаттарын 1925 жылғы деп жаздырып алыпты!). Келесі күні, таңертең қонақүйде 4-5 адам шәй ішіп отырғанбыз, бір кезде Жұбаназаров Атажан кіріп келді де: «Ой, арысым-ай, бар екенсің ғой, аман-есен жүрсің бе?» деп диванда отырған Нұрғисаны құшақтап: «Мынадай құлақты адам жүз жылда бір-ақ рет туады» деп Нұрғисаның құлағын уқалап-уқалап жіберіп: «Нұраға, Ахмет Жұбановтың өзіңе сыйға тартқан роялін неге біреуге сыйлап жібересің?» деп бос орындыққа отыра кетті. Кешеден бері құлағын уқаламақ түгілі қай жағынан шығып қаламыз деп отырған біз сасып қалдық. Нұрғиса да сәл кідіріп: «Мынау кім әй, бәрін біліп отыр ғой?» деп сұрады. Мен Атажанның осындағы музыка мектебінің директоры екенін, жақсы күйші екенін айтып, қысқаша таныстырып өттім. Ол: «Мен Ахаңның роялін басқа біреуге емес, Ахаңның өзінің атындағы мектепке сыйладым ғой, солай болды» деп ақталды. Сосын Нұрғиса: «Ал күйші болсаң менің бір күйімді тартып берші» деп жанында тұрған домбырасын ұсынды. Атажан күректей қолдарымен, ұзын да салалы саусақтарымен Нұрғисаның «Ата толғауын» әдемі орындап берді. Нұрғиса беріле тыңдап, мәз болып, Атажанның жақсы күйші екенін айта отырып, домбыраны қолына алып, мына жерін дұрыс тартпадың деп өзі тартып көрсетті. Атажан: «Нұраға, 1969 жылы мен бірінші рет Сіздің концертіңізге бардым, сонда Сіз бұл күйді осылай орындадыңыз» деп еді, Нұрғиса: «Одан кейін мен оған шамалы өзгеріс енгіздім ғой» деп күлді (Нұрғисаның құлағының, қолдарының үлкендігін жоғарыда айтқанмын, ал Атажанның құлағы есімде жоқ, бірақ қолдары үлкен, саусақтары салалы болатын. Ал үлкен құлақ тек композиторларға ғана беріледі деген де бар. Қарап отырсаңыз, Шәмшінің құлағы да едәуір үлкен ғой).
Сонымен, келесі күні оркестрді үш автобуспен Темір қаласына шығарып салып, Нұрғиса екі адамымен, Атажан, Шұбарши кенттік Кеңесінің төрағасы Есенаманов Беркін бар, екі «Волга», бір «Нивамен» Темірге қарай біз де шықтық. Қалаға 5-6 шақырым қалғанда Нұрғиса машинаны тоқтатып, алыстан көрініп тұрған Темірге қарап: «Пай-пай, жарықтық, Ахаңның (Ахмет Жұбановтың) туып, өскен, еңбек жолын бастаған жері ғой, мен бұл қалаға шаңдатып машинамен кірмеймін, жаяу барамын» деп Атажанды ертіп, тамыз айындағы жусанның шаң-тозаңын кешіп жаяу кетті. Сол мезгілде қасында партия комитетінің хатшысы М. Кириченко, жұмысшылар комитетінің төрағасы Ж. Әбдіхалықов бар, совхоз-техникумның директоры М. Балғынов келіп, Нұрғисамен амандасып еді, бірақ әп дегеннен екеуі келісе алмай қалды. Өнер адамы өзінің өрлігін жасады, совхоз директоры оны көтере алмады, сол кездің өзінде бүкіл дүние жүзіне танымал тұлғаның бір ауыз сөзін көтеруге де болатын еді… (Бұл келіспеушілік туралы 2018 жылы жарық көрген «Заман мен замандастар» деп аталатын кітабымда толық жазғанмын).
Нұрғисаның: «Ахаңның жүрген жеріне шаңдатып, машинамен кірмеймін» деп жаяу кетуінің де себебі бар. 30-шы жылдардың ішінде Ахмет Жұбанов поезбен Алматыға келіп вокзалдан жаяу келе жатып бір үйдің ауласынан домбыраның керемет үнін құлағы шалады да, қақпадан аулаға кірсе алты-жеті жастардағы бір бала екен домбыра тартып отырған. Бұл бала Нұрғиса екен. Ахаң сол жерде баланың анасымен танысып, баланы музыка училищесіне беру керек екенін түсіндіріп, сол жылы Нұрғисаны қолынан жетектеп, училищеге түсіріп, кейін өмірінің соңына дейін Нұрғисаға қамқорлық жасапты. 1945 жылы, соғыстан кейін Нұрғиса әскери қызметті қалап, әскери училищеге түскісі келгенде де жібермей, консерваторияға түсуге көндірген Ахмет екен.
Сол күні кешке Темірде концерт болатын болды да, күндізгі келіспеушіліктің кесірінен басқа шаралардың бәріне де совхоз директоры тыйым салды. Нұрғисаның қасына мәдениет бөлімінің меңгерушісін қалдырып, мен сол бойы аудан орталығына жүрдім. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А. Нұрмұқанов іссапарда болатын, мен келе сала аудандық қонақүйді босаттырып (қазіргі аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты), ондағы 35 орынға қосымша, бөлмелерге койкалар қойып 50 ге жеткізіп, аудандық тұтынушылар одағының асханасына (қазіргі «Жәмила» сауда үйі) кешкі ас дайындатып, Нұрғисаның өзін аупартком ішіндегі (қазіргі аудан әкімдігінің ғимараты) екі орындық демалатын бөлмеге орналастыратын болып шештік.
Темірде де халық көп жиналып концерт керемет өтіпті. Совхоз директоры мен композитордың арасындағ әңгімені тұрғындар естіп, ақсақалдар музыканттарды үй-үйге бөлетін болып, концерттен кейін бәрі Нұрғисаны күтіп алып: «Нұрғиса, директор халық емес, қазір ешқайда кетпеңдер, бәріңді бөліп-бөліп түсіретін үйлер дайындап қойдық, қонақ асыларыңды жеп, аудан орталығына таңертең жүріңдер» депті (Бүгінде мәселені осылай шешетін ақсақалдар бар ма?!). Нұрғиса ақсақалдарға, жиналып тұрғандарға рахметін жаудырып, қазір ауданда күтіп отырғандарын айтып, мәдениет бөлімінің ескі автоклубымен тарсылдатып түнгі сағат 12, 1-дің шамасында Шұбарқұдыққа жетті.
Келесі күні аудан орталығындағы концерт те жоғары дәрежеде өтті, халық көп жиналды, аудан атынан Нұрағаңа ат мінгізіп, шапан жаптық. Содан кейінгі күні оркестрді Байғанин ауданына шығарып салдық.
Әрине, үш күн Нұрғисамен, «Отырар сазымен» жүргенде көргендерім де, көңілге түйгендерім де көп еді, бірақ мамандарға болмаса қалың оқырманға оның көп қызық болмауы да мүмкін. Бірақ бүгінгі күнге дейін таң қалатыным, Нұрғиса өзінің жасын, беделін, өнер ұжымындағы адам санының, өздерімен бірге алып жүретін сахналық киім-кешектің, музыкалық кұрал-жабдықтардың көптігін сылтау етіп, осы гастрольге шықпай қалуға да мүмкіндігі бар еді ғой деп ойлаймын. Қазір танымал үлкен өнер ұжымдары әрі кетсе облыс орталықтарына дейін, әрі кетсе 2-3 концерт беретін болар, оған да негізінен кәсіби мамандар, музыкалық оқу орындарының студенттері, өнерге жақын басқа да студенттер болмаса жалпы тұрғындар, әсіресе ауылдық жерлерде тұратындар сырт қалып жатқаны анық. Ал театр, опера, балет туралы әңгіме мүлде бөлек.
Ертеде сал, серілер, жыршы, жыраулар, күйшілер, ақындар, палуандар, басқа да өнерпаздар елді аралап жүріп, қона жатып өнерлерін көрсетіп, өздері соны байқамаса да қаншалықты эстетикалық, патриоттық, ұлттық тәрбие беріп отырған. Ел де оларды аяқтарын жерге тигізбей күтіп алып, барлық жағдайларын жасап, сый-сыйапат көрсетіп ерекше құрметтеген. Міне, халқымыздың ертеден келе жатырған керемет салт-дәстүрі жиырмасыншы ғасырдың басына дейін жетіп, бүгінде бәрі де есепке, қаржыға байланысты болып кетті. Адам баласы дүние есігін ашқанда айтылатын өлең мен жер қойнына кіргенде айтылатын өлеңге дейін (Абайша айтқанда) сатулы болып кетті. Мүмкін солай болу керек те шығар.
Н. ӨТЕПОВ,
Еңбек ардагері.