«МУЗЕЙ ТҮНІ -2024»

0
51

18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай Темір адандық музейінде «Музей түні – 2024», «Өткеннің қазынасы – болашаққа» атты музей түні шарасы аталып өтті.
Шараға Темір ауданы әкімінің орынбасары, ауыл ардагерлері, білім және мәдениет саласының өкілдері, ауыл тұрғындары, ауыл жастары және жас бүлдіршіндер қатысты.
Бағдарламаға сәйкес, алдымен шара қонақтарына музейдің тарихи, археология – этнографиялық және әлеуметтік-экономикалық залдарында орналасқан құнды жәдігерлер мен тарихи деректер таныстырылып, экскурсия жүргізілді. Айта кету керек, мереке қарсаңында ауданның бірқатар азаматтары жеке иелігіндегі құнды жәдігерлерін музей қорына тапсырды.
Сонымен қатар, ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, қолөнер шебері Нұрлан Жақыбаевтың «Өткеннің қазынасы – болашаққа» атты көрмесінің таныстырылымы өтті.
Шараның екінші бөлімінде, Темір ауданы әкімінің орынбасары Қ.Нұралы шараға қатысушыларды мерекемен құттықтап, аудандық музей қызметкерлері Н.Қуанбаев пен А.Шангерееваға аудан әкімінің алғыс хаттарын тапсырды және аудандық музейге естелік сыйлық тарту етті.
Бұдан кейін, Шұбарқұдық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Нұғыманов сөз сөйлеп, өзінің жылы лебізін білдірді. Қонақтарға Шұбарқұдық балалар саз мектебінің өнерпаздары ұлттық ән мен күйден шашу шашып, шара қатысушыларының ыстық ықыласына бөленді.
Музей түні шарасының негізгі бөлімінде «Сармат көсемі» «Алтын адамның ұрпаққа аманаты» атты шағын қойылым қойылып, қонақтарға ерекше әсер сыйлады, көңілге қонымды ой салды.
Шара соңында, Темір аудандық музейінің директоры Б.Адилханов аудандық музейдің ұйымдастыруымен өткен «Біздің үйдегі көне жәдігер» байқауының жеңімпаздарын марапаттап, арнайы дипломдар мен қаржылай сертификаттар табыс етті.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.