ЕЛ МАҚТАҒАН дәрігер
КӨПШІЛІК «ЛИЗА» ДЕП АТАЙТЫН ОЛ ТУРАЛЫ МЕН, ШҰБАРҚҰДЫҚТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, АҚСАЙ МЕН ҚОПА АУЫЛЫНЫҢ ҚАРАПАЙЫМ ТҰРҒЫНДАРЫНАН ДА, ТАЛАЙ ЖЫЛЫ СӨЗ ЕСІТІП ЖҮРЕТІНМІН. КӨБІНЕ АТАЛҒАН АУМАҚТЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ: «ЛИЗАҒА ҚАРАЛДЫМ НЕМЕСЕ «БАЛАМДЫ ЕЛИЗАВЕТА АЙДАРБАЙҚЫЗЫНА КӨРСЕТІП АЛДЫМ…» ДЕГЕНДІ ЖИІ АЙТАТЫН. МЕН МҰНЫ: «АУДАНДЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ДӘРІГЕР-ПСИХИАТРЫ ЕЛЕЗАВЕТА АЙДАРБАЙҚЫЗЫ АСАЛОВА, ІЛГЕРІДЕ СОЛ ЖАҚТАРДА ДА ЕҢБЕК ЕТКЕН ЕКЕН ҒОЙ…» ДЕП БОЛЖАЙТЫНМЫН. СӨЙІТСЕМ ЕЛЕЗАВЕТА АЙДАРБАЙҚЫЗЫ, ДӘРІГЕР ЖЕТІСПЕГЕНДІКТЕН, ҚАЗІР ДЕ ҚОПА АУЫЛЫНДА ЖАСАП, АУДАН ОРТАЛЫҒЫ МЕН АҚСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ҚАТЫНАП ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ ЕКЕН ҒОЙ. МЕН МҰНЫ, ЕЛ МАҚТАҒАН ДӘРІГЕРДІ ӘДЕЙІ ІЗДЕП БАРЫП, ӨЗІМЕН СҰҚБАТТАСҚАНЫМДА БІЛІП, ОНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МОЛ ОСЫНШАМА БІРНЕШЕ МІНДЕТТІ МҮЛТІКСІЗ АТҚАРЫП, ҮЛГІРІП ЖҮРГЕН ЕҢБЕКСҮЙГІШТІГІ МЕН БІЛІКТІЛІГІНЕ РИЗА БОЛДЫМ. ЖАЛПЫ, СҰҚБАТ БАРЫСЫНДА ЕЛИЗАВЕТА АЙДАРБАЙҚЫЗЫ МЕНІ ОСЫНДАЙ ТАҒЫ БАСҚА ДА ЕРЕКШЕ ҚАБІЛЕТТЕРІМЕН ТАҢ ҚАЛДЫРА ТҮСТІ.
Нақтырақ айтсам, таңертең ертерек барып сұқбат алуды жоспарлаған менің, Е.Асалованың алдына кіруім оңай болмады. Таңғы сағат 09. 30. шамасында науқастарды қабылдап жатқан оның кабинеті есігінің алдына барып: «Соңы кім?..» деп сұрағанымда, менің кезегім он бірінші екенін білдім. Мен келіп, кезекке тұрғанымнан бұрын, Елизавета Айдарбайқызы жеті-сегіз адамды қабылағанынан хабардар болып және менен соң да осыншама кісі кезекке келіп тұрғанда тағы да іштей: «Шынымен де, осынша адам осындай ауру бойынша қаралуға келген бе?..» деп таңырқап, жанымдағы кезек күтіп отырған кісілерден суыртпақтап сыр тартып көргенімде,олар маған дәрігерлер жетіспегендіктен, ол терапавет пен кардиологтың да міндетін атқаруға мәжбүр екендігін айтты.
Қысқасы, сағат 11-лерге жақындағанда кезегім келіп, кабинетке кіріп, өзімді таныстырып, келген жұмысымды айттым да: «Елезавета Айдарбайқызы, сіздің жұмысыңыз көп екенін көріп, кезекпен кіріп едім. Менен кейін де бірталай науқастар кезекте тұр. Қазір мен сізден сұқбат алатын болсам, сіздің жұмысыңызға да, науқастарға да кедергі болатын түрім бар. Сондықтан қолыңыз сәл босайтын кезіңізді айтыңыз, мен сол кезде келіп сізден еркін отырып, сұқбат алайын» дедім. Ол да мені түсініп: «Иә, аға, түстен кейін сағат 3-тердің шамасында келе аласыз ба? Сол кезде қабылдайтын науқастарым сәл азаяды» деді. Мен оның осы сөзімен келісіп, сол уақытта келдім. Расында да, бұл кезде кісі аяғы азайады екен. Сондықтан еркін отырып, сұқбат ала бастадым. Алайда шамамен 20 минут өтер-өтпестен кенеттен жедел түрде шақыру келіп қалып, ол менен кешірім сұрап, кезектегі науқастың үйіне көлікпен аттануға мәжбүр болды.
Дегенмен мен, осы 20 минут ішінде ол туралы бірталай мәлімет алып үлгірдім деп ойлаймын. Елезавета Айдарбайқызы Асалова 1984 жылы туылып, Жаңаөзен қаласындағы № 1-ші Төлесін Әлиев атындағы орта мектепті 2001 жылы бітірген соң, Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медициналық Академиясының емдеу бөліміне оқуға түскен екен. Бұл оқу орнын 2008 жылы аяқтаған бойдан Ақтөбе облыстық психоневрологиялық диспансеріне дәрігер-психиатр болып жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастайды. Осы жерде қысқа уақыттың ішінде жас та болса өзінің білікті дәрігер болып қалыптасып келе жатқанын таныта білген оны, 2010 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медициналық Университетінің басшылығы, оқу орның нейрохирургия, психиатария және наркология кафедрасы курсына ассисент болуға шақырған. Осы Университетте еңбек етіп жүріп, Темір ауданының жігіті, бүгінгі өмірлік жолдасы Ғабит Шамиевке тұрмысқа шыққан. Сондықтан 2015 жылы Темір аудандық ауруханасына дәрігер-психиатр болып жұмысқа ауысыпты.
— Содан бері осы жерде еңбек етіп келемін. Отбасымызда 6-сыныпта оқитын Ислам, 4-сыныптағы Гүлім, 2-сынып оқитын Инкар және 0-ші сыныптағы Оразалы есімді төрт перзентіміз бар. Әдепкіде, аудан орталығы мен Ақсайға қатынау қиындау соққаны рас. Бірақ келе-келе үйреніп кеттім. Жолдасымның көлігі бар, қажет кезінде дайын тұрады, бәріне үлгіремін. Ақсайға айына 2-3 рет барып, ауырған-сырқағандарды емдеп, жаңа туылған балалардың, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығын тексеріп тұрамын.
Менің: «Сіз қазір мына жерде де бірнеше дәрігердің міндетін атқарып отыр екенсіз. Бұл сізге қыйын соқпай ма?» деген сұрағыма, ол: «Біріншіден бізді Академияда мейлінше барлық мамандық бойынша кең түрде оқытқан. Екіншіден, біздің ауданымызда дәрігер жетіспейтінін сіз де білетін шығарсыз. Үшіншіден, дәрігер де адам, ол да дем алуы керек. Қазір жаз айында бірқатар әріптестерміз кезекті еңбек демалысына шықты. Сондықтан мен осының бәрін көріп-біліп отырып, басшылық қолқа салса, неге бас тартуым керек? Өйткені мен Гипократ антын қабылдаған дәрігермін ғой. Кез келген жағдайда, қанша ауыр болса да, қиналған науқасқа жәрдем беру — ¬¬ менің ең басты міндетім» деп жауап берді.
Иә, кәсібін шебер меңгеріп, өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарайтын осындай жаны таза жандармен сұқбаттасқанда, өзіңнің де көңілің көтеріліп, тәуелсіз еліміздің болашағына сенесің. Оның үстіне осындай адал жандар ауданымызда, дәл жанымызда жүргенін білгеніңде, әлгі сенімің екі есеге арта түседі.
Мен оның 1 минут те бос уақыты болмай тұрса да, тұтастай 20 минут алтын уақытын бөліп, сұқбат бергенін қанағат тұттым және риза болдым. Осының өзі оның, жоғары білімді де мәдениетті дәрігер ғана емес, адамгершілігі мол қарапайым жайсаң жан екенін көрсетті. Әрқашан аман бол, қарындасым! Елімізде өзің сияқты жаны таза ақ халатты абзал жандар көп болсын!
Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ.