БАБАТАЙДА БАБАЛАР РУХЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

0
35

ШЕЖІРЕ МЕН ТАРИХ ЕГІЗ. ТАРИХ – ӨЗІНІҢ БАСТАУЫН ШЕЖІРЕДЕН АЛАДЫ. КЕЗ КЕЛГЕН ДӘУІРДЕГІ ҒАЛЫМДАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ ТАРИХТЫ ЖАЗҒАНДА ШЕЖІРЕНІ АЙНАЛЫП ӨТЕ АЛМАҒАН. ОҒАН ӘРІГЕ ҮҢІЛЕ БЕРМЕЙ-АҚ, ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ШЫН ӨМІРБАЯНЫН ЖАЗҒАН АТАҚТЫ РАШИД АД-ДИН МЕН КЕШЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕГЕН ЕУРОПА, РЕСЕЙ, ҚЫТАЙ Т. Б. ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ БӘРІ, ЕҢ АЛДЫМЕН ШЕЖІРЕГЕ АРҚА СҮЙЕГЕНІ АЙҒАҚ. ДЕГЕНМЕН, БӨТЕН ЕЛДІҢ ТАРИХШЫЛАРЫ ҚАЗАҚТЫҢ АРҒЫ-БЕРГІ ӨМІРІН ЗЕРТТЕГЕНДЕ, КӨБІНЕ ЕУРОЦЕНТРИСТІК НЕМЕСЕ ШОВОНИСТІК КӨЗҚАРАСҚА АУЫП, КЕЙБІР ДЕРЕКТЕРГЕ ЖЕТЕРЛІК КӨҢІЛ БӨЛМЕЙ, АТҮСТІ ҚАРАСА, ЕНДІ БІРІН ӘДЕЙІ БҰРМАЛАҒАН КЕЗДЕРІ АЗ БОЛМАҒАН. ОНЫҢ ҮСТІНЕ, ТҮРЛІ КЕЗЕҢДЕРДЕГІ АЛАСАПЫРАНДА, ҚАҒАЗҒА ТҮСКЕН ШЫНАЙЫ ДЕРЕКТЕР ЖОЙЫЛЫП, ЕЛ ЖАДЫНДА КӨМЕСКЕЛЕНІП КЕТКЕНІ ДЕ РАС. КЕҢЕС КЕЗІНДЕ, ТІПТІ ШЕЖІРЕНІ АЙТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНЫП, ЖАЗЫЛҒАН КІТАПТАРДЫ ӨРТЕГЕН ТҰСТАР ДА БОЛҒАНЫ ШЫНДЫҚ. БҰЛ КЕМШІЛІКТЕРДІ ТҮЗЕП, ОЛҚЫЛЫҚТЫҢ ОРНЫН ТОЛТЫРУҒА ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫ ЖАППАЙ ҚҰЛШЫНА КІРІСКЕНІ ҚУАНТАРЛЫҚ ЖАЙТ. СОЛ ИГІЛІКТІ ІСКЕ КӨП ЖЫЛДАРДАН БЕРІ ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСУ ҮШІН ТЫНБАЙ ІЗДЕНІП КЕЛЕ ЖАТҚАН АЗАМАТТАРДЫҢ БІР ТОБЫ — ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТ БОЛЫП ҚАЛЫПТАСУЫНА ЕЖЕЛДЕН ЕРЕКШЕ ЫҚПАЛ ЕТІП, ҮЛЕС ҚОСЫП ЖҮРГЕН КӨЗІ АШЫҚ, КӨКІРЕГІ ОЯУ БҮГІНГІ ӨКІЛДЕРІ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ.

Жуықта осы топ, көпжылдық зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелерін жариялау үшін ауданымыздың Бабатай елді мекеніне келді. Бұл тарихи маңызы зор оқиғаға жергілікті тұрғындар тыңғылықты дайындық көріп, тек Ақтөбе облысының ғана емес, сонымен қатар бүкіл Қазақ елінің бірқатар елді мекендерінен шежіреге қызығушылар жиналды. Жиынға дайындық кезінде шұбарқұдықтық Жанболат Сәндібайұлы, Бабатай ауылына Байсары Кете Мамыт-Түйте бабаға арнап, кесене тұрғызу мен қара мәрмір тасқа ұрпақтарының қысқаша шежіресін жазу идеясын ұсынып, бүкіл ағайын-туыс шамасы келгенше жұмыла қаржы жинап, құрамында Әбілғазы мен Ғабдол сияқты тағы басқа қолы шебер құрылысшы жігіттері бар Мұрат есімді азамат бастаған құрылысшылар бригадасы, аз уақыттың ішінде аталған ұсынысты іске асыра білді. Сондай-ақ жиын өтетін алаңға 5 үй тігіліп, жиналған қауымға аяқтарынан тік тұрып қызмет етіп дегендей, жалпы халық ұйымшылдықтың асқан үлгісін көрсетті.
Жоғарыда аталған кесенені салтанатты түрде ашу рәсімімен басталған жиында, Қызылорда облысының Төретам қаласынан келген, шежіре зерттеуші, этнограф Кенжебай Жантуаров сөз сөйлеп, көпшілікке Кете тайпасын зерттеу жұмыстарын зерттеудің алғашқы нәтижелері туралы қызылордалық ақын, шежіреші Әбсәләм Омаров арнайы кітап жазып жатқанын жеткізді.
— Біз, жалпы қазақ халқының шынайы тарихын қалыптастыруға өз үлесімізді қосу үшін, жұмысымызды одан әрі жалғастыра береміз, — деді өз сөзінде К. Жантуаров.
Сонымен бірге батыстағы Құлсары өңірінен келген Түйеші ақсақал да шежіре мен тарихтан біраз деректерді қозғап, жалпы барлық Кетенің шыққан тегі мен шежіресі және тарихы, тағдыры бір екенін нақты деректермен айтып, қазақ халқы ешқашан руға бөлінбей, керісінше рулардан құралып, тату-тәтті жасағанын, соның арқасында осындай іргелі елге айналғанын айтып өтті. Ал жергілікті қоғамдық тілші Нұрсұлтан Ілиясов, осы жиынға байланысты арнайы шығарған өлеңін көпшілікке оқып берді. Жиында төретамдық К. Жантуаровтың қарындасы Ләззәт есімді жыршы қыз, домбырамен мазмұны терең термелерді бірінен соң бірін құйқылжыта орындап, жиналғандарды тәнті етті. Жиынға көрші Қарғалы мен Мартук аудандарыннан, Ақтөбе қаласынан журналистер мен операторлар және блогерлер де қатысып, жиынның соңы ас беруге ұласып, ақтөбелік дінтанушы, қари Айбек Аманжол әруақтарға бағыштап құран оқыды және сыйлы қонақтар мен ұйымдастырушыларға сый-сияпат табысталды.
Жалпы бұл жиын, ұмытыла жаздап барып, тәуелсіздік алғанымыздан соң қайта қолға алынған тарихымыз бен шежіремізді қайта қалпына келтіруге тек ғалымдарымыз ғана емес, қарапайым халық та ынталы екенін көрсетті.
Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ.