Ауылдастарым менің

0
51

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ҚАЗАҚТА «ЖЕТІ АТАСЫН БІЛМЕГЕН ЖЕТІМДІКТІҢ БЕЛГІСІ» ДЕЙТІН ҰҒЫМ БАР. БҰЛ ТЕГІН АЙТЫЛМАСА КЕРЕК. ЕЛІМІЗ ЕГЕМЕНДІК АЛҒАЛЫ ОҢ-СОЛЫМЫЗДЫ ТАНЫП, ЕСКІ ЖОРАЛҒЫ, ҰМЫТ БОЛЫП БАРА ЖАТҚАН САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ ТҮГЕНДЕП, ЖАСТАРҒА ТАТЫМДЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕ БЕРЕ БАСТАДЫҚ. СОНЫҢ БІРІ ДЕ, БІРЕГЕЙІ – РУЛАР ЖӨНІНДЕГІ НАНЫМ,ТҮСІНІКТЕР. ТІПТІ ӘРІГЕ БАРМАЙ-АҚ, СОҢҒЫ ЕКІ-ҮШ ЖЫЛ БЕДЕРІНДЕ ТЕМІР АУДАНЫНЫҢ ҚАЙЫҢДЫ, АЛТЫҚАРАСУ АУЫЛДАРЫНДА РУЛАС АТА-БАБАЛАРЫНА АС БЕРУ ДӘСТҮРІ ӨТКІЗІЛДІ.
БИЫЛ ДА ОСЫ ІЗГІ БАСТАМА ӘРІ ҚАРАЙ ЖАЛҒАСЫН ТАППАҚ. КЕЛЕСІ МҰНДАЙ ИГІ ШАРА, ЯҒНИ ҚҰРМАНҚОЖА-ТӨЛЕК РУЛАРЫНАН ШЫҚҚАН ҰРПАҚТАРДЫҢ БАС ҚОСУЫ ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ 3-4 ЖҰЛДЫЗЫНДА ТАСҚОПА АУЫЛЫНДАҒЫ КҮКІРТТІ ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ КЕЛІНТӨБЕ ДЕГЕН ЖЕРІНДЕ ӨТЕДІ ДЕП ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР.
МЕН ОСЫ АУДАННАН ШЫҚҚАН ЗИЯЛЫ АЗАМАТТЫҢ БІРІ, АҚЫН РЕТІНДЕ ТЕРЕКТІГЕ, ОНЫҢ АБЗАЛ АЗАМАТТАРЫНА АРНАЛҒАН БІР ТОП ЖЫРЛАРЫМДЫ ҰСЫНЫП ОТЫРМЫН. ҚАБЫЛ АЛЫҢЫЗДАР.

                                                            АУЫЛҒА  ХАТ

 

Елден ерте кетіп көп жұғыспадым,

Сол үшін де ұлыңа ұрыспағын.

Үшбу хаты жолдаймын ауылға мен,

Қайда менің аталас туыстарым?

 

«Ел аман ба?»  сол менің сұрар жайым,

Бір бүйірде сақталып, тұрар дәйім.

Танаубайдай атамды неге айтпаймын,

Ат үстінде отырар қырандайын.

 

Солтай қарт та жан еді өнегелі,

Ұрпағы бар кең жайған керегені.

Карта ойынға құмарлау болғанымен,

Етік, мәсі тігетін шебер еді.

 

Үй-күйім бар, болсам да жанұялы,

Мен аңсаймын сол ауыл, сол ұяны.

Таба алмайсыз күндіз де шаммен іздеп,

Айнияздай шежіре қарияны.

 

Көп болғанмен досым да, сырласым да,

Келемін деп айта  алман жылда осында.

Майжан атам үн-түнсіз  жатыр ма екен,

Қымтап қойып көрпесін қыр басында?!

 

Төсеніш қой көк майса құрағың да,

Таныс маған өзен-көл, бұлағың да.

Кім білмес Қанафина Бәтиманы,

Ойнаған техника құлағында.

 

Кезікпейміз, жолымыз тоғыспайды,

Сондықтан ба біздерден алыстайды.

Бүйра шашын қайырып кейін қарай,

Отыратын кім білмес Қонысбайды.

 

Жатырқады демеймін қала бізді

Ауыл біздің өсірген санамызды,

Қазағым деп шет жерден көшіп келген,

Төлеубайдай білем мен ағамызды.

Жан емес жүретұғын дауға ілініп,

Жатса да қозғалмайтын  тау бүлініп.

Мал баққан қырдың қара қазағы еді –

Жаны жайсаң ол – Баян Таумұрынов.

 

Бақытты аға болса егер сұрар  іні,

Жаңғырығып құлақта тұрады үні.

Тапал депті білмеймін жеңгелері,

Бір кісідей бойы бар Жұмалыны.

 

Жаңғыртып ақыл-ой мен санамызды,

Ұшырды қанат  байлап дала бізді.

Кеңседе шотын қағып отыратын,

Білем мен Күшікбайдай ағамызды.

 

Қонақ деп қай кезде мен тосылғанмын,

Інінің еркелігін жасырған мың.

Шопыр қайным деп анам атап кеткен,

Нұрдәулет те бірі еді асылдардың.

 

Түбіне ешкім өмірдің жеткен емес,

Найзағайдай жарқ етіп өткен елес.

Көңіл босап бәріңді еске аламын,

Аты аталмай қалғандар өкпелемес.

 

Теңеймін зор тұлғалы, ірілерге,

Болса ертеңі жоқтығы білінер ме?!

Сөндірмей ошақ отын қалдырды олар,

Жер басып жүрген мынау тірілерге!

 

Шықпасын ел ішінде жаман атың,

Азамат деп ат қойып бағаласын.

Сенімін ата-баба ақтаңыздар,

Жеткізіп болашаққа аманатын.

 

Дей алман лауазымды тақ ұстадым,

Арды сатып ешкіммен жарыспадым.

Жаннатта болсын деймін жандарыңыз,

Дұға етіп осы жырды бағыштадым!

 

          ПАРТБИЛЕТ

немесе  әкемнің құрдастары

 

Үйір емес дау-дамай шатағыңа,

Қызықпаған мансапқа, атағыңа.

Менің әкем соғыста қырық төртте,

Өткен екен партия қатарына.

 

Достарға әзіл айтатын бұрын ептеп,

Екі  сөздің сонда да бірін екшеп.

Партбилетін елу жыл, о, құдырет –

Төс қалтада сақтады құрметтеп.

 

Өткенді айтса біреулер алып-қашпа,

Қауесетке мән беріп, ол ұқпас та.

Отыратын жәй ғана тыңдаушы боп-,

Сан жауаптар тұрса да толып баста.

 

«Қандай ой бар зымиян араныңда,

Адастың ба айдың күні аманында.

Өткенге күл шашуға бола ма екен,

Бәрі дұрыс өз уақыт заманында».

 

Қарсыласпай дейтін де сен білесің.

Сан ашуын ақылға жеңдіретін.

Ақымақпен айтысып нем бар менің,

Осы ойын ол жанардан сездіретін.

 

Қар да жауып, өңірді гүл басқаны,

Таныс әрбір терегі,  сырлас бәрі.

Адал дос деп аспанға көтеретін,

Жан әкемді  бірге өскен құрдастары.

 

Бірін-бірі шын досқа балағандар,

Нұрмұхан бар, Байзақ бар, Жоламан бар.

Аруақтары риза болсын деймін,

Бір-бір төбе бұл күнде сол адамдар!

 

Кетсе де олар оралмас сапарына,

Шындық шықпай жарыққа жатады ма?!

Қатты әзілдеп жүретін Қошымды мен,

Қосар едім сол достар қатарына.

Сескенбейтін көз шығып шарасынан,

Ешкім оны алмайды жағасынан.

Кім кездессін  тұра қап айтады екен,

«Егінбайдың келем деп қарасынан».

 

Ешқашан қайғы-мұңға тірелмепті,

Құдайдың берген жасын сүрем депті.

Орайы  келген сәтте аясын ба,

Әкем де оған есесін жібермепті.

 

…Орта ферма, жол ұзақ, үй де алыста,

Терлеп кеткен түсіп тұр қиналысқа.

Рұқсат па деп  Қошекең кіріп кепті,

Кезекті партиялық жиналысқа.

 

Совхоз жайын аралап, біз барладық,

Маңызы зор шаруалар тұрған да анық.

Не істейміз депті мынау азаматқа,

Ауданнан келген өкіл ызғарланып.

 

Бас қосуға қажет-ақ  ұқыптылық,

Көрсетіп осы арада пысық қылық.

Кешіккен бұл сабаздың обалы жоқ,

Ату керек депті әкем ұшып тұрып.

 

Көзден бұл-бұл ұша ма мына жалған,

Жазам менің осы ма сұрап алған.

Бір қызарып, бозарып Қошекең тұр,

Зал сілтідей бір сәтке тына қалған.

 

Нысанаға тиді деп сының қатты,

Талайлар еріндерін жыбырлатты.

Құрдастардың бітпейтін әзілі деп,

Біреу мұрын астынан сыбырлапты.

 

Шықтым деп  күрмеулі істің тұйығынан,

Ауыр жүк түскендей ме иығынан.

Қошекең бос орынға жайғасыпты,

Күле  қарап өкіл тұр  миығынан.

 

Абыройлы жандар-ды елге тегі,

Туған жердің бесігі тербетеді.

Әкемді мен осылай жырға қоссам,

Тәтті мұңдар еріксіз меңдетеді.

 

Бұлақ болар аршыса жылғаны әлі,

Қор болмас жасы үлкенді тыңдағаны.

Ұрпақтардың алдында әкелердің,

Биіктеп бара жатыр тұлғалары.

 

АҚТАБАН

                                               Ақын тағы өткеннен ой аңдыды,

Қалайша айтпай сіздергеқоям мұны.

Есімде әлі барғаным біріншіге,

63-тің қақаған қоян жылы.

 

Қазір айтсам бұл жағдай сенерлік пе,

Мұны,әрине, теңемен мен ерлікке.

Мал жайымен ауылдан оқшауырақ,

Отырған ек  қыстақта Кенелдікте.

 

Бала шақтың өсіп ем жаттап әнін,

Жалғызбын ғой, бар ма әлде оқ қағарым?!

Алай-дүлей боранда жолды бастап,

Апаратын  мектепке  Ақтабаным.

 

Жалт берсе де өткен күн киіктері,

Өсіп-өндім, тауым да биіктеді.

Ермегім де жалғыз сол болған соң ба,

Ақтабаным мен үшін сүйікті еді.

 

Қолдағының демей ме сыры мәлім,

Сезеді адам ішінің жылығанын.

Тірсегіне жармасып жолаушының,

Бір көрмеппін ит болып ұлығанын.

 

Ақ ұлпаны табиғат сый қылыпты,

Қар да басып жататын үйді мықты.

Сонда да мен мектепке бармаймын деп,

Ата-анама салмадым қиғылықты.

 

Достар шүбә келтірме сөзіме шын,

Ит те болса адал дос сезінесің.

Киім қалың, ораулы беттерім де,

Көзім ғана жылтырап көрінетін.

 

Кәдімгідей жолбасшы осы маған,

Ит еді күшігінен асыраған.

Құйрығынан ұстап ап жүре берем,

Көнеді ғой не түссе басына адам.

 

Нық екенін сезсем де қадамымның,

Бүгін ойға сол кезді аламын мың.

Жататын-ды мектептің қарсы алдында,

Күтіп менің біткенін сабағымның.

 

Коридорда айқай-шу, жүгіріс те,

Ол кездерде орын жоқ түңіліске.

Кластастар тұратын Ақтабанды,

Басынан сипап қойып үзілісте.

 

Кейіпкерім ит болса айып бар ма,

Мені сақтау мақсатын қойыпты алға.

Ащыойылдың адаспай өткелінен,

Түсірмеді жылым мен ойықтарға.

 

Көрдім талай желменен жарысқанын,

Еркелеп, әкеммен сан алысқанын.

Тілін жалап, дегендей күлімсіреп:

«Міне, ұлдарың есен-сау табыстадым».

 

Қорықпайтын мылтықты, қылыштыдан,

Көп дейді ғой аңызда ырыс бұдан.

Иттер артық көзімен ұқтыратын,

Сырын бүккен ішіне жымысқыдан.

 

Тағдырдың да бар кейде сараңдығы,

Мысалға алып тұрғам жоқ жалаң мұны.

«Ойнап жүріп, от басар» пенделерге,

Иттің де үлгі иесіне  адалдығы.

 

 

                  ЖЫРШЫ  ИСА

 

Бойға жинап халқымның мол мұрасын,

Тастамайтын жанынан домбырасын.

Пәлсініп те ақы-пұл сұрамайды,

Жырлап кетсе бір таңды таңға ұратын.

 

Ерік өзінде ол кімге бас ұрыпты,

Мен мықтымын дегенді қатырыпты.

Әуені бар ешкімге ұқсамайтын,

Хайролла ағай ұсынар тақырыпты.

 

«Ура» дедік ол кезде мәз еткенге,

Қабақ шыттық кемшілік назы өткенде.

Елде осындай өнерпаз бар екен деп,

Мақтамады аудандық газеттерде.

 

Мал шығынын жырласа сәуірдегі.

Таппаған соң айтсын ол тәуір нені.

Қай басшыға ұнасын сынағаны.

Ол ұстаным кеңестік дәуірдегі.

 

Шәй-су үшін болмады жалдамалы,

Көлгірсуге өтірік арланады.

Бұл жырауды таныды дүйім халық,

Көлдей етіп бермей-ақ жарнаманы.

 

Тыңдадым мен кеште де, ала таңда,

«Өстің ғой сен деуші еді алақанда».

Әкем шопан, Иса ағам көмекшісі,

Бір жылдары отырдық  Балапанда.

 

Адам кейде қиялға беріледі,

Қырық екі жыл кешедей көрінеді

Үйден алғаш алыстап «Октябрьде»,

Бесіншіні оқыған кезім еді.

 

Қала да емес  халқы көп сабылысқан,

Жалғызында тілегі алып-ұшқан.

Ән-жыр айтып көңілін көтеретін,

Анам кейде мұңайса сағыныштан.

 

Тоқталмайын кездейсоқ жат есімге,

Баламын ғой, бірақ сол сәт есімде.

Сөзі түзу, данагөй қария еді,

Исекеңнің көрдім мен әкесін де.

 

Тарихына өлкенің қанық та еді,

Қалт айтпайды айтса егер халық тегі.

Жазға қарай кететін су жағалап,

Дүзбас атам әуесқой балықшы еді.

 

Оған жақын ауылдың алыс қыры,

Өзен-көл ме, айма қпа – таныс түрі.

Ащыойылдың сазаны, шортанына,

Дәл көздеп ап қадайтын шанышқыны.

 

…Жоғалтпай-ақ ілтипат, ізгі жанын,

«Тойың бар ма, кәнеки, қыздырамын».

Деп жүретін  Исекең Тасқопада,

Шімірікпей тастап ап жүз грамын.

 

Жақын тартып жанына жолағанды,

Бір барғанда әкімге балаған-ды.

Өлді деуге қимаймын, ағайындар,

Күнге жүзі тотыққан сол ағамды.

 

          БАЛАЛЫҚ  ШАҚ      

Жанымыз жасыл желек бақтағыдай,

Ұмытқаннан өткенді сақта құдай.

Сағынышыммен сары ала еске аламын,

Сол балалық алаңсыз шақтарым-ай!

 

Мақсат қойса неге адам сескенеді,

Жақсы-жаман өздері-ақ екшеледі.

Алғаш сонда ашқаным білім қуып,

Теректінің бастауыш мектебі еді.

 

Шуға бөлеп шәкірттер маңайымды,

Кеңейтті ғой көкірек-сарайымды.

Қалам беріп, оқытқан әліппені,

Есіме алам Хайролла* ағайымды.

 

Не бар қымбат аялы алақаннан,

Құлагерін дайындап ала таңнан.

Сабағымнан қалдырмай қайран әкем,

Мені тасып оқытты Балапаннан*.

Ол кезеңнің мықты еді шопандары,

Анашымның мойнында отар қамы.

Сол бір сурет санамнан өшпейді бір,

Кем көрмеймін таксиден ат арбаны.

 

Білу керек жүрер жол, бағытты анық,

Қыран құстай қомданып, шабыттанып.

Оқышы ұлым, біздерге алаңдама,

Дейтін жолда делбені қағып-қағып.

 

Сен дегенде мына өмір тарылмасын,

Бәрі ақжарқын туыстай қабылдасын.

«Жары құдай жалғыздың» деуші еді ғой,

Жоқ іні, ағаң, апаң мен қарындасың.

 

Қойлы ауылға түсіріп екіндіні,

Жетсек дейміз әйтеуір, кешір мұны.

Әкем сондай бақытты көрінетін,

Шыт сөмкемен қасында кекілді ұлы.

 

Оқушыдай ең жақсы баға алатын,

Ей, балғын шақ, жиі еске ораласың.

Өзің әке куәсің бәріне де –

Жүзеге асты бүгінде аманатың.

 

Сирек көрем өзіңмен замандасты,

Біреуінің ұлы кеп амандасты.

Содан бері алпыс жыл зыр етіпті,,

Жалғызың да жетпіске қадам басты.

 

Сезіп өстім әкелік өнегеңді,

Ол ұрпаққа жалғаса берер енді.

Сол ұлыңның жайылды жапырағы,

Көріп кеттің үш бұтақ – немереңді.

 

Сол міндетті талпындым ақтағанша,

Арым үшін түстім де от та болса.

Шаңырағымның  шоғын мен сөндірмеспін,

Ақтық демім таусылып, тоқтағанша.

 

*1.Хайролла Евесов— менің алғашқы ұстазым

*2.Балапан— Темір ауданы «Теректіге» жақын елді мекен

 

                   ТЕРЕКТІ                

Ел-халқы құда-жекжат бірлікте өскен,

Бойында Ащыойылдың тірлік кешкен.

Теректім, халің қалай, аманбысың,

Әкемнің туған жері, кіндік кескен!

 

Сөз алса өзің жайлы тосылды кім,

Байқаймын аңсап жүрген секілдімін.

Бастауыш мектебіңде білім алғам,

Кешіргін, бармай кетті кекілді ұлың.

 

Түсінер ұрпағының жанын ізгі,

Жоғалттың қанша зергер-абызыңды.

Құмды дала, жусандар арасынан,

Тергем талай жуаң мен сағызыңды.

 

Жастығымның қалғандай бәрі осында,

Суға түстік, құмға аунап жағасында.

Түнге қарай қабандар жүретін-ді,

Қалың қамыс ішінде нанасың ба?

 

Егер менен тәптіштеп сұраса анық,

Кеппеді дер ем сол жылдар сиясы анық.

Қойлы ауылда жүретін қарлығаштар,

Шаңырағына киіз үйдің ұя салып.

 

Ұмтылар болашаққа адам дәйім,

Зор үмітпен биікке қонардайын.

Жатыр ма сырын әлі бүгіп ішке,

Орта ферма, Шиліаша, Сазанбайым.

 

Қасиет бар киелі қонысыңда,

Қонақтарды баста әкім, жол ұсын да.

Таңдайыңды қақтырар кереметтер,

Бекет, Көптам,Қызылжар,Қомытыңда.

 

Кереғарлық, сүймейтін қайшылықты,

«ДТ» айдаған киімге май сіңіпті.

Қанафиндер әулетін кім білмейді,

Кім білмейді Жоламан Тайшыновты.

 

Білекте күш, бірі еді ол қарымдының,

Хикая етіп айтады ауыл бүгін.

Ақыш ағам қайда екен асауларды,

Жуасытқан шайнаған ауыздығын?

 

Теректі боп қалыпты жәй атағы,

Тек бозторғай шырылы оятады.

Ірі қара, үйір-үйір жылқың қайда,

Қалмаған ба өрісте қой отары?

 

Цифрларға тақтада тұрған байып,

Көз жіберсек қалайша иланбайық?

Шопандар көшін әркез бастаушы еді,

Мәлкеуов, Ыбыраев, Иманбаев.

 

Болатын-ды тұлғалар пейілді де,

Ондай жандар қатары сейілді ме?

Әріптестері оларды ұмытпайды,

Аманатын қалдырған кейінгіге.

 

Отырмаңдар жігіттер малдас құрып,

Дегендейін уақыт та шаң қаптырып.

Алға асығып тұрса да, игі істерді,

Жастарымыз келеді жалғастырып.

 

Бабалардың ежелгі ізгі арманы,

Жерлестердің қызметте шыңдалғаны.

Теректінің байырғы түлектері,

Бар Мәдиі,Жолдасы,Нұржауғаны.

 

Естіліп Бисеновтің жатады үні,

Дәрігер Ақтөбеде Қапановы.

Ескілердің көзіндей елестейді,

Ақылшы қарт,тарихшы Досановы.

 

Әлима шешейіміз аман ба екен,

Бір күні белді түйіп, барам бекем.

Шұбардағы кластас жігіттерім,

Қабақ шытпай жеткізіп салар ма екен?

 

*        *         *

         (әні бар)

Сағыныш деп түсіну керек мұны,

Ақыныңның шықса егер ерекше үні.

Бал шырынды өткізген  жастық шақты,

Әнге қостым мен бүгін Теректіні.

 

Өткен күннің түсінер парқын адам,

Ащыойылың  есімде сарқыраған.

Жерлестердің заңды бір тұлғасындай,

Осы өңірден табылды  АЛТЫН АДАМ!

 

Жаңғырығып жақсы ойлар  санадағы,

Байланыс та тамаша арадағы.

Арман қуып қалаға кеткен ұлдар,

Құмыңа аунап достармен демалады.

 

Масатыдай құлпырған бүгін дала,

Заман басқа, келбетің, түрің жаңа.

Ізі қалған әкемнің Теректімді,

Теңемес ем Ялта, Қырымға да!

 

                КЕРІ  БИЕ

Жинақтайтын  өткенді, деректі де,

Ақындарды қосады ел естіге.

Кері биенің басына шыққым келіп,

Аңсап тұрам жол түссе Теректіге.

 

Батырдайын имеген жауға басын,

Жұрт назарын ерекше аударатын.

Жарты ғасыр біз бұрын шаңғы тепкен,

Кезімізде бұл биік тау болатын.

 

Көз жіберсек сол жылдар ағысына,

Қызушы еді балалар жарысы да.

Шаңғымызды жіберіп, жоқ боламыз,

Кіріп кетіп Ащыойыл қамысына.

 

Қалды ол күндер біздерден жырақ мүлдем,

Десек те сан аңызға құлақ түргем.

Жер тарихын білетін қарттарымнан,

Кері бие атауын сұрап білгем.

 

Ащыойылдың үйрегі, қазы кетіп,

Қыс түскенде уақыттың жазы да өтіп.

Кері бие қамысты паналапты,

Суын ішіп, теуіп жеп, азық етіп.

 

Иесіз мал кешпес те шырын бақты,

Ит-құсың да әйтеуір ұрынбапты.

Қаңтардың да жасқанбай қаһарынан,

Сол кері бие қиналмай құлындапты.

 

Таңқалдырып ауылда барша жұртты,

Жануарың болар ма сонша мықты?

Екеуі де аман-сау, өсіп-өніп,

Жаздың жылы шуағын қарсы алыпты.

 

Шүбәсі жоқ, нығайып сенімім де,

Бұл атауға риза көңілім де.

Жетеді әлі шежірелі тау мен тасы,

Теректіде, ауданым Темірімде.

 

                     ЖЕҢГЕ                                          

 

Берілмейді екінші рет қайта өмір,

Жарастықта екен ғой тек бай көңіл.

Жеңгемізді кетті тастап ағамыз,

Мінездері үйлеспеді әйтеуір.

 

Болды осылай бар мәселе шешілген,

Жылап-сықтап шығармады тосын дем.

Ертеңінен үміт күтіп жеңгеміз,

Қала берді баурындағы қос ұлмен.

 

Салы суға кеткен жандай абдырап,

Еңсесі тік, жүрмеді ол салбырап.

Бағам деген күйеуінің әкесін,

Түсіне де кірмепті ғой ал бірақ.

 

Отбасына бүлік салып жатқанда ұл,

Қимыл да артық жасай қояр шапшаң бір.

Келін мені босағаңнан қумашы,

О дүниеге өз қолыңмен аттандыр.

 

Қарт осылай сөзін үзіп, тоқталды,

Ой емес-ті  күнде айтылар жаттанды.

Босап бір сәт екі иығы селкілдеп,

Тарам- тарам сақалына жас тамды.

 

Әлі-ақ бәрі реттелер бес күнде,

Қалмады деп ойламаңыз ес мүлде.

Ата сізді қартайғанда ғарып қып,

Тентіретіп жібермеспін ешкімге.

 

Мейірімдісің сен келінжан соны ұқтым,

Деді мәз боп ардагері соғыстың.

Біріншісі — жауды жеңу болса егер,

Бұл да маған — көрінді үлкен болып сын.

 

Оралмады жасап ағам кісілік,

Кеш те болса өз қатесін түсініп.

Ал жеңгеміз жетті аңсаған бақытқа,

Отауына қос келінді түсіріп.

 

Жазған қарттың жүрегінің жарасын,

Дарқан жанды мұндай қайдан табасың.

Сол атамыз құшып-сүйіп мәз болды,

Немересін – баласының баласын.

 

Тағдыр солай адам мәңгі тұрмақ па,

Айналғанын көрді үйінің гүл-баққа.

Өзі айтқандай келінінің қолынан,

Кетті алаңсыз мәңгі ұйқыға қыр жаққа.

 

Мен де ілесіп барам жойқын толқынға,

Себеп те жоқ дейтін қартың қорқуға.

Жаратқанға айтатын-ды мың алғыс,

Тұяқ қалды деп ұлымның артында.

 

Сөз айтатын ортада тек татымды,

Басын қосып біріктірген жақынды.

Уа, жігіттер, тілейтінім –көп болсын,

Дәл осындай жеңгелерің ақылды!

 

                                                                    БАЖАЛАР

Кім ұмытар балалық жарқын күнін,

Қуанышқали, саумысың қартым бүгін?

Бажаң кетті Қамысбай, Айнаң да жоқ,

Өмір солай сездірер салқындығын.

 

Балалар бар, аялар тұяқты енді ел,

Көктем сайын жайнайды қияқ белдер.

Әзілдесіп жүргенде  бір-бір үйдің,

Шаңырағы мен босағасы сияқты еңдер.

 

Жылдар өтер, ол күндер алыстайды,

Бекер еске салдым ба таныс жайды.

Кластасым Қуеке сені атасам,

Бірге айтқым кеп тұрады Қамысбайды.

 

Ерте өшпесін өмірдің от-шырағы,

Қартайсам да көңілшек, боспын әлі.

Қырық бес жыл қалада  тұрғанымен,

Ауыл жақта досыңның қос құлағы.

 

Тек жақсылық баурасын санамызды,

Жастарымыз біздерден алар үлгі.

«»Стоковой» төрт-бес үй отырсыңдар,

Туған жерден аудармай табаныңды.

 

Кешегі мен бүгіні мәлім маған.

Аман болсын сол аймақ, сағым далам.

…Танымасам өткенде, енді көрсем,

Қарсы шығып алдыңнан қолыңды алам.

 

 

 

 

P.S. Жоғарыдағы «Балалық шақ» өлеңіме қосымша ретінде төмендегі суреттерде:

Отырған Теректі бастауыш мектебіндегі алғашқы ұстазымыз Хайролла Евесов. Кластастарым солдан оңға қарай Жылқышы Көшеров, Қуанышқали Бүркітбаев,артта тұрғандар Арғын Берекешев және Қабиболла Әйтілесов( шамамен 1965-66 жылдар).

 

 

 

Бұдан алпыс бір жыл бұрын, яғни 1963- қоян жылы алғаш  мектеп есігін ашқан кластарымның қазіргі жеті ондыққа қарай желіп келе жатқандағы кескін- келбеттері.

 

                                                   САҒЫНДЫҚ НИЯНҚҰЛОВ,

                                                                               Темір ауданы