Әкім Кеңқияқ пен Саркөлге барды

0
35

            Аудан әкімі С. Аманбаев Кеңқияқ пен Саркөл ауылдық округтеріне жұмыс сапары кезінде кәсіпорындарды аралап, «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынып жатқан мектептің, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін  құрылып жатқан  үйлер мен бөгеттің  құрылысымен, қыс мезгілінде қажетті мал азығын дайындау барысының жағдайымен танысты. Іс сапарға аудан әкімімен бірге орынбасары Р. Құдайбергенов пен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А. Құлмұханов қатысты.


          Іс сапарын Кеңқияқтағы жергілікті кәріз сорғы  бекетінен бастаған аудан әкімі, кәсіпорын басшысы Қ. Шуркинге, нысанда  қауіпсіздік шараларының талаптарға сәйкес сақталуына баса назар аудару қажеттігін, қызметкерлермен уақтылы кіріспе нұсқама жұмыстарын жүргізуді,  оларды арнайы киіммен қамтамасыз етуді, кезекшілікке келген қызметкерлердің, әсіресе түнгі мезгілдегі күзетшілердің жауапкершілігін күшейтуді, аумақта су тасқынына қарсы бірқатар іс-шараларды, атап айтқанда күзгі-қысқы кезеңге дайындықты жүргізуді және алдын алу шараларын ұйымдастыруды, жалпы кәсіпорын жұмысын жеке бақылауға алуды тапсырды.

Сондай-ақ аудан әкімі осы күні Кеңқияқ ауылындағы «Kazintertrans-1» ЖШС асфальт-бетон зауытының жұмыс барысын да қарады. Қазіргі уақытта сағатына 90 тонна асфальт қоспасын шығаратын аталған кәсіпорын Кеңқияқтың  көшелерін асфальт қоспасымен қамтамасыз етумен бірге,  облыстық және аудандық маңызы бар тас жолдарды да қажетті өніммен қамтамасыз ету үшін өз өнімін жөнелтіп отыр.  Аудан басшысы,  «Kazintertrans-1» ЖШС өкілдеріне құрылыс материалдарын өзге өңірлерден тасымалдамай, жергілікті жерде өндірудің маңыздылығын атап өтіп, асфальттың сапалы  болуын тапсырды.

            Аудан әкімі С. Аманбаев,  Кеңқияқ  ауылдық округіне барлық іс сапары кезінде «Сазды-2» ауданындағы «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынып жатқан 600 орындық жаңа мектеп құрылысына соқпай кеткен кезі болған емес. Аудан басшысы бұл жолы да аталған нысан аумағына барып,  құрылыстың барысын қарады. Тапсырыс берушісі «Самұрық Қазына» ӘҚ және құрылысты жүргізуші  «Антариум» ЖШС болған мектепте қазіргі таңда, іргетас блоктарын монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме ағымдағы жылдың соңына дейін мектептің іргетасын қалап, қабырғаларын көтеруді жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстарын бақылып шыққан С. Аманбаев, округ әкімінің міндетін атқарушы  Г.Қойшығұловаға, мектеп құрылысының сапалы орындалуын жіті бақылап, құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік шараларын бақылауды тапсырды.

          Бұдан кейін аудан әкімі С. Аманбаев, Саркөл ауылдық округінің аумағына өтіп, Қопа ауылының шаруа қожалықтарының жекелеген басшыларымен кездесіп, қысқы маусымға қажетті мал азығын дайындаудың жағдайымен танысты. Шаруашылық басшылары аудан басшысына, жылдағыдай биыл да  шөп шабатын техникаларды дайындап жатқанын жеткізді. Кездесу барысында С.Аманбаев, округ әкімі М. Шүйіншалинге ауа райының қолайлы мерзімін пайдалана отырып, шөп шабушы бригадалардың жұмысын жандандыруды, халыққа әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен ардагерлерге шөптің қажетті мөлшерін жеткізуді қамтамасыз етуді, шөптің сату бағасын бақылау, негізсіз баға өсіміне жол бермеуді қадағалауды, күзгі уақытты күтпей, қазірден бастап, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарды шөп сатып алуға шақыра отырып, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, қысқы кезеңге шөп дайындау бойынша жеткізілген көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қопа ауылында болған кезде аудан басшысы көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында салынып жатқан бөгеттің құрылыс жұмыстарын да қарады. Сел және су тасқыны қаупінен қорғауға  арналған қорғаныс бөгеті жобасының бас мердігері – «Lider Invest Group» ЖШС-сы. Бұл жобаның құны 255 788, 2 мың теңге. Қазіргі таңда бөгетті тұрғызу үшін қажетті инерттік материалдар тасмалдануда.
Аудан әкімі С. Аманбаев, округ әкімі М. Шүйіншалинге мердігерлерге жекелеген ұйымдастыру, атап айтқанда  құрылысшыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету және т. б. мәселелерін шешуге жан-жақты көмек көрсетуді  және
Р. Құдайбергеновке құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуіне ерекше назар аудара отырып, мерзімді негізде мониторинг жүргізуді тапсырды.

Ал, Саркөл ауылдық округіне қарасты Құмсай ауылына келгенде аудан әкімі С. Аманбаев,  ауылға келген әрбір  іс сапарында тұрақты түрде қадағалайтын әдеттегі әдетінше, бірден су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан 21 үйдің құрылысын барып қарады. Бүгінгі таңда бұл 21 үйдің қабырғасы қаланып, 16 үйдің төбесі жабылыпты.  Ал 3 үйдің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс  барысын мұқият қарап шыққан аудан басшысы, мердігер компания өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы түрде жүргізіп, тұрғындардың тезірек қолайлы үйлерге көшуі үшін құрылысты жоспарланған мерзімнен кешіктірмей аяқтаудың маңызын түсіндірді және М. Шүйіншалинге жағдайды күнделікті бақылауды тапсырды.

Сондай-ақ С. Аманбаев,  осы сапарында «Құмсай-Қопа» газ желісін қайта жаңғырту жұмыстарын қарады. Аталған жобаның бас мердігері «GazMart» ЖСШ-сы. Жоғары қысымды газ құбыры 2 санатты. Жоба құны  205 миллион 827 мың теңгені құрайды. Жоба қуаты 13 шақырым. Қазіргі таңда аталған құрылыс-монтаж жұмыстарының 12 шақырымы аяқталған. Мердігер компания өкілдері аудан басшысына құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың күзіне дейін аяқтауды жоспарлап отырғандығын жеткізді.

                                                                                       ТЕМІР ГАЗЕТІ.