Мереке жалғасуда

0
39

Биылғы жазғы маусымдағы ауданда қолға алынып жатқан  жаңа форматтағы тың жоба – «Ауыл кеші көңілді» көше мерекесінің кезегі 24 тамыз күні Кеңестуы ауылдық округіне тиді.  Аудан орталығының «Задепо» аймағында ұйымдастырылған аталған шараға аудан әкімі С. Аманбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі және әрбір көшенің тұрғындары ауызбіршілікте өмір сүру керектігін атап өтіп, кент келбетін тазалықта ұстауға шақырды.

 
         Шара барысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Кеңестуы ауылдық округінің өнімдері», «Қолөнер бұйымдары» жәрмеңкесі, Кеңестуы ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен таныстыратын «Ауылым – алтын бесігім» көрмесі, «Задепо» аумағы тұрғындарын ауыл күніне орай марапаттау рәсімі және «Ауыл кеші көңілді» атты концерттік бағдарлама өтті. Шара соңында аймақ тұрғындары көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Кейін, Кеңестуы ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Ауыл кеші көңілді» атты көше мерекесі аясында, аудан әкімі С.Аманбаев, орынбасары Қ. Нұралы, Кеңестуы ауылдық округі әкімі Ж. Маясаров, кеңестулықтармен бірге, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен, қазіргі таңда аудан орталығынан жаңа тұрғын үй алған  Қарасаевтар  мен Туребаевтардың отбасыларына құттықтап барды. Аудан басшысы жаңа  үй иелеріне көктемгі су тасқыны кезінде сабырлық пен төзімділік танытқандықтары үшін ризашылығын білдіріп, жаңа  қоныстарына береке мен бірлік тілеп, өзінің арнайы сый-сияпатын табыстады. Өз кезегінде жаңа тұрғын үй иелері апат кезінде мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін аудан әкіміне және құттықтап келген жерлестеріне алғыс айтты.

ТЕМІР ГАЗЕТІ.