«Болашаққа бастайтын мықты қуат көзі»

0
10

Фархад ДОСМҰРАТОВ,
облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры

— Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи-мәдени мұрамызды заманға сай жаңғыртып, дәріптеу ісін жүйелі түрде жүргізу керектігін атап көрсетті.
Бұл бағытта өңірімізде соңғы жылдары үлкен жобалар қолға алынды. Облыс аумағында бірнеше мавзолей, мешіт, медресе, сондай-ақ ескі қорымдардағы қазақтың тас қашау өнерінің ескерткіштері саналатын құлпытастар мен сағанатамдарға реставрация және консервация жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, архитектуралық пішіні, қолданылған жерлеу дәстүрінің ерекшелігі жөнінен Қазақстандағы бірегей ескерткіш саналатын — Алмат тамы мавзолейіне, Балғасын кешеніндегі — XVII-XVIII ғасырдағы Оңалбек ата мавзолейіне, ХІХ-ХХ ғасырларда халыққа имандылық жолын насихаттап қана қоймай, медреселер, яғни өз заманына сай білім ошақтарын ашып, балалар мен жастарды оқыту ісіне өлшеусіз үлес қосқан Досжан ишан, Шәкен ишан, Жұмағали ишан сынды діни қайраткерлердің көне мешіттері мен қорымдарына реставрация және консервация жұмыстары жүргізілді.
Батыс өлкедегі халқымыз ұзақ уақыт бойы дәріптеп келген киелі жер, халықтық сәулет ескерткіштері мен монументалды тас қашау өнерінің айрықша ансамблі, генезисі болып келетін Қарасақал, Дәуімшар қорымдарындағы Мырзамұрын мавзолейі мен бірнеше сағанатамдар қалпына келтіріліп, қоршалды.
Бұл нысандар — облысымыздың ғана емес, еліміздің туристік әлеуетін арттыруға үлес қоса алатындай көрнекті дүниелер.
Президент өз сөзінде: «Көне заманнан келе жатқан көшпенділер дәстүрі елді артқа тартатын емес, болашаққа бастайтын мықты қуат көзі болуға тиіс», — деп атап өтті. Ұлттық бірегейлігін, болмысын сақтап, тарихи-мәдени мұраларын қадірлей білген елдің болашағы зор. Ұлы даланың киесі сынды, қаншама ғасырлар мүжіп, қанша сынақтан өтсе де, сақталып қалған, ата-бабаның көзіндей көне ескерткіштерімізді қорғау және кеңінен насихаттау — бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.