Экожүйе мен ауыл шаруашылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау жолындағы нақты қадам

0
8

Кәмшат ТӨЛЕУОВА,
облыстық мәслихат депутаты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында «Ауыл» партиясы көтерген киіктер мәселесіне тоқталды. «Ауыл» партиясының мүшесі ретінде киіктер мәселесіне қатысты Президенттің көтерген бастамалары мен үшін ерекше маңызды.
Мемлекет басшысы киік популяциясының қарқынды өсуі ауыл шаруашылығына әсер ететінін атап өтіп, осы мәселені кешенді түрде шешу қажеттігін айтты. Бұл ретте табиғатты қорғау мен аграрлық сектордың мүддесін теңдестіру маңызды.
Киік санының күрт өсуі ауыл шаруашылығы саласына үлкен әсерін тигізіп жатқаны рас. Бұл, әсіресе мал азығын дайындау мен жайылымдарды тиімді пайдалану ісінде байқалады.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы экожүйедегі тепе-теңдікті сақтаумен тікелей байланысты. Сондықтан Президенттің бұл мәселені жан-жақты зерделеу қажеттігі туралы тапсырмасы шаруалар үшін тиімді болмақ.
«Рұқсатсыз аң аулағандарға жазаны күшейту үшін менің бастамаммен 2019 жылы заңнамалық шаралар қабылданды. Осы және басқа да жан-жақты шаралардың нәтижесінде еліміздегі киік саны күрт артты. Қазір оларға жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ. Бірақ енді басқа мәселе туындады. Ауыл шаруашылығы зардап шегіп жатыр. Эпизоотиялық ахуалдың да күрделеніп кету қаупі бар. Жалпы, экожүйеге түсетін салмақ артты. Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып, осы мәселені жан-жақты зерделеуді және байыпты шешім қабылдауды тапсырамын», — деді Президент.
Осы ретте фермерлер мен шаруалардың жағдайына қарай отырып, экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталатын тиімді шешімдер қабылданады деп сенеміз.
Президенттің биологиялық әртүрлілікті сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлуі — болашақ ұрпаққа қалатын табиғи мұраны қорғау және экожүйе мен ауыл шаруашылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау жолындағы үлкен қадам. Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу үшін Халықаралық биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру керектігін, осы қоғамдық ұйымға өзі жетекшілік етуге дайын екендігін айтты.