Тазалық бәрімізге керек

0
7

Әлішер ТЫНЫШТЫҚ,
Amanat партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты
Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында экологиялық тазалық мәселесіне баса назар аударды. Ол тазалық мәселесінің әрдайым назарда болуы тиіс екендігін атап өтті.
— Тазалық мәселесі әрдайым назарда болуға тиіс. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Бастамаға азаматтар жаппай қолдау білдірді. Акция жалпыұлттық сипатқа ие болды. Күн жылынып келеді, енді жұрт сенбілікке шығып, айналасын тазалайды. Бұл — өте дұрыс. Мен бұған дейін де айттым, «Таза Қазақстан» — жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент аталған жиында елімізде 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітілетіндігін мәлімдеді. Экологиялық акция тек көшені, ауланы тазалаумен ғана шектелмеуі керек. Мемлекет басшысының бұл бастамасы негізінде былтыр 2,4 миллион адам қатысып, 2,5 миллион көшет отырғызылды. Ендігі кезекте тазалық жұмыстарына тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды. Осы арқылы біз табиғатты қорғап қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, болашағымызды айқындаймыз.
Экологиялық акция — ұлттың мәдениеті мен болмысын өзгертуге бағытталған маңызды қадам. Тазалық бәрімізге керек. Қала тазалығына атүсті қарамай, әрқайсысымыз өзімізден бастап, экологиялық акциялардан тысқары қалмайық. «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері осы бағыттағы кешенді іс-шараларды жандандырып жатыр. Біз тұрақты түрде ұйымдастырылатын «Таза Қазақстан» акциясына қатысып қана қоймай, «Вандализмге жол жоқ!» және «Есірткіге жол жоқ!» акцияларын да өткіземіз. Аталған іс-шаралар жастардың бойында жауапкершілік пен патриотизмді, салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізеді. Еліміздің болашағы үшін өз жауапкершілігімізді сезініп, Президенттің бастамаларын қолдай білуіміз керек.
Бүгінде өңірімізде «Таза Қазақстан» акциясына атсалысып жатқан жастардың саны көбеюде. Экологиялық акция өз тиімділігін көрсетті. Сондықтан тек жастар ғана емес, барша қала тұрғындарын тазалық жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын.