Әкем туралы естелік

0
19

Биылғы жылан жылын жақсылығымен келді деуге болады. Алғашқы қаңтар айы да қаһарын төкпей, сабырлық танытты. Көктемгі сәуір айы да жаңбырымен басталды. Бұл да бір жақсылықтың нышаны секілді. Өткенге ой жіберсек бұл заманға қалай қол жеткіздік.

Сонау сұрапыл жылдарды көрмей өстік. Бірақ  сол ел басына күн туған  заманда отаны үшін, елі үшін қан майданда ұрпағым аман болсын деп, жауға қарса кеудесін оққа тосып құрбан болған батыр ата, әкемізді, қара жамылып жесір қалған аналар, аяқ қолынан айырылып еліне мүгедек болып оралған жандар  кім үшін от кешіп, жан берді. Отанын туған ауылын ұрпағын жатқа құл қылмаймын деп аянбай арпалысты. Біз сол отаны үшін от кешкен батыр ата, әкелерімізді мақтан етуіміз керек. Құрметтеу қадірлеу біздің борышымыз.

Міне енді алдымызда сол Ұлы Жеңістің  80жылдығы келе жатыр.  Бірақ біздің арамызда көзі тірі ардагер болмаса да артында өшпейтін  ізі ұрпаққа үлгі етерлік ерліктері мен  естеліктері қалды. Сол Ұлы Отан соғысының куәгерлерінің бірі Отаны үшін арпалысқан, кейін де колхоз өміріне ат салысқан  менің әкем  Наурызбаев Ілияс.

«1942 жылдың қаңтар айында әкемді және басқа ауыл азаматтарын әскер қатарына шақырды.  Ол кезде «Қызыл жұлдыз» колхозы он бесінші ауылда, соғысқа жарақты деген ер азаматтар  түгел алынып болған еді»-деген әкемнің естелігінде.  Ауылда кәрі-құртаң, шал-кемпір, әйелдер мен бала –шаға қалған болатын. Қаңтар айының қысы күшіне еніп қалшылдап тұрған мезгілі.  Ауылдан төрт-бес ат шана, түйе шанамен жолға шықтық.  Артымыздан аман-сау жеңіспен оралуымызды тілеп, әйелдер мен балалар шығарып салды. Орынбор әскери комиссариатынан көп ұстамай-ақ пойыз эшалонымен үшінші күні орыс жері Орлов облысынан бір ақ түсірді.  Бұл кезде байқаусыз жатқан елге тосыннан лап қойған  жау  әскерінің біршама жерге кіріп, ойран сала бастаған уақыты еді.  Ертесіне қала ішіндегі казармаға жинап аты-жөнімізді анықтап, әскери киім таратты.  Ауылда қайдан жарақты киім болсын, бірінде құлақшын,ескі шолақ тон, түптелген кесілген байпақ, тесілген етік болатын.  Әскери шинель,құлақшын, етіктерді бірдей киініп шыққанда бір-бірімізді танымай қалдық.  Әр жаққа бөліп, тексерістен өткізгеннен кейін, көп ұзамай-ақ әскери дайындыққа кірістік. Ауылдағыдай асықпай тамақ ішу, жайланып жатуға уақыт жоқ. Қолға тиген винтовка, автоматтармен атып үйрену, граната лақтырудың тәсілі, болмаса окоп қазып келеміз.  Әйтеуір күндіз-түні дамыл жоқ, тек әскери дайындықпен таң атырамыз. Тәртіп қатал, кешігу деген жоқ. Бірдей тұрып , бірдей жүгіресің. Бір жетінің ішінде балпанақтай жігіттер сыптай болды. Бұл мезгілде  бізді дайындап жатқан, қала маңына жау да жақындап қалғандай еді. Жерге түсіп жарылған бомба, жау самолеттерінің дыбысы естіле бастағандай еді. Екінші күні бізді де соғысқа дайындап, окопқа түсірді. Бұл кезде біздер де атыс қаруларын  едәуір меңгеріп  алғанбыз. Арамызда қазақ, орыс, әзірбайжан , украин өкілдері де бар еді. Кемедегінің жаны бір дегендей, бір-бірімізге жақын адамдай болып араласып кеттік. Арамыздан көрінбей қалса іздейтін болдық.

Түн жарымы болатын. Шинельмен қисая кеткенбіз, тұрыңдар деген дабылдан алас-қапас атып тұрып сап түзедік.  Қаруларымызды ұстатып далаға шыққанда алыстан жарқ-жұрқ етіп белгі беріп атылған ракеталар , бомбалар дүрсілі анық естіліп тұр еді. Қалың қардан омбылап ,шақ жүріп келеміз. Ұзын шинель аяққа оратылып адымдатар емес. Түн қараңғысы, ештеңе көріп қарауға мүмкіндік жоқ. Таң ата окопқа жетіп бір тынықтық. Дем алғанымыз сол еді, біздің танкілер жауға қарсы дүрсілдете жөнелген ді. «Алға»деп ұрандаған дауыстан  окоптан шапшаң шыққанымызды білмей қалдық.  Жауға қарсы ұрысқа кірісіп кеттік. Құлақты жарардай жарылыс ,жарқ-жұрқ етіп зулаған оқ,бірді біліп бірді білмейсің. Жараланып жатқандар да жетерлік. Бір кезде аяғым шымырлағандай болды. Екі аяғым бірден шалынып құлап түстім, есімнен танып қалыппын. Көзімді ашсам госпитальде жатыр екем. Жатар орын жоқ, басқа да денесінен ауыр жарақат алғандар жетерлік. Бір айдай жатып, жарақатым жазылғасын қайтадан ұрыс алаңына жіберді. Менімен жақын дос сырлас болған, Орал облысынан Ғалым деген жігіт болды. Өзі сауатты еді, ауылында мұғалім болған. Мені госпитальге жеткізген сол Ғалым екен. Бір әңгімелескенде Ілияс екеуміздің біреуіміз аман елге оралсақ сәлемімізді жеткізерміз деп, мекен жайын беріп қоштасқан едік. Жаумен қарсы ұрыста  ерлікпен көзге түсіп, ауыр жарақаттан көз жұмыпты. Іздеп барғанымда кеш қалыппын, оны жерлеуге алып кетіпті», – деп өткен күндерін  еске алып отыратын әкем. Иә бұл уақытта небір небір боздақтар оққа ұшып,қатарымыз сиреп жатты. Совет Армиясының жауға қарсы жан аямай арпалысып жатқан кезі. Соғысқа да суық пен аштыққа да етіміз үйреніп қалды. Бұл кездері қазақтың екі батыр қыздарының  Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәмбетованың ерлік істері жан-жаққа естіліп жатты. Қазақ қыздарының бұл өшпес ерліктері, қазақ жігіттермен қатар, басқа да ұлт өкілдерінің жауға деген өшпенділіктерін оятты. Жау шебін қоршауға алу керек деген тапсырма алдық. Қырық төртінші жылдың күзі айы. Қараңғы түскеннен орманның арасымен, арғы  беттегі батпақты суды белге дейін кешіп келеміз. Құрғақ тегістікке шыққаннан  кейін басымызды қосып жау шебіне бет алдық. Атыс басталды, сатырлаған автомат дыбыстары мен жарылғыш граната, бір аяғымнан жан кеткендей болды. Жаралы аяғым екен, аяғымның бөлектенгенін білдім. Госпитальге түсіп аяғым емдеуге келмейтін болып кесілетінін айтты. Жіліншіктің ортасына тиген оқ сүйекті екі бөліп кеткен.

1945 жылдың қыс айында екі балдаққа сүйеніп ауылға аман оралдым. Поездан түскенде мен сияқты жаралы солдаттар да бар еді. Колхоздан ауылға  келіп,күтіп алған ағайындардың қуанышында шек жоқ еді. Бірі  жылап, бірі қуанып әскерге кеткен  бауырларын сұрап, бірі барына қуанып мәре-сәре болып жатты. Ертеңіне түйе шанамен бір қонып ауылға жеттік. Жолдағы ауыл адамдары да, алдымызға бар дәмін тосып, жолда тоңып қалма деп үстіндегі жылы  киімдеріне дейін шешіп беріп, аянып жатқан жоқ.

Соғыс әлі аяқталған жоқ, ол кезде де ауыл іші күйсіздеу  еді, – деді әкем. Ауқаттанып тойып ішетін ас, біреуде бар, біреуде жоқ. Көп ұзамай-ақ жеңіс деген жылы хабар ауыл елді  бір серпілтіп тастады. Халық қуанышында шек жоқ еді.  Бірі-бірінен сүйінші сұрасқан ауыл арасы тойдан бір кем болмады. Бірақ ауылдық жерлерден аттанған азаматтардың көбісінен хабар болмады. Бірінен қара қағаздар келді.  Соғыс бітті,Совет Армиясы жеңді. Жоғын күтіп қайғырса да елдің осыған көңілі толды.

Колхоздағы қара жұмыс  басталды. Таңнан күн батқанша жас балалар  мен әйелдер бөгет салу, жер жыртумен айналысты,бүгінгідей техниканың бірі жоқ. Өгіз болмаса қос атқа  сүйретілген соқа. Өгіз айдап, ат жетектейтін балалар. Бала болғанда жасы 12-ден 14–15 жас аралығы. Біз секілді аяғы жоқ, қолы жоқ, мүгедек жандар да жетерлік. Жас балалар мен аяғы ауыр келіншектерді көргенде қалай жантайып жатасың. Елге масыл болмайық деп, қос балдаққа сүйеніп қол орақпен егін орып, отырып алып тайлап, бууға көмектестік. Ат арба, түйе арбамен станса басына қапталып тиелген астықты жеткіземіз. Екі балдақты  сүйеу етіп, мал қайырып қырман күзетем. Екі қолтықты қажап барады  амал жоқ. Күзде салқын түсе кесілген  шолақ аяқта сыздап ауырып, көрер  таңды әзер атқызамын – деп әкем кейде өткен күндерін еске алатын. Ол азапты күндерді сендердің бастарыңа бермесін  деп отыратын.

Мен есімді білетін кез алты-жеті жас шамасындамын. Әкем бір табын сиыр малын бағатын. Біздің үйді малымен  бірге жаз жайлауға ерте көшірді. Ерте болғанда сәуір айының басында. Бұл кезде қар енді ғана кетіп, жер ала тегіс уақыт еді. Күндіз  күннің  көзінен шуақ түскенмен   түн мезгілі салқын болатын.Егінді сай жайлауы ауылдан он сегіз, жиырма шақырымдай жер еді. Жер күрке құрғақ, отын да тапшы, шайға қардың суын қайнатып ішетін. Жайлаудың іргесі терең, Жақсымай сайы еді. Қары  мамыр айына дейін еріп кете қоймайтын, бірақ малға өте шұрайлы, шөбі құнарлы  еді. Қамайтын аула  болмаса осы күнгідей, қоршай салатын темір сетка ол кезде қайдан болсын. Сиыр малы түн мезгілінде жайылып кететін. Қайтарып жинақтамаса ит-құстан қорқады. Дала тағысы сол жылдары топ-тобымен малға шабатын. Қару дегеннен әкемде ескі шиті мылтық . Оның оқ дәрісі де есептеулі. Түн ортасында бір атып сескендіріп  қоятын. Құбыладан шыққан өкпек жел суық-ақ. Әкем ерте сай бойын жағалап сиырдың  соңынан кеткен. Күн батып, ымырт үйірілуде, күнде осы уақытта үй айналасына жақындайтын мал  қарасы көрінбейді. Қараңғы түскенде мөңіреген сиыр  дауысынан  малдың келгенін  білдік. Шешем екеуміз мал жинастырған болдық. Әкем көрінер емес, көп  ұзамай бос атпен үйдің  иті келді. Ертоқым  жанында қанжығасында  екі балдағы байлаулы күйінде. Әкемнің аттан айырылып қалғанын білдік. Жарық дегеннен май шам, , фонарь бар еді. Шешем сай  бойына дейін дыбыстап барып келді, ештеңе білінбейді де көрінбейді-деді жабырқап. Далаға бір кіріп, бір шығып жүргесін бе денем мұздап,қисайған күйімде,киіммен қазандықтың жанына ұйықтап кетіппін. Ит үргенде күрке есігі тарс ашылғаннан оянып кетіппін.  Әкем келіпті май шам жарығынан  бет-әлпеті әзер көрінеді. Үсті -басы адам көргісіз су балшық. Терең қарлы су аралас сайдан азар  шықса керек.Екі балдағы ат үстіндегі  ерде кеткен. Аттан түсіп, өр бойына қойып енді мінем дегенде ат үркіп құлап түскен. Содан шақырым жерді қараңғыда еңбектеп жеткені екен. Шешем  берген ыстық шәйді шаққа ұрттап, әкем жатып қалды. Екеуміз әкемді ауырып қалмаса екен деп тіледік. Жәрдемші деген мүлдем жоқ. Кім хабар бермек, малды кім қарайды.  Абырой болғанда әкем ауырған жоқ, бірақ күндегісінен жәй тұрды. Шешем жақын жерге малды қайтармалап жайып жүрген. Көп ұзамай мамыр айы да туып, күн жылынып, шуақты күндер өткен қиындықты ұмыттырып жіберген еді. Сонда да әкем аяғым  жоқ екен деп жайланып жатпады, колхозда бертін келе совхоз шаруашылығында қырман басында еңбек етті.

Кеңес заманында да соғыс ардагерлерін назардан тыс қалдырған жоқ,  мүгедектік топтарына қарап жаңа үй, «запорожец»жеңіл автокөліктерін берді. Аудан орталығына комиссияға жыл сайын шақырылып, Алматы қаласынан жылда протез аяғы  және жұмсақ кесілген аяқтың тұсына киетін қаптамалар келіп тұратын. 9-мамыр Жеңіс күндері сый-сияпаттап құр қол қалдырмайтын. Әрбір соғыс ардагері тұратын үйдің маңдайшасындағы ілулі тақтайшада  «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері Наурызбаев Ілияс тұрады » деген жазулар  тұратын. Әкем 90 ға шығып дүниеден өтті. Әкемнен есімде бір қалғаны, жасы үлкен адам кішіден сәлем дәм етеді деп айтып отыратын. Жазда әкем үй алдына киіз жайдырып,көшеде өткен кеткенді қарап отыратын.Өтіп бара жатырған адамды тоқтатып неге сәлем бермейсің деп ренжейтін. Ол кезде ауылдың үлкен қариясы менің әкем еді. Мен әкеме «осы сіз қызықсыз жөнінде бара жатқан адамға сәлем бермейсің деп ренжегенің қалай , ол асығып шаруасына бара жатырған шығар десем» жасың келгенде білерсің дейтін.  Шындығында бүгінде әкемнің айтқаны рас екен-ау, – деп ойлаймын. Жаныңнан өтіп бара жатқан өзіңнен жасы кіші адам сәлем бермесе біртүрлі болып қарай беріп сәлем дәм етеді екенсің. Кейде ауылда бас қосқанда жасы кіші інілерімізге сен сәлем берген жоқсың деп ұрысатынды шығардық. Иә, үлкендердің айтқаны дұрыс екен ғой. Күлсең көріге күл, алдыңа келсін деген осы екен.  Мен осындай ардагердің ұлы болғанымды мақтан етемін. Әкемнің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы және одан кейін де  жеңіс күндерінде марапатталған орден медальдары үйде сақтаулы. Өзім де Отан алдындағы борышымды Мурманск облысында өтедім. Сонау сұрапыл жыл ел басына күн туған заманда Отан үшін от кешкен ұрпағы үшін жанын пида еткен батыр ата – әкелерімізді ешқашанда естен шығармайық. Олардың Отан алдындағы ерлік істері мен еңбектерін келесі  жас  ұрпаққа үлгі етейік.