Салық органдарының құрылғанына – 35 жыл

0
30

Аудан әкімі Алмас Жақсылықов салық органдарының құрылғанына 35 жыл толуына орай мемлекеттік кірістер қызметінің мамандары мен сала ардагерлерімен арнайы кездесу өткізді.

Мерекелік кездесуге Салық қызметі органдары ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Саламат Аманбаев, мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.

Кездесу барысында аудан әкімі Алмас Жақсылықов жиналған қауымды айтулы мерейтоймен құттықтап, салық органдарының ел экономикасын нығайтудағы және мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік кірістер саласында қызмет атқарып жүрген мамандар мен осы саланың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан ардагерлерге алғысын білдірді.

Аудан басшысы өз сөзінде салық қызметі мамандарының жауапкершілігі жоғары әрі қоғам үшін маңызы зор қызмет атқаратынын жеткізді. Өйткені салық түсімдері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымның жаңаруына, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстардың жүзеге асуына негіз болады. Осы орайда ауданның дамуына, бюджет кірісінің тұрақты қалыптасуына және мемлекеттік міндеттердің орындалуына қосып келе жатқан үлестеріне ерекше тоқталды.

Сонымен қатар аудан әкімі салық қызметінің алғашқы қалыптасу кезеңінде кездескен қиындықтар мен кедергілерді еңсеріп, жаңа жүйенің орнығуына еңбек сіңірген сала ардагерлерінің еңбегін жоғары бағалады. Олардың кәсіби біліктілігі, табандылығы мен жауапкершілігі бүгінгі ұрпақ үшін өнеге екенін атап өтіп, бірқатар қызметкерлер мен ардагерлерге мерекелік марапаттар табыстады.

Өз кезегінде Салық қызметі органдары ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Саламат Аманбаев сала ардагерлеріне көрсетілген құрмет пен ілтипат үшін аудан басшылығына алғысын білдірді. Ол өз сөзінде салық органдарының қалыптасуы мен дамуында аға буын өкілдерінің еңбегі айрықша екенін атап өтіп, олардың жинақтаған мол тәжірибесі мен кәсіби білімі кейінгі буын мамандары үшін маңызды мектеп екенін жеткізді.

Жиын қатысушылары саладағы сабақтастықты сақтау, тәжірибе алмасу және кәсіби жауапкершілікті арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Шара соңында аудан әкімі сала мамандары мен ардагерлеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілеп, мемлекеттік кірістер қызметінің алдағы уақытта да ауданның дамуы жолындағы маңызды міндеттерді абыроймен атқара беретініне сенім білдірді.

Айтулы мерейтой – салық саласында еңбек еткен барша маманның маңдай тері мен кәсіби адалдығына көрсетілген құрметтің белгісі.