ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

0
229

    Биыл Темірдің аудан болып құрылғанына 50 жыл толды. «Елу жылда ел жаңа» демекші ауданымыз  күн санап қарыштап дамып, облыстағы алдыңғы  қатарлы аудандардың  біріне айналуда. Бүгінгі таңда ауданның елу жылдығына  байланысты түрлі іс-шаралар  өткізілді. Жыл аяғы таяп қалса да, осы шараға өз үлесін қосу үшін Темір аудандық білім бөлімі, желтоқсан айының 13-і күні,  аудандық мәдениет үйінде Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен Ақтөбе облыстық  ғылыми тәжірибелік  орталығының  қолдауымен,  «Темір тарихы: тарих пен мәдениет және өнер ордасы» тақырыбында облыстық  ғылыми конференция ұйымдастырды.

 Педагогтерге шығармашылығына қолдау көрсету, Темір өңірінен шыққан танымал тұлғалар мен мәдениет майталмандарын өскелең ұрпаққа дәріптеу, Темір даласының тарихи орындары мен мәдени мұраларын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған  конференцияға Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы Дина Нұркенқызы, Ақтөбе облыстық ғылыми тәжірибелік орталығының әдіскерлері Балзия Саудабайқызы мен Аяш Абдімаханқызы келді.

Конференция  № 1-ші Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының  технология пәнінің мұғалімі, «Қазақстан Республикасының Үздік педагогы», «Ы. Алтынсарин» медалінің иегері, Қазақстан қолөнершілер Одағының мүшесі  Жақыбаев Нұрлан Сәулебайұлының «Мектептегі технологияның теориялық негіздері» жинағының тұсаукесерімен басталды. Тұсаукесер рәсіміне көркем еңбек пәні мұғалімдерінің ассоциация жетекшісі, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі  Күмісқалиев  Ардақ Жолдасұлы, Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының әдіскері Тұржанова Балзия Саудабайқызы қатысып, Жақыбаев Нұрлан Сәулебайұлының «Мектептегі технологияның теориялық негіздері» жинағы  көркем еңбек пәнінің мұғалімдеріне әдістемелік  көмекші құрал  ретінде ғана емес,  болашақ жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды дарытуда  да өзіндік рөл атқаратыны сөзсіз екенінін атап өтті.

Конференцияда  Темір ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыгүл Бердіханқызы Көшекбаева атаулы мерекеге байланысты жүргізілген шараларға тоқталса, «Темір ауданы» энциклопедиясын құрастырушылардың бірі, Темір ауданының «Құрметті азаматы» Нұрмұқан Исаұлы Өтепов Темір ауданының тарихына шолу жасады. Темір ауданының білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардагер-ұстаз, білім беру ісінің үздігі, «Ы. Атынсарин» медалінің иегері  Гүлжан Тәуірбайқызы темірліктерді атаулы мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі, білім бөліміне ерекше алғысын білдірді.

Конференцияның құрметті қонақтары Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы Кемешов Асқар Жайлыбайұлы, көркем еңбек пәні мұғалімдер  ассоциациясының жетекшісі, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі Күмісқалиев Ардақ Жолдасұлы, Назарбаева Зияткерлік мектебінің мұғалімі Жұбаныш Райымбек Әлібекұлы Темір тарихынан сыр шертіп, өлкенің біз білмейтін қырларын танытты.

Конференцияның негізгі бөлігінде  спикерлер Темір ауданының тарихы, тауқыметті  жылдардағы тыныс-тіршілігі,  қуғын-сүргінге ұшыраған темірліктер, Тасқопадан табылған «Алтын адам», темір өлкесінің тарихи ескерткіштері, танымал тұлғалары туралы қызықты да тың деректермен бөлісті.

Конференция соңында  құрметті қонақтар мен спикерлер Ақтөбе облыстық білім басқармасының және Ақтөбе облыстық ғылыми тәжірибелік орталығының «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Темір ауданының  қайта құрылуына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған ғылыми конференция көкейге қонымды, саналыға сабақ болатын, жас ұрпақтың жүрегіне ұлтжандылық сезімін оятатын конференция болды.

                                                Гүлдана  ҚАЛИЕВА, 

                                            Темір аудандық білім бөлімі

                                                     әдістемелік кабинеттің әдіскері.