Әкім Шұбарқұдық тұрғындарымен кездесті

0
90

Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, аудан әкімі Саламат Ермұханұлы Аманбаев  жақында Шұбарқұдық ауылдық округінің «Задепо», «Қазақауыл», «Қызылжар», ал 9 наурызда «Аққұдық», «Вокзал алаңы» және  «Теріскей» аймағының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге Шұбарқұдық ауылдық округінің әкімі Қ.Нұралы, аудандық бөлім және мекеме басшылары қатысты.

                         «Задепо»

Аудан басшысы «Задепо» тұрғындарымен кездесу барысында, алдымен 2022 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, 2023 жылы алға қойылған мақсат-міндеттер жөнінде айта келе, осы жер су басу  мүмкіндігі жоғары аймақ болғандықтан,   қауіпке қарсы құрылған жедел штабтың жұмысына тоқталды. Қардың бірер тәулік ішінде  айлық нормадан көп жаууы және күрт еруінің  себебінен қауіптің  төнуіне байланысты, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қар суын сору жұмыстары  ұйымдастырылғанын жеткізді және тұрғындарға апатты жағдай туындай қалса,  үрейге берілмей, салғырттыққа салынбай, сақтық шараларын сақтай отырып, ұжымдасқан түрде әрекет етуге шақырды, қандай іс-қимыл жасау керек­тігі айтылып, уақытша көшіру тәртібі түсіндірді.
«Қазақауыл»

   Осы күні аудан әкімі С. Аманбаев Қазақауыл аймағының тұрғындарымен де кездесті.  Кездесу барысында аудан  басшысы атқарылған шараларға тоқталып, Қазақауыл аймағын абаттандыру бағытындағы жоспарын баяндап берді және «Ауыл аманаты» жобасының артықшылығын түсіндірді. Әкімнің жоспарымен танысып, «Ауыл аманаты» жобасы жөніндегі әңгімені тыңдаған тұрғындар, көкейтесті сұрақтарын қойып, бизнес идеяларымен бөлісті және  абаттандыру бойынша жоспарды жетілдіру тұрғысындағы өз  ұсыныстарын  ортаға салды.  Мәселен тұрғындар тарапынан көше жарығы мен Жамбыл көшесіне жол салу мәселесі сөз етілді. Жиын соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, кент әкімі Қ. Нұралыға тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді жеке бақылауына алуды тапсырды.

       «Қызылжар» 


             Қызылжар мөлтек ауданы тұрғындарымен кездесуде  С. Аманбаев,  ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін беріп, бүгінде су тасқынына қарсы барлық техника жұмылдырылғанын, штаб мүшелері тәулік бойы су басу қауіпі басым аймақта жүргенін және инженерлік жұмыстарды атқарып, тұрғын үйлерге кіріп кеткен суларды тартуды  ұйымдастырып жатқанын жеткізді. Өз кезегінде   қызылжарлықтар жалдамалы тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, көше жарығы, он алты пәтерлік коммуналдық жалдамалы тұрғын үйдің ауласын абаттандыру және жаңадан салынып жатқан он алты пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын аяқтау мәселесін көтерді. Аудан әкімі тұрғындардың тілге тиек еткен түйіткілдерне заң аясында нақты жауап берді.

          «Теріскей» 

Ал 9 наурыз күні, желілік кестеге сәйкес, аудан әкімі С.Аманбаевтың  тұрғындарымен кездесуі – Теріскей аймағында ұйымдастырылды. Кездесу кезінде кент әкімі Қ.Нұралы округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспары туралы баяндама жасады. Жиынға қатысушылар спорт алаңын салу, жаз мезгілінде үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету, көше жарығына байланысты ұсыныстарын  айтты. Аудан әкімі ағымдағы жылы «Теріскей» көшесіндегі жол мәселесі шешіліп, спорт алаңы салынатынын жеткізді және тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, өзекті мәселелерді тұрғындармен бірлесе шешудің жолдарын қарастыруды міндеттеді.

  «Аққұдық» 


       Бұдан кейін аудан әкімі С. Аманбаев, «Аққұдық» аймағының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде аудан әкімі аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді атап өтті және жекелеген көшелерде су тасқынына қарсы құрылған штаб мүшелері су сору жұмыстарын жүргізіп, аталмыш аймақтағы ахуал  бақылауда екенін жеткізді.
Тұрғындар тарапынан «Құрылысшылар» көшесіне жарық орнату, жаяу жүргіншілерге арналған жол төсемін төсеу мәселесі сөз етіліп, «Ауыл аманаты» жобасына қатысты бірқатар сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді және аудан басшысы ең алдымен тұрғындардың ұсыныстарын шешуге жұмыс жасалатындығын мәлім етті.

    «Вокзал алаңы» 

Аудан әкімі С. Аманбаев осы 9 наурыз күнгі кездесуін «Вокзал алаңында» аяқтады. Мұнда  аудан әкімі   аудан көлемінде атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтсе, кент әкімі Қ. Нұралы баяндама жасап, ағымдағы жылы кент көлемінде жүзеге асқан негізгі істерді атады. Есеп беру кездесуде тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлер молынан орын алды. Атап айтсақ, тұрғындар № 50-ші және  № 51-ші тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізуді, темір жол аумағындағы қауіпсіздік мәселелерін т. б. тілге тиек етті.
Аудан әкімі Вокзал алаңы аймағында көп қабатты тұрғын үйдің ауласына жиналған суды тарту бойынша жұмыстар атқарылатынын, аталған аймақта су деңгейі төмен және жағдай тұрақты екенін әрі су басуға бейім учаскелер бойынша мониторинг жүргізіліп отырғанын айтты. Жиын соңында айтылған ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізіліп, аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Жоғарыдағы кездесулердің барлығында аудан әкімі Саламат Ермұханұлы Аманбаев, Шұбарқұдық ауылдық округінің әкімі Қ.Нұралыға тұрғындарды «Ауыл аманаты» жобасына тарту бағытында жұмысты жандандырып, халық табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ.