Скрининг

0
96

           Күнделікті ел азаматтарының денсаулығын қалыпты жағдайда бақылау мақсатында медицина саласында озық технологиялардың мүмкіншілігіне қарай аурушаңдық белгілерін анықтау барынша жүзеге асырылып келеді. Адамдардың өмір сүру сапасын жақсарта отырып, созылмалы дертпен күресте табандылық таныту керек. Сондықтан да қарапайым халықты скринингтік тексеруден өткізу маңыздылығын жоймайды.

Бүгінде аудан медицинасы жергілікті тұрғындар арасында асқынуға бейім созылмалы дертті анықтауды мақсат етіп қойған. Жыл сайын аудан бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрінің  2020 жылдың 30 қарашасындағы  № 174  бұйрығы негізінде тұрғындар скринингтік тексеруден өтеді. Оларға медицина мамандары «қан айналым жүйесі», «қант диабеті», «су қараңғылық», «сүт безінің қатерлі ісігі», «жатыр мойны қатерлі ісігі», «тік ішек және тоқ ішек қатерлі ісігі» бойынша скринингтік талдау жасайды. 2022 жылдың қазан айынан бастап,  ауыл халқы тұрғындарына жаңа скринингтік зерттеулер енгізілді. Бұл қатарда аудан медицина қызметкерлері  асқазан-ішек жолдарының ауруларын және созылмалы бүйрек ауруларын, туберкулез, қуық асты безі обыры бойынша скринингтік талдау жүргізеді.

                   Скринингтік зерттеулерді жүргізу кезеңдері

Скринингтік зерттеулер жүргізу мыналарды қамтиды: дайындық кезеңі, қарап-тексеру  немесе зерттеу кезеңі, қорытынды кезең. Дайындық кезеңін емханада медбике жүзеге асырады және мыналарды қамтиды:

  • Скринингтік зерттеулерден өту қажет азаматтардың тізімін жасау;
  • Бұл азаматтарды скринингтік зерттеулерден өту қажеттілігі мен шарттары туралы хабардар ету;
  • Халықты скринингтік тексеруге шақыру;
  • Халықтың скринингтен уақтылы өтуін бақылау.

Содан кейін тексеру кезеңі жүргізіледі. Бұл кезең – учаскелік дәрігердің, бейінді мамандардың, медбикелердің қабылдауы, сондай-ақ  скринингтік зерттеу түріне байланысты  зертханалық және диагностикалық зерттеулерді қамтиды. Қорытынды кезең – толық тексеруден және анықталған патологиясы бар адамдарды динамикалық бақылаудан тұрады.

Скринингтердің нәтижелері медициналық ақпараттық жүйеге енгізіледі, ал пациент толық тексеру және бақылау бойынша ұсынымдар алады. Қарап-тексеру  барысында анықталған созылмалы аурулары бар адамдар есепке қойылады және ұдайы бақылауда болады. Аурулар анықталған кезде жіті тексеру жүргізіледі, толық сауыққанға дейін пациенттің денсаулық жағдайын бағалау арқылы емдеу тағайындалады.

                     Скринингтен қалай өту керек?

Көңіл-күйіңізге, денсаулығыңызға ешқандай шағым болмаса да, скринингтен міндетті түрде өту қажет. Әдетте, пациент тіркелген емхананың учаскелік медбикесі оны скринингтен өтуге шақырады. Алайда, сіз ол жерге жеке куәлігіңіз қолыңызда болса, өздігіңізден хабарласа аласыз. Әрбір емханада скринингтік кабинеттер құрылған, онда дәрігер өмір салты мен тамақтану рационы, зиянды әдеттердің, тұқым қуалайтын аурулардың болуы туралы сұрақтар қояды, бойын, салмағын, қан қысымын өлшейді, қандағы қант пен холестерин деңгейін тексереді. Содан кейін қажет болған жағдайда пациент қосымша тексеруге немесе бейінді маманның кеңесіне жіберіледі.Скринингтің көлемі мыналарды қамтиды:

  • Антропометриялық өлшемдер (бойы, дене салмағы, белдің шеңбері);
  • Артериялық қысымды өлшеу;
  • Нысаналы топтарға байланысты зертханалық және аспаптық зерттеулер өткізу.

Бұл тексерулер жүрек-қан тамыры ауруларын, қан диабе­тін, глаукоманың және олардың қатерлі факторларын анықтауға, инсульт, инфаркт, су қараңғылықтың  алдын алуға және оларды дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді.
1. Жүрек-қан тамыр аурулары мен қант диабетін алдын ала анықтау үшін антропометриялық өлшемдер (бойы, дене салмағы, бел шеңбері), қан қысымын өлшеу, қандағы холестерин мен глюкозаның деңгейлерін анықтау 30, 32, 34, 36, 38, 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ер және әйел адамдар арасында жүргізіледі. Көрсетілімдері бойынша: электрокардиография түсіріліп және кардиолог, эндокринолог, қарайды. Қандағы қант пен холестеринді анықтау – аш қарында жүргізілетінін ескертеміз.
2. Глаукома (су қараңғылық) ауруын алдын ала тексеру үшін 30, 32, 34, 36, 38, 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ер және әйел адамдардың көзінің қан қысымын Маклаков бойынша немесе жанаспайтын тонометрді пайдалана отырып көзішілік қысымды өлшейді. Көрсетілімдері бойынша көз дәрігері қарайды.
3. Жатыр мойынындағы патоло­гиялық өзгерістерінің жоқтығына көз жеткізу үшін 4 жылда 1 рет әйел адамдар  жатыр мойыны жағындысының цитологиялық зерттелуін тапсыру қажет. Көрсетілімдері бойынша: акушер-гинекологтың қарап тексеруі (кольпоскопия).
4. Сүт бездерінің патологиялық өзгерістерінің жоқтығына көз жеткі­зу үшін 40-70 жас аралығындағы  әйелдерге 2 жылда 1 рет  сүт бездерінің рентгенологиялық зерттелуі (маммография) жүргізіледі. Көрсетілімдері бойынша: маммологпен онкологтың қарап тексеруі.
5. Жуан ішек ауруларын ерте анықтау үшін 50-70 жастағы ер адамдар мен әйел адамдарға 2 жылда 1 рет  нәжісті жасырын қанға зерттеу жүргізіледі. Көрсетілімдері бойынша: жуан ішектің эндоскопиялық зерттелуі (колоноскопия) жасалады.

Скринингтік зерттеулерге жататын ауыл халқы адамдарын скринингтік тексеру

Скринингтік зерттеулерге жататын адамдар тобы:

  • Мінез-құлықтық қауіп факторларын ерте анықтауға жататын 18 жастан 29 жасқа аралығындағы ерлер мен әйелдер;
  • Артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы ерте анықтауға жататын 18 жастан 29 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер;
  • Асқазан-ішек жолдарының ауруларын және созылмалы бүйрек ауруларын ерте анықтауға жататын 18-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер;
  • Тыныс алу ағзаларының туберкулезін ерте анықтауға жататын 50-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер;
  • Қуықасты безі обырын ерте анықтауға жататын 55-тен 70 жасқа дейінгі ерлер.

                                       Сақтандыру қажет пе?

Профилактикалық қарап-тексеру және скрининг бойынша медициналық көмек ТМККК және МӘМС бойынша көрсетіледі. Учаскелік дәрігердің қабылдауы тегін медициналық көмек шеңберінде жүргізіледі. Сондықтан сақтандырылған тұлға мәртебесі қажет емес. Алайда пациентті консультациялық-диагностикалық қызметтерге (кардиолог, эндокринолог және офтальмологтың консультациясы, талдаулар алу, рентгеннен өту немесе қандай да бір басқа тексерулерден өту) жіберу үшін азаматтың сақтандырылған мәртебесі болуы керек. Өйткені бұл қызметтер МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі.  Егер сізде скринингтен өтуге қатысты қосымша сұрақтарыңыз болса,  оларды учаскелік дәрігерге немесе өз емханаңыздағы пациенттерді қолдау қызметіне қоя аласыз. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, онда сіз ыңғайлы байланыс арнасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығына, Telegram-дағы Qoldau 24/7 және SaqtandyryBot мобильді қосымшасы) жүгіне аласыз.      

         Скринингтік ауқымды шарасы жыл сайын жүзеге асады. Қазіргі таңда көпшілікті күмәнді ойдан арылып, өздігінен тексеруден өту үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Адам өміріне қатер төндірген кеселді ерте кезден анықтау күн тәртібінен түспейді. Әлем елдері онкологиялық дертпен күресте барынша сақтық шарасын ұстанады. Үздіксіз адам ағзасында дамыған қатерлі ісік скринингтік тексеру нәтижесінде ерте  сатыда анықталса, емделуге болады. Қан айналым жүйесіндегі басты қиындық – адам денсаулығында жүре пайда болуында. «Қант диабеті» мен «су қараңғы» диагнозы дүниежүзі халқына аса зор қауіп әкелуде.

Аталған дерттің қайсы бірін алсақ та, бірінші байлықтың  бағасын барынша ұғындырады. Медицина мамандары тарапынан тексеруден өту үшін шақырту түскен жағдайда салғырттық танытпау керек. Тұрақты түрде «РАР тест», «маммография», «гемокульт тест» арқылы өз денсаулығыңыздың кінәратын ерте анықтаған жөн. Мұндай жағдайда  дерттің асқыну салдарынан өлім-жітім азаяды. «Дерт көп, денсаулық біреу» дегенді қатаң қағидаға айналдырсақ, дертті болудан арыламыз. Сол себепті Темір аудандық ауруханысының  дәрігерге дейінгі профилактикалық тексеру кабинетіне келуіңіз сұралады.

Г. А. ТЛЕКОВА, 

                                             Салуатты өмір салтын қалыптастыру

                                                            кабинетінің дәрігері.