Құрылыс нысандарын аралады

0
89

Жуықта аудан әкімі С. Аманбаев, орынбасары Ж.Қойшыбаевпен бірге, «Атырау-Астрахан» тас жолының бойындағы «А» категориялы кемпингтің, Қызылжар ықшам ауданындағы 2 қабатты 16 пәтерлі коммуналдық жалдамалы тұрғын үйдің және Шұбарқұдық кентіне тасқын суды кіргізбеу мақсатында  салынып жатқан  құрылыс жұмыстарын қарап шықты. Ал, келесі күні аудан әкімі көктемгі су тасқыны кезінде су басқан аумақты топографиялық түсіру жұмыстарының барысымен танысу үшін Қызылжар ықшам ауданы аумағына  барды.

Қазіргі таңда, «Атырау-Астрахан» тас жолының бойындағы «А» категориялы кемпингтің құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Алихан Ойл З» ЖШС-ның  басшылары аудан әкіміне, мұнда Шұбарқұдық кентінен 8 адам жұмыспен қамтылғанын, алдағы уақытта 30 адам қабылдау жоспарланғанын хабарлады. Кемпингке инженерлік желілер тарту жұмыстарына жергілікті атқарушы органдар тарапынан  қолдау көрсетіледі. Құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан кемпинг, жақын арада қолданысқа беріледі деп күтілуде. Тексеру соңында аудан әкімі жеке кәсіпкер З. Қожаевқа, әкімдік тарапынан жол бойындағы қызмет көрсетудің басқа да кәсіп түрлерін ашу үшін қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Ал, тапсыру жұмыстары аяқталғалы жатқан Қызылжар ықшам ауданындағы 2 қабатты 16 пәтерлі коммуналдық жалдамалы тұрғын үйдің құрылыс алаңына аудан әкімі С.Аманбаев, орынбасары Ж. Қойшыбаев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М. Балмағамбетов, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ж.Мыңжасар, кент әкімінің міндетін атқарушы С. Төлеуовпен бірге барды.

Бұл құрылыс нысанының келісім шарт құны – 195 миллион теңге. Үйдің жалпы ауданы – 866 шаршы метрді құрайды. Пәтерлер саны – 16. Оның ішінде бір бөлмелісі – 4-еу, екі бөлмелісі – 10, үш бөлмелісі — 2 пәтер. Мердігер мекеме –   «Қазына Строй Сервис» ЖШС-ның өкілі аудан әкімін, нысанның аяқталуға жақындағаны туралы хабардар етті.
Тұрғын үйді аралау соңында аудан әкімі, мердігер мекеменің өкіліне, үйді іргелес аумақпен бірге сапалы түрде пайдалануға беруді тапсырды және аталған тапсырмалардың орындалуын бақылауды аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ж. Мыңжасарға жүктеді.

Сонымен бірге аудан әкімі С. Аманбаев, Шұбарқұдық кентінің кіре берісіне су өткізу құбырын орнату және арнайы техникамен 1400 метр  ұзындықтағы су арнасын салу жобасымен танысу мақсатында, мердігер мекеме – «Сине Мидас Строй» ЖШС-ның өкілі М. Буданмен кездесті. Аталған жобаны іске асырудың мақсаты – тасқын кезінде келетін  суды Қызылжар мөлтек ауданына кіргізбей, бағытын бұрып жіберу үшін «Ақтөбе-Астрахан» республикалық маңызындағы тас жолының асты арқылы мал айдау (скотопрогон) құрылысына дейін қазып, арна салып шығу болып табылады. Жобамен танысқан аудан әкімі, бұл жұмыстың маңызды екенін, сондықтан жауапты кісілерге ертерек бастап, сапалы түрде іске асырылуын жеделдету керектігін ескертті.

Келесі күні, өзінің тапсырмасы бойынша  топографиялық түсіру жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде географиялық жағдайларда қолданылатын су өткізгіш құбырдың типтік сызбаларын жасау үшін ауданымызға келген «Сине Мидас Строй» ЖШС-і өкілдері жұмыстарының барысымен  танысу үшін, аудан әкімі С. Аманбаев, орынбасары Ж. Қойшыбаевпен, бас инспектор Б. Сауытовпен және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы С. Калменовпен бірге,  Шұбарқұдыққа кіре берісте көктемгі су тасқыны кезінде су басқан аумаққа тағы келді. Тексеру аяқталғаннан кейін аудан әкімі, түрік компаниясының өкілдеріне аталған жұмыстарды тездетуді тағы да ұсынды және  тапсырмалардың орындалуын бақылауды  Ж. Қойшыбаевқа  міндеттеді.

     Жалпы  алдағы уақытта, су тасқынына қарсы күресті күшейту үшін, аудан әкімінің тапсырмасы бойынша Қазақауыл, Қызылжар, Задепо т. б. аймақтарда еріген қар суын өткізу қабілетін арттыру мақсатында арналар мен арықтар тазартылады, ағын су шайып кеткен өткел орнына жаңа көпір салынып, екінші көпір нығайтылады, аудандық су тасқынына қарсы комиссияның шешімімен Задепода су ағынын реттейтін бөгет соғылып, шлюз орнатылады, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұсынысын ескере отырып, Мұқан тауының етегіне бекініс бөгеттері  құрылады, су тасқынына қарсы өзге де шаралар Қызылжар мөлтек ауданында да  атқарылатын болады. Осы аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау – аудан әкімінің орынбасары Ж.Қойшыбаев пен бас инспектор Б. Сауытовқа жүктелген.

                                                                                                                                   ТЕМІР ГАЗЕТІ.