Мемлекеттік қызмет саласындағы тың өзгерістер

0
86

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мем­лекеттік қызметке орналасудағы артық кедергілерді жою, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алдына міндеттер қойған болатын.

Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында біршама жұмыстар қолға алынып, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Атап айтқанда, мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын тәмамдаған үздік түлектерге (кем дегенде В+ бағасымен) аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалу мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл білімді, білікті, өз ісіне адал жас мамандарымызды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, аудандық, әсіресе, ауылдық деңгейдегі кадр тапшы­­лығын азайтуға үлкен септігін тигізетін болады.

Мұнымен қоса, мемлекеттік қызметтің баршаға қол жетімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын талаптар қайта қарастырылып, әсіресе аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдардың еңбек өтіліне, біліміне қойылатын талаптары жеңілдетілді.

Сондай-ақ, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жоғары үлгерім көрсеткен түлектер оқуды аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде, өңірдегі жергілікті органдардың жекелеген лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындалатын болады және «Б» корпусының жо­ғары лауазымдарына агенттіктің келісімімен конкурстық ірік­теусіз тікелей тағайындау мүм­кін­дігі де қарастырылып отыр. Сонымен қатар, екі тоқсан бо­йы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіліп, ал төменгі бос лауазым болма­ған жағдайда атқарып отырған лауазымынан босатылатын болады.

Мемлекеттік қыз­метті цифрландыру мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Былтыр «Е-қызмет» жүйесін жаң­ғырту бойынша біршама жұмыстар жүргі­зілді. Аталған жүйенің сырт­қы порталы құрылды. Онда мем­лекеттік қызметке іріктеуді өткізудің форматы қайта қарастырылып жатыр.

Мемлекеттік қызмет сала­сындағы бақылау бағыты да негізгі бағыттарымыздың бірі болып қала бермек. Халыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында тиісті тексеру шаралары жүргізіліп, біршама заңбұзушылықтар анықталды және оларды жою бойынша ұсыныстар енгізілді.

Алайда, мемлекеттік қызметшілер тарапынан құқық бұзушылықтарға жол беру фактілері жыл сайын азайып келеді. Мысалы, мемлекеттік органдардағы тәртіптік тәжірибені талдау тәртіптік жауапкершілікке тартылған қызметшілер санының 18 пайызға азайғандығын көрсетті. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған мемлекеттік қызметшілер саны 3 есеге азайғандығын және Әдеп кодексі нормаларын бұзу фактілерінің де едәуір төмендегендігін көруге болады.

Жалпы, тиісті деңгейде қызмет көрсету, мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың оңтайлы іске асырылуы қызметшілерге тікелей байланысты. Осы орайда, биыл, Президенттік жастар кадр резервіне азаматтарды кезекті іріктеу өтетін болады. Ел Президентінің баста­масымен қолға алынған жастар кадр­лық резервін қалыптастыру білімді де білікті жас мамандарымызды қызметке тартуға бағытталғанын айту керек және да­рынды жастардың бұл жобаға деген қызығушылығы артып келеді.

Дегенмен, осы уақытқа дейін кейбір мемлекеттік органдарға бірнеше резервшіден тағайындалған болса, кейбір мекемелерге резервші мүлдем тағайындалмаған. Осыған орай, резервшілердің салалық топ­тарын қайта қарастыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар, Өңірлік жастар кадр резервін құру жоспарланып отыр. Бұл іріктеуге 35 жас­тан аспай­тын, жоғары білімді, кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар жастар қа­тысатын болады. Бұл резервті өңірдегі жастарға әлеуметтік лифт деп түсінуіміз қажет. Қазіргі кезде өңірлік резервке қа­тысты тү­зетулерді заңға енгізу мәселелері пысықталып жатыр.

Ағымдағы жылы мемлекеттік қызметті өткеру мәселелеріне қатысты тағы да бірнеше маңызды нормалар қабылданды.

Мәселен, басқа өңірге ротация арқылы тағайындалатын мемлекеттік қызметшіге үй жалдауға төлем енгізілді.

Мұнымен қоса, мемлекеттік органдарға нақты бір жобаны жүзеге асыру үшін уақытша келісімшарт бойынша қызметкерді жұмысқа алуға мүмкіндік берілді. Мұндай жұмыскерлер мем­лекеттік лауазымдарды атқар­майды және белгіленген уақытқа ғана алынатын болады.

Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік қызметте қашықтықтан жұмыс жасау және икемді жұмыс кестесін, сондай-ақ, мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеу, жалақы үшін мемлекеттік қызметшінің жұмыс өтілін есептеу тәртібін бекіту, мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылау құзыреттері Агенттікке берілді.

Қорытындылай келгенде, мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде өз жалғасын таппақ және мемлекеттік қызмет­шілердің кәсібилілігін одан әрі арттыруға қатысты шаралар тұрақты негізде жүргізілетін болады.

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы

Талант Медет