«ЕР-ЕДІГЕ» ЖЫР МЕКТЕБІ ӨНЕР КӨРСЕТТІ
Даңқты жерлесіміз, ақын, жырау Нұрпейіс Байғаниннің жырларын ұлықтау, жас ұрпаққа жеткізу мақсатында облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан ашылған «Ер Едіге» жыршылар мектебінің жетекшісі, жырау Әділбек Сарин бастаған бір топ жыршылар Темір ауданына ат басын бұрып, көрермендерге өнер көрсетті.
Қазақтың таза, терең тамырлы, әр сөзі ойлы мән-мағынаға ие жырларына, Нұрпейіс Байғанин атындағы Темір аудандық Мәдениет Үйіне жиналған көрермендер рухтанып, қанаттанып қошеметін білдіріп отырды.
Концерт соңында, ұлттық өнер арқылы қазақ тарихының даңқты парақтарын, елдік жолында аянбай тер төккен асыл бабаларымызды да насихаттап жүрген жыршы-термешілерге Қазақстан Республикасының Құрметті Журналисті, аудандық «Темір» газетінің редакторы Меңдіхан Әділханов халықтың атынан ыстық ықыласын білдірді.
Өткенімізді өрнектеп, тарихымыздан тағылым айтатын, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтетін саф өнеріміздің алтын арқауы жалғаса бергей!
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.