«Болашағымыз тек мұнайға байланысты болмауы керек»

0
68

Өткен аптада Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ауданымызға  жұмыс сапарымен келіп, бірнеше елді мекендерге барып, тұрғындарымен кездесу өткізді,  темірліктерді толғандырған сұрақтарға жауап берді және «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуының, Кеңқияқ мұнай-газ өндіру басқармасы»  жұмыстарының, сондай-ақ «ҚМК Мұнай» АҚ-ның вахталық қалашығы құрылысы қарқынының барысымен танысты. Іссапар барысындағы кездесулерге мемлекеттік органдар мен ауылдық округ аумағында жұмыс істейтін мұнай кәсіпорындарының басшылары да қатысты.

 Кеңқияқтағы тұрғындармен кездесуде, аудан әкімі Саламат Аманбаев баяндама жасап, ауылдағы мектепке күрделі жөндеу жүргізілетінін, ал 2024 жылы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 600 орындық жаңа ғимараттың құрылысы басталатынын, бұл үш ауысымда оқыту проблемасын жоюға мүмкіндік беретінін  тілге тиек етті.  Облыс әкімі Ералы Тоғжанов, уәкілетті мемлекеттік органдарға жаңа білім ұясының құрылысын биыл бастау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Жалпы, облыс басшысы Кеңқияқтағы кездесуде, әсіресе тұрғындардың сұрақтар  қойуына басымдық берді. Өз кезегінде кеңқияқтықтар ауылішілік жолдардың жай-күйіне, ауылдағы  жаз мезгілінде су қысымының төмендігіне, көшедегі қаңғыбас иттер проблемасына, медициналық мамандардың, атап айтқанда дәрігерлердің тапшылығына, тұрғын үй қорының ескіруіне, түнгі уақыттағы көше жарығына, интернет жылдамдығының төмендігіне т. б. өзекті мәселелер жөніндегі шағымдарын айтты. Кездесуде айтылған  түйіткілдердің барлығы, Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес бақылауға алынып, оларды шешу жолдарын анықтау үшін уәкілетті органдар тарапынан қосымша қаралатын болды. Облыс әкімі, бұдан былай  осы аумақта өнім өндіріп, жер қойнауын пайдаланушылар елді мекенді абаттандыру мен көгалдандыруға белсенді қатысатынын  айтты. Бұл туралы ол: «Компаниялар жергілікті халықтың жайлы өмір сүруіне барлық жағдайды жасауға міндетті. Оларға  міндеттемелер  жіберіледі» деп атап өтті.  Сонымен бірге кездесуде  Ералы Тоғжанов, Кеңқияқ тұрғындарын кәсіпкерлікпен айналысуға, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл шаруашылығын дамытуға шақырды.

Ералы Тоғжанов, Кеңқияқ ауылындағы жұмыс сапары аясында, «ҚМК Мұнай» АҚ-ның вахталық қалашығы құрылысының барысымен танысты. Жобалық қуаттылығы жылына 410 мың тонна мұнайды құрайтын бұл кәсіпорын 2004 жылдан бастап, Темір  мен Мұғалжар аудандарында орналасқан кен орындарында өз қызметін жүзеге асырып келеді. Мұнда 280 адам жұмыс істейді. Өнімдер ішкі нарыққа жеткізіледі және Еуропа мен Қытайға экспортталады. 2021 жылы кәсіпорын аумағында, құрамына әкімшілік-тұрмыстық корпус, 200 адамға арналған жатақхана, 100 орындық асхана, өрт сөндіру бекеті, баскетбол мен волейбол алаңы және т. б. кіретін вахталық қалашықтың құрылысы басталған болатын. Нысан үстіміздегі жылдың маусым-шілде айларында  пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Облыс әкімі, компания басшылығының алдына қызметкерлерге барлық жағдайды жасау және жалақыны көтеру міндетін қойды. «Мені бірінші кезекте – қызметкерлердің жайлы тұруы үшін қабылданатын шаралар, еңбек жағдайлары қызықтырады. Осыны ескеріңіз» деп  атап өтті, өңір басшысы.

Сондай-ақ Ералы Тоғжанов «Кеңқияқ мұнай-газ өндіру басқармасына» барып, кәсіпорын басшылығының назарын қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне  аударды. Мұнда барлығы  728 адам жұмыс істейді, оның 671-і Темір ауданының тұрғыны. Мұнай өндірудің жалпы көлемі тәулігіне 1 272 тоннаны құрайды.
Облыс әкімі, аудан аумағында жұмыс істейтін мұнай өндіруші компаниялардың басшыларын елді мекендер тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуден, атап айтқанда әлеуметтік нысандар салу, инженерлік және жол инфрақұрылымын дамытудан т. б. тыс қалмауға шақырды.  «Сіз аудан аумағында жұмыс істейсіз, ауылдарға көмектесуіңіз керек. Сіздің көлігіңіз осы жолдармен жүреді, жол төсемін бұзады, оларды жөндеу  қажет. Тиісті міндеттемелер де барын ұмытпауыңыз керек» деді бұл туралы өз сөзінде  Ералы Тоғжанов.
Жалпы, Кеңқияқ ауылының аумағында жол жобаларын жедел жүзеге асыру мақсатында, қуаттылығы 1000 тонна битум шығаратын асфальт зауыты салынды. Кәсіпорын мамыр айының ортасында іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл зауыт өнімін «Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі» автожолының 78-84 шақырымдағы учаскенің 6  шақырымдық аумағын қайта жаңартатын, 0-111 шақырым  аумағына орташа жөндеу жүргізетін, сондай-ақ ауылдағы 9 көшеге  жол желісін салатын және 5 көшеге орташа жөндеу жасайтын мердігер ұйымдар пайдаланатын болады. Ералы Тоғжанов аудан басшылығына жол-құрылыс жұмыстарының орындалу сапасын ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ осы жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

           Сонымен бірге,  Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты. Негізі,  ауданда 297 миллион теңгеге жоспарланған 62 жобаның 42-сі мақұлданған. Аудан тұрғындары 4 жылыжай ашып, құс және өсімдік шаруашылығын дамыту бойынша 29, ет пен сүт өңдеуге қатысты 6 жобаны жүзеге асыруға ниетті. Жақсымай ауылдық округінің Шұбарқұдық ауылына келгенде, өңір басшысы ауданы 50 шаршы метр болатын жылыжайға барды. Мұнда жергілікті кәсіпкер Максим Чирков көшет, аскөк, ақжелкен секілді өсімдіктер отырғызып, мол өнім алуда. Кәсіп иесі «Ауыл аманаты» аясында 7 миллион теңге жеңілдетілген несие алуға өтінім берген. Бұл қаражатты  ол, одан әрі ісін  кеңейтуге, яғни ауданы 400 шаршы метр жылыжай салуға жұмсамақ.

Ауданымызда тауарлық несиелеу – үлкен сұранысқа ие. Бұған дейін шаруа қожалықтары темірлік отбасыларға 230-дан астам ірі қара мен ұсақ мал берілген. Бүгінде Шұбарқұдық ауылынан тағы төрт отбасы, тауарлық несиелеу шартымен, 80 бас ұсақ мал алды.

Шұбарқұдық ауылында облыс басшысы бұрынғы теміржолшы Жәнібек Елтезеровтің егіс алаңына да барды. Кәсіпкер үшінші жыл қатарынан картоп, қияр және қарбыз өсіріп келеді. Биыл 20 гектар жерден өнім алуға ниетті. Әңгіме барысында Жәнібек Елтезеров, «Ауыл аманаты» жобасын өңірімізге енгізген облыс әкіміне алғысын білдірді. Ол аталған жоба ауыл тұрғындарына өз ісін бастауға үлкен мүмкіндік береді деп санайды. Оның өзі жоба арқылы жыл бойы көкөніс өсіруге ынталы. «Менің жұмысым – маусымдық. Жыл бойы жұмыс істеуім үшін, маған кемінде 400 шаршы метр жылыжай  керек. Оған шамамен 14 миллион теңге қажет. Бұл қаражатты «Ауыл аманаты» бойынша аламын деп үміттеніп отырмын» деп  жоспарымен бөлісті кәсіпкер. Сонымен қатар Жәнібек Елтезеров, өңір басшысына өнімді сатуға көмектесу туралы өтінішін жеткізді. Ералы Тоғжанов «Табыс» коммуналдық базарында оған өтеусіз негізде сауда орыны берілетінін айтты.
Азаматтардың бизнес бастамаларын қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар арқасында бүгінде ауданда көптеген ШОБ субъектілері, оның ішінде сәндік-қолданбалы өнер цехы табысты жұмыс істеуде. Қолөнер шебері Нұрлан Жақыбаев цехты дамытуға «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы ие болған 5 миллион теңге грант қаражатын жұмсаған. Облыс әкімі оның өндіріс технологиясымен танысты.
– Екі  шәкіртіммен бірге қамшы мен торсық жасаймыз. Бір өнім екі аптаға дейін уақыт алады. Сұраныс өте үлкен. Біз негізінен алдын ала тапсырыс бойынша жұмыс істейміз. Халықаралық көрмелерге жиі шақырады. Біздің ұлттық өнеріміз бүкіл әлемде жоғары бағаланады, – деді Нұрлан Жақыбаев.
Өңір басшысы ұлттық мәдени мұраны сақтағаны және насихаттағаны үшін шеберге алғысын білдіріп, еңбегіне табыс тіледі.

       Ал, Ералы Тоғжановтың  аудан орталығындағы Нұрпейіс Байғанин атындағы мәдениет үйінде өткен тұрғындармен кездесуіне, жергілікті мемлекеттік атқарушы органдар мен аудан аумағында жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың басшылары да қатысты. Кездесуде аудан әкімі Саламат Аманбаев, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, биылғы жылға арналған міндеттер туралы баяндама жасады. Баяндамада 2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына сәйкес, ауданда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында өндірістің өсімі байқалып отырғандығы, негізгі капиталға инвестициялар тарту, тұрғын үйлерді іске қосу, құрылыс жұмыстарының көлеміне қатысты жоспарлар асыра орындалғаны т. б. айтылды. Ең өзекті мәселелердің бірі – елді мекендерді газдандыру. Бүгінгі таңда аудан халқының 93,4%-ы тұратын 14 ауылға көгілдір отын тартылған. Қазіргі уақытта Алтықарасу және Еңбекші ауылдарында газ құбырларының құрылысы жүргізілуде. Осы жобалар іске асырылса, халықтың газбен қамтамасыз етілу деңгейі 95,9%-ға жетпек. Шалғайдағы елді мекен үшін автомобиль жолдарын жөндеу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Биылғы жылы Темір ауданында ұзындығы 46,9 шақырым болатын жолдарды жөндеу бойынша 11 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде Тасқопа және Сартоғай ауылдарына кіреберіс жолдарды, Шұбарқұдық, Кеңқияқ және Қопа ауылдарындағы ауылішілік көшелерді жөндеу бойынша жобалар бар.

Облыс әкімі жолға арналған жобалардың санын ұлғайтуды, оның ішінде аудан аумағында жұмыс істейтін ірі жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік жауапкершілігі аясында және тиісті міндеттемелерін іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Аудан тұрғындары өңір басшысына ауылдардағы интернеттің сапасына, ескі көппәтерлі үйлердің инженерлік желілерінің қанағаттанарлықсыз жай-күйіне, жұмысқа орналасуға, медицинаның қолжетімділігіне және т. б. қатысты сұрақтармен жүгінді.  Шамамен екі сағатқа созылған тұрғындармен кездесуде көптеген сұраққа жауаптар берілді. Қосымша қарауды және шешуді қажет ететін мәселелер бақылауға алынды және «Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды» деп сендірді Ералы Тоғжанов.

Кездесу соңында   Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес негізгі міндет халықтың өмір сүру сапасын жақсарту болып қала беретінін атап өтті. Тұрғындардың табысын арттыру, коммуналдық саланы, оның ішінде инженерлік инфрақұрылымды дамыту басты назарда болуға тиіс. «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын күшейту қажет. Бұл – ауыл тұрғындарының табысын, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, ауылдық аумақтарды дамытуға мүмкіндік беретін жоба. Бірінші кезекте жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, АӘК алатын отбасылар қатыстырылуы тиіс. Бүгінгі таңда ауданда бұл бағыттағы жұмыс өте төмен. Болашағымыз тек мұнайға байланысты болмауы керек. Болашақ – экономиканың басқа салаларында, соның ішінде ауыл шаруашылығында. Халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет» деді   Ералы Тоғжанов.
Облыс әкімі ауданда қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту, пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да қанағаттанарлықсыз жүргізіліп жатқанын алға тартты. Аудан басшылығына экономиканы әртараптандыруға қатысты міндеттер қойылды.

Аудан орталығындағы кездесуден соң Ералы Тоғжанов, тұрғындарды жеке қабылдау өткізді.

ТЕМІР ГАЗЕТІ.