«Ауыл аманаты» жобасына басымдық берілсін!
Таяуда аудан әкімі С. Аманбаев, алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, Жақсымай және Кеңестуы округтерінің түрғындарымен кездесті және құрылыс орындарын қарады. Іссапарға аудандық мәслихаттың төрағасы Б. Шаимов, барлық мекеме, бөлім басшылары және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Жақсымай ауылдық округі
Шұбарқұдық ауылының тұрғындарымен кездесу барысында аудан әкімі, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін тілге тиек етіп, «Ауыл аманаты» жобасына тоқталды. Ал округ әкімі Р. Құдайбергенов, ағымдағы жылдың 5 айында атқарған жұмысының есебін беріп, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 8 құжат тапсырылып, 6 жоба қолдау тапқандығын мәлімдеді. Мұндағы 4 жоба кұс шаруашылығына, 1 жоба сүт өнімдерін өндіруге, 2 жоба жылыжай кешеніне, 1 жоба наубайханаға бағытталған екен. Мәлімдемеде, бұған қосымша тағы 7 жобаға ниет білдірушілер бар екені айтылды. Сондай-ақ ауыл әкімі жиналғандарды, жыл басынан бері 6 тұрғын жеке кәсіпкер болып тіркеуден өткендігі туралы хабардар етті.
Кездесу соңында тұрғындар абаттандыру және жарықтандыру мәселесін сөз етті. Ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдаған аудан әкімі С. Аманбаев, барлық сұрақтарға нақты да толымды жауап берді.
Бұдан кейін С. Аманбаев, Жақсымай бекеті тұрғындарымен жүздесті. Жиында аудан әкімі алдымен атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды. Ал, ауыл тұрғындары тарапынан көшелерді жарықтандыру мәселесі көтерілді. Бұл мәселеге округ әкімі Р. Құдайбергенов жауап беріп, ағымдағы жылдың жоспарына сәйкес Жақсымай бекетіндегі Теміржол көшесіне қосымша 20 жарық шамдары орнатылатындығын жеткізді. Аудан басшысы, округ әкімі Р.Құдайбергеновке жиында айтылған ұсыныс-пікірлер мен сауалдардың барлығын жеке бақылауына алып, аталған мәселелер төңірегінде жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды.
Осы сапарында С. Аманбаев, Жақсымай ауылдық округіндегі заман талабына сай бой көтергелі жатқан 150 орындық клуб ғимаратының құрылысын қарады. Шұбарқұдық ауылында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында басталған, бір қабатты жаңа мәдениет үйінің құрылысын «СтроНЕФ» ЖШС, жыл соңына дейін аяқтап, тұрғындардың игілігіне пайдалануға бермек.
Бұдан соң аудан әкімі С. Аманбаев, жолдағы құрылыс жұмыстарының жай-күйімен егжей-тегжейлі танысты. Қазіргі таңда Жақсымай ауылдық округінде, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, 2 жоба бастау алған. Мұнайшылар және Кеншілер көшелеріндегі жолдарға ағымдағы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қатты жабынды асфальт төселіп, шілде айында пайдалануға беру жоспарлануда. Тексеру соңында аудан басшысы, округ әкімі Р. Құдайбергеновке аталған құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қатаң қадағалауда ұстауды тапсырды.
Осы күні аудан әкімі С. Аманбаев, Жақсымай ауылдық округінде жаңадан ашылған «Иман» шағынмаркетіне соғып, жеке кәсіпкер Р. Кадыровпен кездесті. Жеке кәсіпкер Р.Кадыров жеке қаражаты есебінен ауыл ішінде сауда нысанын ашып, 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кездесу соңында аудан әкімі азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу туралы ұсынысын жеткізіп, жаңадан ашылған нысанға көңілі толғанын айтты және кәсіпкер Р.Кадыровқа табысқа жетуіне тілектестік білдірді.
Кеңестуы ауылдық округі
Аудан әкімі С. Аманбаев, Кеңестуы ауылдық округіне бағытталған жұмыс сапары барысында, Шитүбек ауылының тұрғындарымен кездесіп, ауданның әр саладағы көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқтала келіп, түйінді мәселелерді шешу жолдарын айтып өтті. Аудан басшысы мен округ әкімі Ж. Маясаровтың баяндамаларынан кейін, ауыл тұрғындары сұрақтары мен көптен толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салды. Жиында шитүбектіктер аудан басшысына, әсіресе «Ауыл аманаты» жобасына қатысты сұрақтар қойды. Аудан басшысы тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беріп, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға шақырды, қаражат болмаған жағдайда мемлекеттік қолдау бағдарламаларына сүйенуге мүмкіндік бар және ең бастысы – жұмыс істеуге, кәсіп ашуға ықылас болса – аталмыш жоба таптырмас мүмкіндік екендігін айрықша атап өтті.
Аудан әкімі С. Аманбаев, осы тұста жер қойнауын пайдалану келісімшартының мерзімін ұзартпағандықтан, екі жыл көлемінде, жұмысын тоқтатып тұрған «Сайғақ Қазақстан» ЖШС өндірістік базасына барды. Қазіргі таңда, осы мәселе бойынша, Министрлікте келіссөз жүргізілуде екен. ЖШС өкілдерімен кездесуде аудан әкімі аталмыш кәсіпорын жұмысын қайта бастаған кезде, бірінші кезекте осы серіктестікте бұрын жұмыс істеген Шитүбек ауылының 14 тұрғыны жұмысына қайта орналасуы қажеттілігін баса айтты және округ әкімі Ж. Маясаровқа бұл мәселені қатаң бақылауға алуды, сонымен қатар аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкеріне консервациялау кезеңінде мүліктің сақталуын қамтамасыз ету үшін серіктестік күзетшілеріне қолдау көрсетуді тапсырды.
Қалмаққырылған ауылының тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі С. Аманбаев, жүзеге асырылған жобалар мен 2023 жылға жоспарланған міндеттер туралы қысқаша таныстырды. Атап айтқанда С. Аманбаев, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Ақтөбе өңірі таза ауыз сумен 98,6% қамтылғанын, ағымдағы жылы 18 ауыл орталықтандырылған ауыз сумен, ал 14 ауыл кешенді блок-модульдермен қамтылып, 99,7%-ға жеткізілетіндігін, осыған орай Қалмаққырылған елді мекеніне орталықтандырылған ауыз су желісі жүргізіліп, толығымен тұрғындар игілігіне пайдалануға берілетіндігін, сондай-ақ көшелер заманға сай жалпы округ бойынша 102 нүкте жарық диодты шаммен қамтылғанын, бұған қоса елді мекендегі шағын футбол алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен пайдалануға берілгенін, ағымдағы жылы ауылда «Теле2», «Altel» ұялы телефон байланысы да іске қосылғанын жеткізді және тұрғындар тарапынан көтерілген өзге де мәселелер алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті. Өз кезегінде ауыл тұрғындары жағдайларының күн санап жақсарып келе жатқандығын айтып, аудан әкіміне алғысын білдірді.
Аудан әкімі С. Аманбаев Қопа ауылына келгенде, Мектеп көшесіндегі асфальт жабындысын төсеу жұмыстарын қарады. Қазіргі таңда, жоба құны 113,7 миллион теңгені құрайтын, жалпы ұзындығы 1,044 шақырымнан тұратын бұл құрылыстың бастапқы жұмыстары басталып кеткен. Жұмысты мердігер мекеме – «Батыс Коммерц Строй» ЖШС атқаруда. Аудан басшысы, округ әкімі Ж.Маясаровқа және мердігер компания өкілдеріне, асфальттау жұмыстарының стандарттарға сәйкес сапалы төселуін қатаң бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берді.
Ал, қопалықтармен кездесу кезінде, аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырып, ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы туралы баяндап өтсе, Ж. Маясаров округтегі экономика, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, идеология салалары бойынша төрт айдың қорытындысын және алдағы міндеттерді тарқатып айтып берді.
Аудан әкімі С. Аманбаевтың Қопа ауылының тұрғындарымен бұған дейінгі есептік кездесуінде ауыл тұрғындары, ауылдың кіре берісіне дейін жарық шамдарын орнату туралы ұсыныстарын білдірген болатын. Ж. Маясаров осы мәселені еске алып, Қопа ауылы иенінен бастап, ауылдың кіреберісіне дейінгі асфальттің жиектеріне заманға сай жарық шамдары орнатылатынын, қазіргі таңда мердігері «Акт инвест холдинг» ЖШС болып анықталып, алдағы аптада жұмысын бастайтындығын, жобаның құны — 4500.0 мың теңге екенін мәлімдеді.
Аудан басшысы, округ әкімі Ж.Маясаровқа атқарылатын жұмыстардың сапалы болуын қатаң қадағалауды, жиында айтылған ұсыныстарды хаттамаға енгізіп, орындалуын бақылауға алуды тапсырды және кездесу соңында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау ұйымдастырды.
Айта кетерлігі, аудан әкімі С. Аманбаев, екі округтегі тұрғындармен барлық кездесулерінде, «Ауыл аманаты» жобасына басымдық берілуі керектігін ерекше атап өтті.
ТЕМІР ГАЗЕТІ.