«AMANAT» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өтті

0
97

Кеше Астанада «AMANAT» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өтті. Оның жұмысына 3 мыңға жуық адам қатысса, олардың 2,5 мыңы немесе еліміздегі барлық мәслихат депутаттарының 77%-ы – жергілікті өкілді органдардың аманаттық депутаттары.

«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұсынған «Әділетті Қазақстан мен Адал азамат» концепциясына ерекше назар аударды.

«Әділет пен адалдық – ажырамас ұғымдар. Ал осы ұғымдардың салтанат құруы үшін қоғамдық сана мен әлеуметтік құндылықтар өзгеруі керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Бұл бізге де қатысты. Осы жолда «AMANAT» партиясы барлық игі істердің алғы шебінде жүруі тиіс. Халықтың сенімі бізге күш береді. Сол сенімнің арқасында, өткен сайлауда Мәжілісте де, мәслихаттарда да басым дауысқа ие болдық. Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсындық. Министрлерді тағайындадық. Мәслихаттағы фракцияларымыз облыстар мен мегаполистердің әкімдерін тағайындады. Бір сөзбен айтқанда, «AMANAT» зор абырой мен орасан жауапкершілік дегенді білдіреді», – деді ол.

Ерлан Қошанов атап өткендей, «AMANAT» партиясы үш науқанның – президенттік және парламенттік сайлаудың, сондай-ақ жалпыұлттық референдумның қозғаушы күші болды.

«Бұл біздің партиямыздың институционалдық тұрақтылығының көрсеткіші. «AMANAT» партиялық вертикальдың жұмыс істейтінін және азаматтар партияға сенім артатынын дәлелдеді. Қазір мәслихат депутаттарына партиялық вертикальға толық қосылуға, оның ресурстары мен мүмкіндіктерін пайдалануға, шешімдер әзірлеп, оны қабылдауға мүмкіндік беру маңызды. Жалпы, келесі сайлауда кадр резервін бірінші кезекте мәслихат депутаттарынан – белсенді, адал, халық арасында сенім мен беделге ие азаматтарадан қалыптастыру керек деп санаймын», – деді ол.

Партия Төрағасы аманаттық депутаттар әкімдіктермен өзара тиімді қарым-қатынас жасауы тиіс екенін, себебі сайлауалды уәделерді орындау осыған келіп тірелетінін ерекше атап өтті.

«Мәслихат депутаттарының өкілеттілік аясы кең, олар өңірдің дамуына ықпал ете алады. Дәл осы мәслихат депутаттары облыс әкімін сайлайды, тексеру комиссияларын құрып, аумақтарды дамыту бағдарламалары мен бюджетті бекітеді. Бұл – мәслихаттар әкімдіктермен қатар өңірлердегі өмір сапасына жауапты деген сөз», — деді ол.

Ерлан Қошанов мәслихаттарға есеп беру, бағдарламалар мен бюджетті бекіту тек қағаз жүзінде болмауы тиіс екенін атап өтті. Жергілікті деңгейде пікірталастар болуы қажет. Онда депутаттар өз сайлаушыларының мүддесін қорғауы керек.

«Бәрінің бірдей көңілінен шығуға деген ниет мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына кедергі келтірмеуі тиіс. Сынның болғаны дұрыс, бірақ популизмге жол бермеуіміз керек. Әкімдіктер мен мәслихаттар өзара бәсекелес те, қарсылас та емес, серіктестер», – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Сайлауалды тұғырнамасын және «AMANAT» партиясының бағдарламасын іске асыру Үкімет жұмысының негізі екенін атап өтті.

«Осы бағдарламалық құжаттарды тиімді іске асыру халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Алдымыздағы мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті ресурстардың барлығы бар. Қойылған міндеттерге қол жеткізу мәслихаттардың да белсенді қатысуын талап етеді», – деді ол.

Сондай-ақ Үкімет басшысы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға биыл 100 млрд теңге бөлінетініне тоқталды.

«Жоба 7 жылда 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтиды. Бұған 1 трлн теңге қарастырылды. Агроөнеркәсіптік кешенде 536 млрд теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба жүзеге асырылуда. Көктемгі егіс және орақ науқанын жеңілдікпен несиелендіру көлемі биыл 140 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен несие беру мөлшері 145 млрд теңгеге жетті», — деді Үкімет басшысы.

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қоғамдық сана өзгермей, мемлекет пен қоғамның жаңа сапасы қалыптаспайды деп есептейді. Ол президенттік реформалардың мәні негізгі саяси институттарды нығайту екенін атап өтті.

Ең басты міндет – реформаларды жүзеге асыру ғана емес, оларды бүкіл қоғам болып жүргізу. Сондықтан, саяси жаңғырту бағдарламасын іске асыру Конституцияға өзгерістер енгізуді талап еткен кезде, Президент жалпыұлттық референдум өткізу жөнінде бастама көтерді. Референдум нәтижесі қоғамдық топтасудың сапалы жаңа деңгейге шыққанын айғақтады. Мұны президенттік және парламенттік сайлау қорытындысы да растады», — деді ол.

Форум делегаты, Абай облыстық мәслихатының депутаты Шағангүл Жанаева «AMANAT» партиясы кез келген қиындықта бірінші болып халыққа қол ұшын созатынын атап өтті.

«Жақында Абай облысында орын алған өрт кезінде «Жастар Рухы» Жастар қанатының 500-ден астам еріктісі оқиға орнында жұмыс істеді. Олар зардап шеккен тұрғындарға көмектесіп, өрт сөндірушілерді тамақтандырды, үйінділерді тазартты. Бұл «AMANAT» партиясының жауапты саяси күш екенінің айқын көрсеткіші», — деді ол.

Өз кезегінде форум делегаты, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Евгений Буслаев зиянды және қауіпті өндірістердің қызметкерлерін зейнетке ерте шығару мәселесін көтерді. Ол бұл мәселені партия өз сайлауалды бағдарламасына енгізіп, шешуді көздеп отырғанын жеткізді.

Форум делегаты, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әсия Ақанова министрлер мен әкімдер есеп беретін көптеген бастаманың «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатқанына назар аударды. Депутаттар билік пен халық арасында көпір болып, азаматтардың мүдделерін қорғауы және қордаланған мәселелерді шешуге көмектесуі тиіс.

Өздеріңіз білетіндей, жақында «Заңсыз иеленген капиталды қайтару туралы» заң қабылданды. Форум делегаты, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ат төбеліндей топ шет елге миллиардтаған долларды шығарып әкеткенін мәлімдеді. Ол ұрланған қаражатты елге қайтару жұмысын аяғына дейін жеткізу қажет екенін атап өтті. Осы мәселе бойынша партия  мүшелері барлық деңгейде нақты іс-қимыл жасау керек. Бұл – халықтың талабы.

Айта кетейік, өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету – партия Саяси тұғырнамасының басымдықтарының бірі.

Еске сала кетейік, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының мүшелері 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» деп аталатын сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың республикалық және 20 өңірлік жол картасын бекітті. Атап айтқанда, 78 млн. шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салу, мектепке дейінгі ұйымдарда 300 мың, мектептерде 1,5 млн. орын ашу, халықты 100% сумен жабдықтауға қолжетімділігін қамтамасыз ету, шағын бизнес үшін 15 мың кедергіні жою және т.б.

Форум аясында «AMANAT» партиясынан мәслихат депутаттары бейінді министрлердің қатысуымен панельдік сессиялар аясында оқыту семинарларын өткізді.

 

«AMANAT» партиясының Баспасөз қызметі