АҚСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ КҮНІ

0
66

Араға бірнеше жыл үзіліс салып, қайта жанданып, жаңғырған аудан орталығындағы «Жазғы әуен» атты мәдени-спорттық, ойын-сауық  шарасының  өткен бейсенбідегі кезегі

Ақсай ауылдық округіне тиді. Кезегі Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс  түскенін жақсылыққа жорыған ақсайлық өнерпаздар, аудан орталығына көтеріңкі көңіл күймен келіп, өздерінің дайындап келген  концерттік бағдарламасын да «Ауыл кеші көңілді!» деп атапты. Концертпен балама түрде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша көрме ұйымдастырылып, гір мен қой көтеру, қазақ күресі сияқты т. б. ұлттық спорт түрлерінен   жастар өзара күш сынасты, кәсіпкерлер шеберлік сағатын ұйымдастырып, көпбалалы отбасыға қаржылай сертификат табысталды.

             Аталған шара туралы сөзімізді «Ауыл кеші көңілді!» атты концерттік бағдарламдан бастасақ, Ақсай өңірі дарынды өнерпаздардан кенде емес екенін көрсетті. Көрермендер, бағдарламасын Ақсай ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Маржан» би тобының әсем биімен ашқан өнерпаздардың өнерлеріне, концерттің соңғы әні орындалғанша қол соғып, ризашылығын білдіріп отырды. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, әсіресе ардақты ана, ұстаз Айымгүл Сәтбекқызының орындаған «Алтын бесік», кәсіби музыкалық білімі бар Іздаш Нұрзаттың шырқаған «Ой көк» және «Қыз дәурен», көп балалы ана, ардақты ұстаз Жанаргүл Жаңбыршинаның салған «Жалғандағы жангүлім», Нұршат есімді қызымыздың әуелете шырқаған «Желкілдек», Данияр атты солист жігіттің хормен айтқан әндері, Шығырлы ауылдық клубының «Гүлдер» атты би тобының «Қуыршақтар», «Қазақ биі», «Ағаш қасық» билері, бір топ өнерпаз жастардың   сахналастырған «Үнді махаббаты» породиясы т. б. көрермендердің көңілінен шықты.

Шараға аудан әкімі С. Аманбаев қатысып, осындай  шара ұйымдастырып, аудан орталығы тұрғындарына қуаныш сыйлағаны үшін ақсайлықтарға  ризашылығын білдіріп, өнерпаздар мен жас кәсіпкерлерді «Алғыс хатпен»  марапаттады, бір көпбалалы отбасыға қаржылай сертификат табыстады және  мұндай шара әрбір бейсенбі сайын жалғасын табатынын айтып, Шұбарқұдық тұрғындарын сол күні саябаққа келіп, концерт пен көрмелерді тамашалап, демалуға шақырды. Осы тұста, шара аясында, ауыл ақыны Бағдан Құлбековтың «Таң бозында туған жұлдыз» атты жыр кітабының тұсаукесер рәсімі өткенін де айта кеткеніміз жөн. Аудан әкімі С. Аманбаев пен Ақсай ауылдық округінің әкімі Н. Бегімов, кітап иесіне құтты болсын айтып, жақсы тілектерін білдірді және халық атынан шапан жапты.

Саябақта «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жұмысын бастап, кәсібін сәтті жүргізіп жатқан кәсіпкерлердің көрмесі ұйымдастырылды.  Тұрғындар көрмедегі қояндар мен құстарды, кәсіпкерлер өндірген сүт, ет, нан, кондитер, тігін цехы т. б. өнімдерін тамашалады. Шараны ұйымдастырушылар балаларға тәттілер таратып,  ұлттық спорт түрлерінен  және басқа да әралуан бағыттарда жарыстар ұйымдастырып, жеңімпаздардарға марапат ұсынды.

Саябаққа жиналған аудан орталығы тұрғындары, Ақсай ауылдық округінің ұйымдастырған мәдени-спорттық, ойын-сауық шарасы аяқталған соң да, одан алған жақсы әсерінен, түрлі ойын алаңдарында балаларды ойнатып, өздері де серуендеп дегендей     біраз уақытқа дейін тарқамады. Бұл, жұмыс аптасының аяғында бір уақыт орталық саябаққа келіп, жақсы ән тыңдап, әсем би тамашалап, ауылдың жаңалықтарын көзбен көріп, халыққа жайбарақат демалуға  мүмкіндік жасайтын осындай шаралар қажет екенін көрсетеді.

Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ.