Жерлес журналистің кітабы таңдалды

0
90

             Ақтөбе облысындағы «Оқитын өлке» атты акциясының аясында, Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүесінің оқырмандары, «Темір» аудандық «Темір» газетінің жауапты хатшысы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Әбдісәли Дәулетбаевтың «Шөмекей шабыт немесе Төле туралы хикаялар» атты жинағын таңдапты. Бұл туралы Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Марат Мырзалин редакциямызға хабарлады.

  –  Өткен сәуір айында, аталған акцияның талабына сәйкес, Ақтөбе облысында жасайтын бірнеше ақын-жазушылардың кітаптарын  ауданымыздың оқырмандарына ұсынған едік. Оқырмандарымыздың таңдауы Ә. Дәулетбаевтың «Шөмекей шабыт немесе Төле туралы хикаялар» атты жинағына түсті. Ырғыздық оқырмандардың таңдауын  Ақтөбе облыстық орталықтандырылған кітапхалар жүйесі жанындағы «Оқитын өлке» акциясын ұйымдастырушы комиссияның мүшелері бір ауыздан бекітті. Сөйтіп, бір ай бойы автордың кітабын насихаттайтын роликтер мен көргізбеліктер жасалып, жазушының шығармашылығын талқылау үшін дөңгелек үстел т. б. бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Ұйымдастырылған шараларға мектеп оқушылары, мұғалімдер, аудандық «Ырғыз» газетінің қызметкерлері мен оқырмандары т. б. қатысып, Ә. Дәулетбаевтың шығармашылығы туралы өз пікірлерін ортаға салды. Жалпы, акция ырғыздық кітап сүйер қауымның кітапқа  деген қызығушылығы мен өте сәтті өтті, – дейді Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры                        М.Мырзалин.