Жәрмеңке — өнер ордасына айналған

0
85

     Қарақамыс  жәрмеңкесі — біздің ауданымыз үшін маңызды орын алады. Бүгінде,   сол заманның өзіндік ерекшелігін ескере отырып,   аталған жәрмеңкені, кемелдену кезеңі ретінде, ұлықтау басты назарда. Сол кезең ­— аймақ үшін мәдениет пен экономика  дамуы   керек екенін дәлелдеді. Қазіргі кезде, Қарақамыс  жәрмеңкесі — 1869 жылы  Темір уезінің орталығы болған, Темір  өзенінің орта ағысында орналасқан  Темір қаласында 1875  жылдан бастап  өтіп тұрғаны белгілі болып отыр. Жердің Қарақамыс аталуы — өзеннің осы тұсының жағалауында  өте қалың және түсі қара қамыс шығып, оны жергілікті халық  отындық ретінде пайдалантын  болған.

Қарақамыс жәрмеңкесі —  оңтүстіктен Ташкент пен Бұхардан Бөкей және Орал жәрмеңкелеріне өтетін сауда жолының үстінде болды. Бастапқы кезде орыстың ұсақ-түйегіне мал айырбастаудан басталған базар,   1875 жылдан бастап, атақты Қарақамыс жәрмеңкесіне айналды.  Әуелі көктемде ғана өткен жәрмеңке,  тез арада күш алып, кейін жылына 2 рет — 20-шы мамыр мен 20-шы маусым аралығында, ал күзде 1-ші қыркүйек пен 1-ші қараша аралығында өтетін болды. Оған Уфа, Қазан,  Саратов, Жаманқала, Самар , Мәскеу көпестері, Бұхар мен Ташкент саудагерлері қатысқан. 1879 жылы Қарақамыс жәрмеңкесінде 157 татар, 52 орыс, 51 қазақ, 24 өзбек саудагері қызмет етіп, 325 киіз үй құрылып, кенептен тігілген дүкендерде мал, мата, жүн-тері, азық-түлік, түрлі қолөнер бұйымдары сатылды деген дерек бар.

Темір жәрмеңкесінің белгіленген мерзімде ашылып,  қызу саудамен ажары кіріп, жиналған жұртшылықтың назары  сауда-саттықпен бірге өнер жарысына да ауып, өнер ордасына да айналған. Осы жәрмеңкеде кердері Әбубәкір, кете Шернияз, шүрен Нұрпейіс,  Молдабай Тәңіберген сынды жыр дүлділдері жыр толғап, Қазанғап, Төреш, Мөңке сияқты дәулескер күйшілер  осында жиналып, халық алдында өздерінің тамаша күйлерімен елдің көңілін көтеріп, халықты рухани сұранысын  қандырған. Осындай көрірісті өз көзімен көрген Сарышолақ ақын, қазақта бірінші болып жәрмеңке туралы «Намыс» деп аталатын дастан  шығарған.  Көпті көрген, көкірегінде өлеңнің көрігі гулеген Сарышолақ ақын, Темір (Қарақамыс) жәрмеңкесінің басталуын былайша шабыттана суреттейді:

:

«Тойламаққа жеңісті,

        Өзенге халқым жиналды-ай,

        Сарышолақ сілтер өлеңді,

        Нөсерлеп жауын қуғандай,

        Көзбенен көрдік барлығын,

       Кім қалар бұған иланбай?!..»

деп көсіле жырлай келе,

«Қарақамыс базары,

Малменен кіріп ажары,

Гуілдеп халық шулаған,

Саудаға ауып назары.

Неткен көп мұнша ел деген,

Базарда шіркін бәрі бар,

Ойыңа тіпті келмеген,

Қайсыбірін айтайын…» деп жырлаған. Дастанның осы бір үзінділерінен-ақ жәрмеңкенің ауқымы өте кең колғанын байқауға болады.

Темір жәрмеңкесінің өнер ордасына айналуына зор үлес қосқандардың бірі — жергілікті халық Үсентөре деп атап кеткен Арынғазиев Мұхамедқазыұлы Үсенмұқаммед. Ол  атақты «Ақжелкеннің» 62 түрін түгел орындаушылардың бірі болған. Үсентөренің өнеріне Орынбор,  Қарақамыс, Ақтөбе т. б. жәрмеңкелерге жиналған өнер сүйер қауым тәнтті болып, күйшілік өнерін өте жоғары бағалады.

Ойыл мен Темір жәрмеңкелеріне жиналған көпшілік қауымды қазақ халқының ауыз әдебиетінің үздік үлгілерімен таныстырған ақындардың бірі — Нұрпейіс Байғанин. Ақиық ақын Нұрпейіс — ел аралап жыр толғағаны туралы оның сырлас досы Қ. Елешов: «Елдің ойын-тойы, шілдеханасы еш уақытта Нұрпейіссіз болған емес. Үлкен ас-тойларда, ақындардың айтысы бар жерлерде Нұрекеңді арнайы шақырып алушы еді, ол топты сүйетін еді. Түйдектелген сөз бұлағы, ақындықтың ажары — жүйрік ат сияқты тобырлы жерде шығатын еді» деп еске алған. Нұрпейіс Байғанин домбырасымен Темір, Көкжар, Ырғыз, Орал жәрмеңкелерін аралап «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тароғын», «Қыз Жібек», «Айман Шолпан», «Төрехан», «Ақкенже», «Нарқыз», «Құбығұл» т.б.жырларын талмасмастан жырлап елдің сүйіспеншілігіне бөленген.

Темірдегі жәрмеңке қазақтардың күй тыңдайтын өнер  орнына да айналған. Жәрмеңкеге Ырғыз, Ақтөбе, Темір, Маңғыстау өңірлерінен дәулескер күйшілер жиналған. Күйшілер жәрмеңкеге жиналған қауымды бір әуезді күйлерімен сусындатқан.

Сондай-ақ, Қарақамыс жәрмеңкесінде  ат шабыс, палуандар күресі, өнер сайыстары үнемі үйымдастырылып  тұрған.

Қарақамыс жәрмеңкесінің қазақ халқының   рухани  құндылықтарын кеңінен насихаттауда, өнер сүйер қауымға беретін үлгі боларлық тұстары керемет болған. Бүгінгі ұрпақ олардың үлкен еңбегін ешқашан ұмытпайды.

 

Сауда саттықпен өңір экономикасының дамып, халқтың әл-ауқатының көтерілуіне үлесқосумен бірге, таалай өнер  иелерінің басын қосқан атақты Қарақамыс жәрмеңкесі, кейінірек — 19-20 ғасырларда, жаңа экономикалық  өзгерістер енген тұста,  маңызын жойды.

                                                               Аққибат ТАЙҰСТАРҚАЗЫ