ТЕМІР ЖОЛДАҒЫ САҚТЫҚ

0
55

2023 ЖЫЛЫ ШҰБАРҚҰДЫҚ ТОРАБЫНДА КЕЛЕҢСІЗ ОҚИҒАЛАР МЕН АҚАУЛАР ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ. СОЛАЙ БОЛА ТҰРСА ДА, ТЕМІР ЖОЛ БОЙЫНА ЖАҚЫНДАҒАНДА НЕМЕСЕ ТЕМІР ЖОЛДАН ӨТКЕНДЕ, ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІН ҚАТАҢ ТҮРДЕ САҚТАҒАН ЖӨН. БҮГІНГІ КҮНІ ШҰБАРҚҰДЫҚ СТАНЦИЯСЫ БОЙЫНША ТОҚТАМАЙ САҒАТЫНА 140 КМ-ГЕ ДЕЙІН ЖЫЛДАМДЫҚПЕН ӨТЕТІН № 42-ШІ «АСТАНА-АТЫРАУ» ЖӘНЕ № 41-ШІ «АТЫРАУ-АСТАНА» ПОЕЗДАРЫ БАР. ОСЫ ПОЕЗДАР ӨТЕР АЛДЫНДА, 15 МИНУТ БҰРЫН, АРАСЫ 5 МИНУТТАН 3 РЕТ ХАБАРЛАНАДЫ.

Шұбарқұдық елді мекенінің «Депо» жақ бөлігінде тұратын тұрғындар немесе балалар темір жолдан өткенде және жұмыстан, мектептен кері қайтқанда көктемгі, жазғы, күз айларында мал айдап өткенде, Шұбарқұдық жол дистанциясының маңында орналасқан арнайны өткелден өтуі керек. Темір жолдың арнай өткелінен өткен кезде сақтық шараларын есте сақтап, жан-жағына қырағылықпен қарап, жақындап келе жатқан поездың немесе поездың маневрлік қозғалысы жоқтығына көз жеткізіп, содан кейін өту баршаның тікелей міндеті.
Азаматтардың жеке қауіпсіздік ережелерін білмеуі және бұзуы, сол сияқты жол бойында ішімдік ішу немесе есірткі пайдалану, мас күйде жүруі темір жолда көлігінде жарақатқа ұшыраудың басты себептері болып табылады. Темір жолға жақын жүргенде, өте абай, болу керек. Темір жол бойымен жүргенде, кем дегенде 5 метр қашықтықта жүру керек, одан жақын болған кезде адам өмірі үшін қауіпті болады. Балалар жолдың үстінде немесе жолдың жиегінде ойнап жүргенде машинист берген сигналды естіп, жолдың шетіне шығып үлгереміз деп ойлайды. Бірақ, олар көбіне келе жатқан пойыздың тарсылынан берілген дабыл белгісін естімейді, қауіпті аймақтан қауіпсіз жерге шығып үлгермейді. Жылжымалы құрамның астына түсіп қалуынан, қағып кетуінен болған жарақаттану, қайғылы аяқталмағанның өзінде, ауыр жарақаттың салдарынан бала мүгедек болып калуы ықтимал. Кейде орынсыз асығыстықтың, бейқадамдықтың, ойнап жүріп келе жатқан поездың алдынан өтпек болу салдарынан балалар жарақаттанады, ауыр жарақаттан бақилық болады. Әсіресе, балалардың ауыр жарақат алуы, ауыр жарақаттан қайтыс болуы — оның достарына, тума-туыстарына, ата-анасына, оқитын мектебіне орны толмас қайғылы жағдайлар туғызатынын есте сақтау керек.
Ата–аналар тарапынан бақылау жоқ болғандықтан балалар темір жол бойында жүреді, дыбыкүшейіткіш арқылы ұялы телефоннан әр-түрлі ойындар қосады, жұмысшыларға кесірін тигізеді, бірақ олар мұндай серуендеудің қауіпті екенін ескере бермейді. Кейбір ата-аналар жолаушылар поездарының уақытында темір жол бойында сауда жасағанда қасына балаларын ертіп жүреді.
Темір жол саласы басқа мекемелермен немесе көшелермен салыстырғанда өзгешелеу. Себебі мұнда поездар автокөлік секілді бірден тоқтай алмайды, құрамында ауыр жүк вагондары болады. Сағатына 80 километр жылдамдықпен қатты жүріп келе жатқан жүк поездары шұғыл тежегішті қосқанның өзінде 400 метрге дейін жүріп барып тоқтайды.Поезд жүріп келе жатқанда шеткі рельстен екі жарым метр қашықтықта тұру керек. Тұрған поездың, вагондарының астынан өтуге тиым салынады, поезд қозғалып кетуі мүмкін, артынан бес метр қашықтықта айналып өту керек. Жақындап қалған поездың алдынан асығып жүгіріп өтуге болмайды, себебі адам рельске сүрініп немесе тайып құлап тұра алмай, қайғылы жағдайға ұшырауы мумкін. Жолаушылар платформасында тұрғанда, жолаушылар вагондарына мінгенде немесе түскенде поездың толық тоқтағанын күткен абзал. Осы сақтық шараларын естен шығармайық.
Ауыл тұрғындарына ескерту!.
19 қаңтар күні № 41-ші «Атырау-Астана» поездын, Астана уақытымен таңғы сағат 3-терде, Шұбарқұдық автокөлік өткелінің 87 км 6-пикетінде иесіз жүрген 1 жылқы 7 минутқа тоқтатып тастады.
Темір жол бойында себепсіз жүрген және арнайы жерден өтпеген тұрғындарға айып пұл салынатынын, сонымен қатар жеке малдарын қараусыз жіберген тұрғындарға, малдары темір жол бойында жүрсе, малдың қамалып, мал иесіне айып пұл салынатынын ескертеміз.
А. АБДУЛЛИН,
Шұбарқұдық стансасының бастығы.