ҚАЗАҚТЫҢ ӘНШІЛІК ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ МОЛДАБАЙ ФЕНОМЕНІ

0
52

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Біздің Ақтөбе облыстық музей қорында Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген артист Әли Құрмановтың орындауында жазылып алынған Молдабайдың бірнеше әндері сақталған. Олар бейнетаспа түрінде кинопленкаға жазылған Әли Құрмановтың орындауындағы әндер және Әли Құрмановтың орындауындағы дыбыс таспаға жазылған Молдабайдың «Молдабай», «Қойшының әні», онан да бөтен бірнеше әндері бар, бірақ авторлары айтылмаған. Мүмкін олар да Молдабайдың әні болар, әйтеуір Әли Құрманов орындаған.

Әли Құрманов 1901 жылы Шалқар ауданында туылған атақты әнші, жыршы, термеші. Оның айтқан әндері кезінде, уақытында халық арасында кең тараған, белгілі әндер болған. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің алғашқы домбырашыларының бірі. 1936 жылы яғни, Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінен соң оған Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген артист атағы берілді. Сол онкүндікке қатысады. «Әлидің өткір термесі қолдарын неше саққа жүгіртіп, ойнақшытып, домбыраны қағуы, ән орындаған шығармашылық еркіндігіне байланысты Мәскеу тыңдаушыларының айызын қандырды» деп жазды А.Қ.Жұбанов. Әли Құрманов репертуарында Мұхиттың, Қызыл әншінің, Батақтың Сарысының әндері де болған. 1969 жылы Алматыда қайтыс болды.

Әнші Жүсіп Сейілов те Молдабай шығармаларын насихаттаушы, орындаушы болып, үлкен еңбек сіңірген екен. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі (1962 ж.) 1901 жылы Қарабұтақта туып, 1971 жылы сонда жерленген.

А. Жұбанов Жүсіптің әншілік, орындаушылық шеберлігін жоғары бағалаған «.. қызып кеткенде Ғарифолладан да озып кететін» деген.

Молдабай әнінде сал-серілердің дәстүрлігі әншілігі, ән айту ерекшеліктері орын алған. Молдабай әнші-композитор, міне, осы әншілер тобына жатады. Ахмет Жұбанов «Молдабайды сал-серілердің бірі» деп есептейді.

Замандастары да Молдабайды аса жоғары бағалаған. Жазушы алғалық жерлесіміз Ғалым Ахмедов өз шығармасында, кітабында:

«Табында өскен Марабай,

Тамада өскен Молдабай,

Олар сұңқар, біз қарға-ай,

Олардай болар, күн қайда-ай» -деген бір ақын айтқан бағалауды келтіреді.

Молдабайдың айтыстары да болған, яғни Молдабай тек әнші-композитор ғана емес, суырыпсалма ақын екені белгілі. Айтыстарға қатысып, есесін жібермей, сөз жарыстарда шеберлік, тапқырлық көрсете алған. Ол Алтын деген ақын қызбен айтысқан.

Молдабай Кеңес үкіметінің бастапқы жылдарындағы қиындық – азамат соғысы, ашаршылық, аласапыран, қашу-пысу, қоныс аудару кезінде кенеттен 1923 жылы қайтыс болады.

Молдабай бір той жиыннан кейін ауылына ауырып қайтады. Үйіне келіп, әйеліне су жылыттырып, жуынып, төсегіне жатып, ауылдастарын, жақындарын шақырып қоштасады. Кеш болып күн ұясына батарда әнші жаны да бақилық болады. Артында ойнақы, көңілді, шын сөзді әдемі әні қалды.

Әнші бір кезде үлкен тойдан қымбат ақ жібек, жұқа, өрнекті, араб әріптерін алтын жіппен тіккен әдемі орамал әкелген екен, қасиетті орамалды ұқыпты ұстап, соңғы күнге дейін сақтапты.

Қасында болған туысқандарына «жерлегенде алтын әріпті құран сөздері жазылған ақ жібек орамалға домбырамды орап қасыма салыңдар, өзіммен өмірде бірге жүрген серігім қасымда болсын» деп өсиет айтыпты. «Сол соңғы тілегі орындалыпты», -дейді үлкендердің әңгімелерін жинап жүрген мәртөктік өлкетанушы Елена Ониськова. Әншінің жерленген жері – Күшікбай өзені, Мақпалсай бойы, Қойбас тауының қойнауы, Мартөк ауданының Байторысай селолық округ жері.

Қазір Молдабайдың бейіті табылды, орны көрген адамдардың айтуы бойынша белгіленді. Енді сол жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізсе, бейіттен домбыра шықса, онда Молдабай жерленген жер бұлтартпастай дерекпен дәлелденеді. Бұл – қолға алса шешімін табатын шаруа.

«Тауым бар Таймас-Қойбас алып батыр,

Қасында Молдабай мен атам жатыр.

Неше ғасыр жатса да еш хабарсыз,

Жарыққа шығаруға Ильядай келді батыр» деп, Молдабай атасының ұрпағы, Әсия Қалижанқызы Артығалиева Молдабайдың жерленген жерін өлеңдетіп белгілеген, Ильяға көрсеткен. Біз Илья екеуміз Молдабай бейіті басына бірнеше рет барып, құран оқыттық.

Молдабай шежіресі Таманың Тәңірберлісінен тарайды. Молдабайдың өз атасы Торғай, өз ұлы Жиеншора, немересі Есенаман, шөбересі Мұрат. Бесеуі де әнші-өнерпаз. Жиеншора дауыс диапазоны жоғары, әкесі сияқты әнші болыпты. Есенаман айтыскер ақын, әнші-домбырашы болған. Мұрат та ән салған, домбыра тартқан. Ол 1922 жылы туған. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан.  Осымен Молдабай шежіресі тоқтайды.

Ей, Қоңыр, атың жақсы кірлемейтін,

Сырың бар ма, өзіңнің мен білмейтін?

Сырыңды айтпасаңда білемін ғой,

Сол баяғы мінезің үндемейтін. –деп , Молдабай әйелінің мінез-құлқын сыйпаттап өлеңдетіпті.

Тамалар Ақтөбеде, Мәртөкте, облыс аудандарында т. б. жерлерде тұрады. Қазақстанның байтақ жеріне тараған. Тамалар туралы «Қазақ ру тайпаларының тарихы» жобасы көлемінде шығарылған үш кітаптан тұратын «Тама» атты ғылыми еңбекте толық баяндалады. Бұл көлемді еңбекті 2005 жылы жазып, жарыққа шығарған Алматыдағы «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының басшысы , Алғада М. Меңдіқұлов мешітін салған, Тама Қайролла Мағауияұыл Ғабжалилов бастаған ғалымдар мен қызметкерлер.

Молдабай мұрасын жинаушылардың, әншінің атын еске қалдырып, сақтауға үлес қосқандардың бірі – мәртөктік Сейітқали Жанғалиев. Маған Молдабай туралы Сейтқали аға 1992 жылы айтты. Ол кез Тама Есет Көкіұлы батырдың 325 жылдық тойына дайындалу кезі болатын. Бұл жағдай былай болған еді.

Біздер жас күнімізде 50-60 жылдары Молдабай әнін естіп, біліп өстік. Ол кезде әндер жинағы шығып тарап жарымайды, шықса да алысқа жетпейді. Сондықтан, жастар, мектеп оқушылары қалың дәптерден альбом жасап, оны гүлдер, оюлар салып әшекейлеп, әндерді көшіріп жазады, жинайды, жаттайды, айтады. Солай етіп мен де жазғанмын, соның ішінде Молдабай да болатын. Кейін Дәуренді ұйқтатқанда домбырамен Молдабай әнін айтып ұйқтататынмын. Бірақ оның осы біздің жаққа қатысы бар екенін аңғармадым. Бірде маған облыстық мәдениет басқармасына жасы 80-нен асқан ақсақал келді. Танысып, аты-жөнін Сейітқали Жанғалиев деді. Ол Тама Есет батыр туралы дастан жазып, облыстық музей демеушілігімен той кезінде кітап етіп шығарған екен. Мартөкте Молдабай деген ақын әнші болғанын, енді ақын Молдабай туралы жазғанын алып келгенін, оның Тама екенін, Молдабайдың ұрпақтары Тамалар Мәртөк ауданында тұратынын айтты. Кейін бұл деректерді мен композитор, өнер зерттеушісі, жазушы Илья Жақановтың өзім дайындап өткізген 1996 жылы Ақтөбеде өткен 60 жылдық тойында баяндама жасағанымда жария еттім. Илағаң Молдабайды зерттеуді шұғыл қолға алды. Бірнеше рет Мартөкке бірге бардық, біледі деген адамдармен жолықты, деректер, мәліметтер жинады. Әншінің жерленген жеріне, бейітінің басына бардық. Кейін Илағаң Мәртөкке тағы бірнеше рет өзі барған. Соның бәрін жинақтап «Алтын Орда» газетіне көлемді мақала жариялады. Бұл Молдабай әнші туралы жазылған, жиналған бірінші көлемді мақала болды. Қабақ бітісі ерекше, жан дүниесі бөлек, қыры мен сыры көп, Илағаңды тек мен емес бүкіл ел жоғары құрметтеп сыйлайды. Қарапайым қатынасы, жылы жүзі біздің көңіл бірлігімізді, ой-пікір, бағыт бірлігімізді бекітті. Сөйтіп, Илья Жақанов Молдабай шығармашылығы, феноменін зеттеп, білдіруде келешек ұрпаққа қас талант Молдабайды танытам деп армандап кеткен А. Жұбановтың ой-арманын іске асыруда, үлкен еңбек сіңіруде.

Молдабайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, жинаушы, іздеуші мартөктік өлкетанушы – Елена Ониськова. Бастапқы кезде Мәртөк аудандық кітапханасында кітапханашы болып істеген, қазір аудандық газетте редактор. Осы ұлты бөлек болса да жүрегі таза, өз өлкесін сүйетін, өлке тарихын зерттеуде жаны қалайтын поляк қызы Мартөк ауданының өлке тарихын ешкімнің тапсырмасынсыз-ақ өзі қызығып іздеп, жаяулап жүріп, жинаған өлкетанушы, Мартөк өлке тарихының білгірі. Ол Молдабай туралы деректерді мол жинаған. Қазіргі Молдабай жайлы деректердің көбі осы Еленаның тапқандары, жинаған, көп адамдармен кездесіп, жазып алғандары.

Мәртөк өлкесі тарихын жинап, жазып жүрген дәрігер-өлкетанушы Жақсат Қарлығашов та Молдабай туралы біршама деректер иесі, мақала жариялаған адам.  Мәлік Жанғалиев болса Тама руынан, Сейтқали ақсақалдың баласы, басталған шаруаның жалғастырушысы, жинастырушысы. Кәсібі бөлек болса да, ата-баба рухына қызмет қылып жүрген жігіт. Молдабай бабасының қорымында Молдабай әншіге арнап белгі қойды.

Мартөк аудандық әкімдігіне мен әр жылдары арнайы хат жазып, әншіні ұлықтауға арналған конференция, кездесу, мәдени шаралар, еске алу шараларын өткізу туралы ұсыныстар бердім. Мартөк аудандық өлкетану музейінде «Талантқа тағзым» атты тақырыптық тариха-танымдық еске алу кеші өткізілді. Өзім баяндама жасадым.

Мартөкте 2013 жылы «Туған өлке тарихы, өнері, мәдениет, тағылымы» атты тарихы-танымдық конференция өткізілді. Онда өзім баяндама жасап, бейне көріністер көрсеттім.

Ақтөбеде облыстық тарихи-өлкетану музейінде өзім ұйымдастырып, өткізген «Тілге шешен, әнге бай» тақырыбында ғылыми-танымдық, сазды конференция 2009 жылы өткізілді. Оған ақынның туысы Жақымжан Қазиевті шақырып, сөйлеттім. Мен Молдабай жайлы деректерді сол кісіден алдым.

Ал, көлемді, жалпы жұртшылық үшін шара кейін болды. 2017 жылы 6 желтоқсанда Мартөкте Молдабайдың тойы өткізілді. Ұсынысты, шара жоба-жоспарын өзім дайындадым. Сол жоспар бойынша Мәртөк ауданының сол жылғы әкімі Нұржауған Қалауов ұйымдастырып, қолдады. Оның қасында бұл той жұмысын атқарған сол жылда аудан әкімінің орынбасары болған, қазіргі аудан әкімі Медет Исқаков болды. Шара барысында аудандық мәдениет үйі алдында Молдабайдың бюсті ашылды. Ақындар айтысы, концерт, ғылыми конференция өтті. Илья Жақанов салдырған Молдабайдың портретін жерлестеріне тарту еттім. Ол кейін плакат болып көбейтіліп, барлық мәдениет үйлері мен кітапханаларда ілінді. Молдабайға арналып ас беріліп, бейіті басында құран оқытылды.

Мартөкте, Ақтөбеде Молдабай атына көше аталды. Аудандық мәдениет үйіне әнші аты берілді. 300 дана «Молдабай-тілге шешен, әнге бай» атты менің кітабым шықты. Кітап облыстың 300 кітапханасына берілді. Сөйтіп, 20 жылға созылған ізденуім, зерттеуім нәтижесінде Молдабай аты, әні, жаңғырып, қайта оралды. Жемісті болып жалғасып, осылай қорытындыланды.

Әнші Молдабайдың аты, әні, мұрасы әлі де ұлықталмақ, насихатталмақ.  2023 жылы, Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Илья Жақановтың бастамасымен, бір топ бастамашы белсенді азаматтар, әншінің ұрпақтары жиналып, Ақтөбеге, Мартөкке келіп, облыстық, Мартөк аудандық әкімдіктеріне жолығып, келесі 2024 жылы Молдабайдай өнер иесі – тұлғаны ұлықтау, шараларын белгілеу, жоспарлау, кесенесін тұрғызу , т.б. есте қалдыру шаралары туралы ой-ұсыныстарын ортаға салып, жұмыстануда, келісіп, кеңесуде. Осы шара барысында «Молдабайдың әнін, атын қайта шығару, оралту, насихаттауда үлкен еңбегің бар» -деп, бағалап, И. Жақановтың басшылығымен, белсенді топтың ұйғарымымен маған сый-құрмет көрсетілді.

Бұл дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпейді,

Саусақтап санап қалсаң саның бітпейді.

Жиырма жыл іздеп, жазған Молдабайым,

Сақталып халық жадында, естен кетпейді.

Құрманбек Еркін Жолмырзаұлы,

  Молдабайтанушы, «Құрмет» орденінің                      

   иегері, ҚР Мәдениет қайраткері.