ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ — АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

0
68

14 АҚПАН КҮНІ КЕҢЕС ӘСКЕРІНІҢ АУҒАНСТАН ЖЕРІНЕН ШЫҒАРЫЛҒАНЫНА 35 ЖЫЛ ТОЛДЫ. БҰЛ СҰРАПЫЛ СОҒЫСҚА ТЕК БІЗДІҢ АУДАНЫМЫЗДАН 70-ТЕН АСТАМ АЗАМАТТАР ҚАТЫСҚАН. ОСЫҒАН ОРАЙ, ЖОҒАРЫДА АТАЛҒАН КҮНІ АУДАНЫМЫЗДА, «ОТҚА ОРАНҒАН ОН ЖЫЛ» АТТЫ ІС-ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.

Шара, аудандық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне арналған шағын футболдан облыстық турнирдің ашылуымен басталды. Мұнда алдымен, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, турнирге қатысушы Атырау облысы мен Байғанин ауданынан келген және жергілікті командалардың, төрешілер құрамының шеруі өтті. Одан кейін Ақтөбе облыстық Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы М. Қойлыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Б. Шаимов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Б. Бақтығалиев, Атырау облысының «Дамба» командасының капитаны Ж. Айтуаров құттықтау сөз сөйлеп, бұқаралық спортты насихаттауға қосқан үлестері үшін Т. Жұмабаев пен Т. Қойшығаринді «Алғыс хатпен» марапаттады және ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлер бір минуттық үнсіздікпен еске алынды.
Қызықты да тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша Атырау облысының «Дамба» командасы І-ші орынды жеңіп алса, Темір ауданының «Жігер » командасы ІІ-ші орынды иеленді. Ал ауданымыздың тағы бір «Ардагерлер» атты командасына ІІІ-орын бұйырды. Турнирдің «Үздік сұрмергені» деп «Дамба» командасының ойыншысы Әлженов Ержан танылды. «Үздік қақпашы» аталымын байғаниндік Сақтағанов Нұрлан иеленсе, темірлік Орынғалиев Талғат пен Райсов Мади «Үздік ойыншы» және «Үздік шабуылшы» аталымын жеңіп алды. Сайыс соңында жүлдегер командалар мен шеберлік көрсеткен ойыншылар «Алғыс хатпен» және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Бұдан кейін ауған соғысы ардагерлері № 4-ші Шұбарқұдық ЖОББМ-де Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне кабинет бұрышының ашылуына қатысты. Кабинет бұрышының ашылу салтанаты барысында мектеп оқушылары мерекелік бағдарлама ұсынды. Өз кезегінде ардагерлер оқушыларға Отанды сүю және оған қызмет ету жайында маңызды ойларымен бөлісіп, көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдірді және кабинетке қойылған Ауған соғысы ардагерлерінің естелік суреттері мен тағы басқа бұйымдарды тамашалады.
Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толу құрметіне арналған «Отқа оранған он жыл» атты іс-шараның соңы — аудандық мәдениет үйінде «Отанға қызмет — абыройлы міндет» тақырыбындағы Ауған соғысы ардагерлері мен жастардың кездесуіне ұласты. Кездесу барысында облыстық Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы М. Қойлыбаев, әскери-патриоттық тақырыпта қызықты әңгімелер айтып, жасөспірімдер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Кездесуде аудандық мәслихат төрағасы Б. Шаимов құттықтау сөз сөйлеп, М. Қойлыбаевтың кеудесіне «Ерлікке Құрмет» төсбелгісін тағып, Нұрлан ұстаның қамшысын табыс етті. Сондай-ақ, М. Қойлыбаев пен аудандық Қорғаныс істері бөлімінің басшысы, подполковник Б. Қалдығожин, жергілікті Ауған соғысы ардагерлерін мерекелік «Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл» төсбелгісімен және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады. Марапатталғандардың қатарында ауған соғысының ардагерлері С. Қонақбаев, О. Суюнов, Ж. Үмбетов, Н. Боранбаев, Ж. Табылдин, Ш. Сейсенғалиев, Бақыт Тимур, Ж.Нұртазин, А. Хамиев, Т. Казкенов, Тәңірберген Жарас, Қ. Искаков, Н. Құсайынов т. б. бар.
Кездесу соңы аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің мерекелік концертімен жалғасты.
Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ.