Мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша кездесулер өтті

Конституциялық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын халыққа түсіндіру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру – қоғамның тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Атамекен» студенттер отрядтарының жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Темір ауданында бірқатар ақпараттық-түсіндіру кездесулері өткізілді.
Кездесулер Кеңестуы, Шұбарқұдық, Жақсымай ауылдарының тұрғындарымен, аудандық аурухана қызметкерлерімен және білім беру саласының өкілдерімен ұйымдастырылды. Әртүрлі әлеуметтік және кәсіби орта өкілдерінің басын қосқан іс-шаралардың басты мақсаты – мемлекеттік саясаттың мәні мен мазмұнын кеңінен түсіндіру, ел дамуының басым бағыттары жөнінде ақпарат беру, сондай-ақ қоғамдағы ортақ құндылықтарды нығайту.
Атап айтқанда, кездесулер барысында Қазақстан Республикасының Конституциясы, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы, мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағыттары мен ішкі саясаттың басымдықтары кеңінен сөз болды. Ақпараттық топ мүшелері Ата Заңның мемлекет пен қоғам өміріндегі орнына тоқталып, онда бекітілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, міндеттері, заң үстемдігі мен қоғамдық келісім қағидаттарының маңызын түсіндірді.
Сонымен қатар, Президент Жолдауында белгіленген ел дамуының негізгі міндеттері мен стратегиялық басымдықтарына назар аударылды. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, әлеуметтік-экономикалық даму, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы өзгерістер, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар жөнінде ақпарат берілді.
Кездесулерде құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау, азаматтық жауапкершілікті арттыру, қоғамда адалдық пен әділдік қағидаттарын орнықтыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Әсіресе, әрбір азаматтың ел өміріндегі өзгерістерге бейжай қарамай, қоғамдық үдерістерге белсенді араласуының маңыздылығы атап өтілді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына тәжірибелі мамандар мен қоғам өкілдері қатысты. Ақпараттық топ құрамында:
Шаңғытбаев Нұржан Құрманғалиұлы – «Атамекен» студенттер отрядының жастар қоғамдық бірлестігі төрағасы;
Ақниязов Нұрхан Сабыржанұлы – еңбек ардагері;
Елдесов Арман Тілепұлы — «Ақтөбе облысының Үкіметтік емес ұйымдар Ассоциациясы» ЗТБ Президенті.
Кездесулердің ерекшелігі – олардың ашық диалог форматында өтуі. Қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ақпараттық топ мүшелерімен еркін пікір алмасты. Әсіресе, Конституция нормаларын күнделікті өмірде қолдану, азаматтардың құқықтары мен заң алдындағы жауапкершілігі, мемлекеттік бастамалардың қоғамға әсері жөніндегі тақырыптар талқыланды.
Мұндай кездесулер мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтып қана қоймай, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға жауап алуға, маңызды мәселелер бойынша ортақ түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өйткені мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуы тек қабылданған шешімдерге ғана емес, сол бастамалардың халыққа қаншалықты түсінікті әрі қолжетімді жеткізілуіне де байланысты.
Ел бірлігі, қоғамдық келісім, заңға құрмет және азаматтық жауапкершілік – мемлекет дамуының берік тірегі. Сондықтан осындай ақпараттық кездесулердің маңызы зор. Олар тұрғындардың қоғамдық-саяси сауаттылығын арттырып, ел болашағына деген ортақ жауапкершілікті сезінуге ықпал етеді.
Ел болашағы – саналы ұрпақ пен жауапты азаматтардың қолында!




