Үкімет басшысының Ақтөбе облысына жұмыс сапары: өндіріс пен инфрақұрылымдық жобалардың дамуы – басты назарда

0
34

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың жазбасын назарларыңызға ұсынамыз.

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Олжас Абайұлы бірқатар ірі өндіріс орындары мен инфрақұрылымдық жобалардың жұмысымен танысты.

Сапар барысында тау-кен металлургия саласындағы жүйе құраушы кәсіпорындар, «Дөң» кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасы, «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының реконструкциясы және өңдеу өнеркәсібінің даму барысы қаралды.

Бұл жобалардың әрқайсысы облыс экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Өйткені өндірістің дамуы жаңа жұмыс орындарын ашу, жергілікті мамандардың әлеуетін арттыру, тұрақты табыс пен халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашады. Сонымен қатар сапалы жол инфрақұрылымы өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп, инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту міндеттеріне айрықша назар аударды. Бүгінгі сапарда қаралған жобалар осы басымдықтармен тікелей сабақтас.

Ақтөбенің өндірістік әлеуетін толық пайдаланып, өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеру – күн тәртібінен түспейтін басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта ірі жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асуына, өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталуына және инвестицияның нақты экономикалық қайтарымына басымдық береміз. Ең бастысы, қолға алынған әрбір бастама жергілікті халыққа пайдасын тигізуі керек.

Үкімет басшысы сапар қорытындысында жол құрылысының мерзімі мен сапасын, өндірістік жобалардың іске асырылуын және еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Ақтөбенің әр жетістігінің артында тұтас өңір тұрғындарының адал еңбегі тұр. Ортақ мақсаттар жолында алда да бірлесе қызмет атқарып, алтын бесігіміздің әлеуетін одан әрі арттыра беретіндігімізге сенімдімін.