Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіретін және азаматтардың мемлекетке деген сенімін әлсірететін қауіпті құбылыс. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы мәдениетті қалыптастыру және заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы бағытта Темір ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бөлім қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, арнайы жиындар мен профилактикалық кездесулер өткізіледі. Сонымен қатар, қызметкерлерге сыбайлас жемқорлықтың зардаптары, заң талаптары, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары мен қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі жауапкершілігі түсіндіріледі.
Жиындар барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы бейнероликтер көрсетіліп, олардың мазмұны бойынша пікір алмасулар жүргізіледі. Мұндай іс-шаралар қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.
Төтенше жағдайлар саласында қызмет атқаратын әрбір қызметкер үшін адалдық, жауапкершілік, тәртіп пен заңдылық талаптарын сақтау аса маңызды. Азаматтармен жұмыс барысында қызметтік өкілеттікті жеке мүдде үшін пайдалануға, заңсыз сыйақы алуға немесе қандай да бір артықшылықтарды талап етуге жол берілмеуі тиіс.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әрбір азамат заңсыз әрекеттерге бейжай қарамай, осындай жағдайлардың алдын алуға өз үлесін қосуы қажет.
Егер сіз сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының куәсі болсаңыз немесе осындай фактілерге тап болсаңыз, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бірыңғай Call-орталығына 1424 нөмірі арқылы тегін хабарласа аласыз.
Темір ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі


