«ҚОШ КЕЛДІҢ, ЖАҢА ЖЫЛ!»

0
192

       Жаңа жыл қарсаңында, атап айтқанда 30 желтоқсан күні, Кеңқияқ кентіндегі «Зере» бөбекжай балабақшасында, «Балалар жылы» аясында және 2023-ші Қоян жылын қарсы алу – шырша мейрамы рәсіміне байланысты,  «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты мерекелік шара өтті.

Шарада, аталған бөбекжай балабақша ұжымының тәрбиешілері мен тәрбиеленушілерінің күшімен дайындалған, шағын мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда ұжым мүшелері мен бүлдіршіндер қоян мен аю секілді тағы басқа аңдар мен ертегі кейіпкерлерін бейнелейтін арнайы тігілген киімдер киіп, қойылымдарды сахналастырып, жаңа жыл, ел мен жер туралы патриоттық әндер шырқап, балалар тақпақ айтып, қазақ халқы мен басқа да туысқан ұлттардың билерін билеп, көрермендерді тәнті етті.

Көңілді шара барысында аудан әкімінің орынбасары Н.Көшекбаева, ұйымшыл ұжымды мерекемен құттықтап, «Зере» бөбекжай балабақшасына үнемі қамқорлық жасап келе жатқан «Кеңқияқмұнай» МГӨБ басшылығына және бүлдіршіндерді тәрбиелеуде ерен еңбегімен көзге түсіп жүрген аталған балабақшаның басшысы А. Ермухамедоваға Темір ауданының әкімі С. Аманбаевтың «Алғыс хатын» табыс етті.

Сондай-ақ, жаңа жылдық шырша мейрамына арнайы қатысқан «Кеңқияқмұнай» МГӨБ басшысының орынбасары Т.Сыдықов,  жиналғандарды кіріп келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтай келе, СНПС «Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның арнайы құрылған комиссияның шешімінің негізінде, «Балалар жылына» орай «Зере» бөбекжай балабақшасына 2 миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Ал аудандық білім бөлімінің басшысы М. Өсербаев, ұжымның аудан мен облыс деңгейіндегі ұйымдастырылған шаралардағы және бала тәрбиесіндегі тың да нәтижелі жұмыстарын және «Кеңқияқмұнай» МГӨБ басшылығына ұжымға жасаған қайырымдылық істерін тілге тиек етіп,  бірқатар тәрбиешілерді және «Кеңқияқмұнай» МГӨБ басшылығын «Алғыс хатпен» марапаттап, А. Ермұхамедоваға «Демалыс» шипажайына жолдама табыс етті.

Сонымен бірге шарада аудандық «Темір» газетінің жауапты хатшысы Ә. Дәулетбаев, «Зере» бөбекжай балабақшасы ұжымы мүшелері  мен   ата-аналардың баспасөзге жазылуда және тәрбиелік  бағыттағы мақалалар жариялауда белсенділік танытып отыратынын атап өтіп, ризашылығын білдірді және жаңа жылмен құттықтап, газеттің Бас редакторы Б. Әділхановтың «Алғыс хаты» мен редакцияның атынан сыйлықтар табыстады.

Мазмұнды да тартымды өткен шара, бүкіл «Зере» бөбекжай балабақшасы ұжымы мүшелерінің хормен орындауындағы белгілі сазгер Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен»   әнімен аяқталды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ.