«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ БАСТАУ АЛДЫ

0
213

   16 қаңтар күні Ақтөбе қаласында облыс әкімі Е.Тоғжановтың төрағалығымен аудан әкімдері, мемлекеттік орган басшылары және депутаттар қатысқан жиында тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға негізделген «Ауыл аманаты» қанат қақты жобасын іске асыруға бағытталған басты көрсеткіштер сараланды. Жиында Қазақстан Республикасы  Парламент мәжілісінің төрағасы және «Аманат» партиясының төрағасы Е. Қошанов, Ақтөбе облысында 2022 жылы бастау алған «Ауыл аманаты» жобасының барысымен танысып, жобаны жүзеге асыруды жалғастыру  қажеттігіне  тоқталды.

Сондай-ақ,  жиынға  аталған  жобаны  іске  асыруға   атсалысқан     ауданымыздың әкімі     С. Аманбаев бастаған Темір ауданына қарасты ауылдық округтерінің әкімдері де қатысып, ауылды көркейту мен дамытуға арналған өз жобаларын таныстырды.  Бүгінде жобаға қатысушылар, жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Жиын соңында пилоттық жобаны іске асырудың аралық қорытындылары талқыланды.

Оқырмандардың естеріне сала кетейік, өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасына облыс бойынша  әрбір ауданнан 2 ауылдық округ, соның ішінде  біздің өңірмізден Ақсай  мен Саркөл ауылдық округтері қамтылған болатын. Ал биыл, яғни 2023 жылдан бастап  ауданымыздан, Темір қаласын қосқанда, жобаға барлығы 8  округ кіріп отыр. Осыған байланысты таяуда аудан әкімі С. Аманбаев,  орынбасары Ж. Қойшыбаев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Е. Жолдығарин,  барлық ауылдық және қалалық округ әкімдері қатысқан арнайы жиын өткізген болатын. Аталған жоба бойынша біздің ауданымызда қазірдің өзінде тұрғындардан  құны 6 миллиард теңгеден асатын 1640  ұсыныс түскен.

                                                                                                                               ТЕМІР ГАЗЕТІ.