Ескерткіш тақта орнатылды
Алтықарасулықтар, артында өнегелі іс қалған, өзі өмірден өтсе де еңбегі мен қызметі бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық тұлғаларына ескерткіш тақта орнатуды дәстүрге айналдырып келеді. Сондай тұлғаның бірі Еділсай мектебінің алғашқы ұстазы Бақытжан Бекенбаевқа жақында өзі қызмет жасаған мектебінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
Бұл күні мектеп алдына жиналған ауыл тұрғындарының көпшілігі қадірлі ұстаздарының алдынан өткен шәкірттері мен туыстары, кейінгі ұрпақтары еді.Ескерткіш тақтаны салтанатты ашу құрметіне аудан әкімі Саламат Ермұқанұлы мен Бекенбайұлының шәкірті Айтпағанбетов Жанат Шалтайұлы ие болды. Салтанатты шарада аудан әкімі тарихи тағылымды сәтпен құттықтап, ардагердің білім саласындағы еңбегі жайында айтып, ауданның дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаның соңында өшпес ізі қалғанын сөз етті. Елі қадірлеген ардагердің өмір жолы мен атқарған істері бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін жеткізді.
Одан кейін Ұстаз туралы естеліктерді есіне алып ,ауылдың соңғы кездегі дамуындағы оң өзгерістерге ризалық тілегін жеткізе отырып, осы ауылда туып өскен, қызмет жасаған Сайын Боранқұлов тебірене тілге тиек етті. Осы бөлімшені бірсыпыра жыл басқарып, қадірлі ұстазын ұлықтауға бастамашы болып жүрген еңбек ардагері Қойшыбек Нұрғалиұлы, көп жыл шаруашылықтың жауапты жұмыстарында қызмет жасаған Еспағанбет Төлеуов, осы ауылдың тумасы, өзге өңірде жүрсе де ауылда өтетін шараларға қолдау көрсетіп, көмек қолын созып тұратын Жанат Шалтайұлы өз ойларын ортаға салып, ауылдың көркеюіне үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Есімі еске алынып, құрыметтеліп жатқан ардагердің үлкен баласы Аманжол Бекенбаев ұлықтауға мұрындық болған азаматтарға туыстары атынан шын ықыласпен рахмет айтты.
Әр тілектің арасында ауыл жастары ұлы ұстаздарының салтанатты шарасын әсем әнмен әрлеп, өнерлерін арнады, өмірбаянынан деректер келтірді.
Бақытжан Бекенбаев 1920 жылы Алтықарасу ауылдық Советінің Еділсай аулында дүниеге келген. 1941 жылы Ойыл орта мектебінің 10-шы класын бітіреді. Осы жылы Ақтөбеде құрылған 101-атқыштар двизиясына қатардағы жауынгер болып қабылданады. Ұлы Отан соғысына бастан- аяқ қатысып, 1946 жылы елге аман-есен оралады. 1950 жылы Ақтөбе қаласындағы Н.Байганин атындағы мұғалімдер дайындайтын оқу орнына түсіп, 1953 жылы тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. 1953-1956 жылдары Еңбекші жеті жылдық мектебінің директоры қызметін атқарды. Ал1956-1959 жылдары Бабатай жеті жылдық мектебінің директоры болып қызмет жасайды. 1959 жылдан 1984 жылға дейін туған аулы Еділсай бастауыш мектебінің меңгерушісі болып қызмет етеді.
Бақытжан Бекенбайұлы Ұлы отан соғысындағы ерлігі үшін «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына 40 жыл», «СССР Қарулы Күштеріне 60 жыл», «СССР Қарулы Күштеріне 70 жыл» медалдарымен, «Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен», «Еңбек ардагері» медалымен марапатталған. 1953- 1984 жылдар аралығында ұстаздық қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан Б.Бесембаев, 1991 жылы өмірден озды.
Салтанатты шара соңында білім саласында өшпестей із қалдырған ардагердің рухына тағзым етілді.
М. ӘДІЛХАНҰЛЫ.