Қауіпсіздік күшейтілуде

0
84

             Аудан әкімі Саламат Ермұханұлы Аманбаев, жекелеген аймақтарды аралап, көктемгі су тасқынына қарсы дайындық шараларын пысықтады және  тасқынға су қарсы аудандық комиссияның кезекті отырысын өткізді. Ал 10 наурыз күні  Саркөл ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, Құмсай мен Қопа елді мекендеріндегі және Темір қаласындағы жағдайды тексерді.

            Су тасқынына қарсы комиссияның хаттамалық шешімдерін орындау аясында, кент әкімдігіне берілген тапсырмалардың бірі – Шұбарқұдықтағы  арықтар мен су төгетін құбырларды тазалау болатын. Аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін аудан әкімі мұнай компанияларынан арнайы техника – «ППУА-1600» автокөліктерін бөлуді ұйымдастырды. Бұл техниканың ерекшелігі – ыстық су мен буға негізделген әдіс арқылы мұз қабаттарын ерітеді.

Аудан басшысы С. Аманбаев, орынбасары Ж.Қойшыбаевпен, кент әкімі Қ. Нұралымен, бас инспектор Б.Сауытовпен және аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е. Кенжеғұловпен бірге, жекелеген аймақтардағы көктемгі су тасқынына қарсы осындай дайындық шараларын пысықтаудың қорытындысы бойынша,  көпірлердің іргесін тазалаудан бөлек, алдағы ауа райының  жағдайына байланысты пайдаланылуы тиіс генераторлар мен сорғыларды және басқа да жабдықтарды дайындауды, сондай-ақ қажетті мөлшерде құммен, инертті материалдармен және құм салынған қаптармен қамтамасыз етуді, бас инспектор Б. Сауытовқа қажет болған   тұста жедел әрекет ету үшін қардың еруі мен су ағынын күнделікті қадағалауды, ауылдық округтердегі жағдайды апта сайын бақылауға алуды,  тасқынға қарсы іс-шараларды түзету бойынша ұсыныстар енгізуді міндеттеді және аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау – аудан әкімінің орынбасары Ж. Қойшыбаевқа жүктелді.

Сондай-ақ, аудан әкімі С. Аманбаевтың төрағалығымен су тасқынына қарсы аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға комиссияның барлық мүшелері қатысты.
Комиссия отырысының күн тәртібінде кент әкімі Қ.Нұралының, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е. Кенжеғұловтың, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Ж. Имашевтың, бас инспектор Б.Сауытовтың және «Шұбарқұдық Жылу» КММ-нің директоры С.Дүйсеновтің баяндамалары тыңдалды. Жауапты мекеме басшыларының есебінен бөлек, аудан әкімі тұрғын үйлер мен шаруашылық ғимараттарының апаттық су басуын болдырмау үшін барлық шұғыл шараларды қабылдауды, ауылдық округтердегі жағдайға ерекше көңіл бөлуді, өткелдер мен жолдарға судың ағып кетпеуіне баса назар аударуды, қабылданған шараларға қажет болған жағдайда өзгерістер енгізу үшін күнделікті метеоболжамды бақылауды, су тасқыны кезеңінде барлық инженерлік желілердің (газ, электр энергиясы, сумен жабдықтау және телекоммуникациялар) үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді, төтенше жағдайлар туындаған кезде шұғыл эвакуациялау шараларын қолдануды тапсырды және аталған тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуды аудан әкімінің орынбасары Ж. Қойшыбаевқа жүктелді.

Ал 10 наурыз күні аудан әкімі С. Аманбаев, Саркөл ауылдық округіне жұмыс сапары барысында Құмсай және Қопа елді мекендеріне барды. Қос елді мекенді аралап шыққан аудан басшысы, Саркөл ауылдық округінің әкімі М.Шүйіншалинге, өткен жылғы тәжірибеге сүйене отырып, техниканың тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруды, үй жануарларын алдын ала қауіпсіз жерге орналастыруды, судың көтерілу деңгейін бақылау үшін  түрлі жерлерге есептегіштер орнатуды, бөгет бұзылған жағдайда құмның қажетті мөлшерін дайындап қойуды, далалықта мал бағудан бас тарту жөнінде халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, көпір арқылы шлюздар  мен ауыл маңындағы бөгеттердің жай-күйімен танысып,  су ағынын мезгіл сайын бақылап отыруды, қажет болған жағдайда суды уақытылы ағызуды, ТЖ қызметкерлерімен үнемі байланыста болуды және су тасқынына қарсы қабылданатын шараларға түзетулер енгізу үшін үнемі метео болжамды бақылауда ұстауды тапсырды.

Аудан әкімі С. Аманбаев осы сапарында жолай Темір қаласына да соғып, қала әкімдігі тарапынан су тасқынына қарсы атқарылып жатқан шараларымен танысты. Қаланы және Жамбыл ауылына кіре беріс көпірді  қарап шыққан аудан басшысы, Темір қаласының әкімі Қоқановқа, тасқынға қарсы дайындық шараларын күшейтуді, қажетті жабдықтар мен техникалық құралдардың дайындығын қамтамасыз етуді, тұрғын үйлер мен шаруашылық ғимараттарын су басуына жол бермеуді, қала тұрғындарының аулаларынан суды уақытылы тартуды ұйымдастыруды, үй жануарларының суға кету жағдайларын болдырмау мақсатында көшеде малдың жүруіне жол бермеу бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, көктемгі  тасқынға қатысты ахуал туралы аудан әкімдігіне күн сайын хабарлауды тапсырды.

                                                                                                                                ТЕМІР ГАЗЕТІ.