«JАSTAR TREND»

0
106

Алтықарасу ауылдық мәдениет үйі ұжымы, Алтықарасу мектеп-балабақшасымен бірлесе отырып,    1 сәуір – күлкі күніне арнап, өнерлі жасөспірімдердің  «JАSTAR TREND» тақырыбында концертін ұйымдастырды. Жаңаша заманауи өнерге ынталандыруды басты мақсат еткен  бұл концертте,  «Жаны жақсы ағаның етегін баспа, жолын қу,

Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген қазақтың аталы сөзі бағдар етіп алынып,  өз ауылымыздың өнерлі  балаларына қолдау білдіріп,  сахна төрі солардың еркіне берілді.

Концертте Алтықарасу мектеп-балабақшасының тәлімгері Бисенова Мөлдір жетекшілік ететін «Олигарх» жайдарман тобы,  әдемі де әсерлі әзілдерімен және актерлік  шеберліктерімен  көрермендердің көңілін көтере білді. Ал, биші қыздар  тобы, өздерінің мың бұралған  заманауи билерімен  көрермендерді тәнті етті. Сонымен бірге Самат Інжу домбырамен,   Динаның «Тойбастар» күйін  күмбірлете орындап және  кештің ең кішкентай қатысушы Медетқызы Ерке «Маусымжан» биін билеп, ата дәстүріміз бен ұлттық өнерімізді де ешқашан ұмытпау керек екенін ескерткендей болды. Ал Болат Әмірбек, Жұмағалиев Бекжан, Арқар Бекзат, Тәуекелов Әли және Берік Рустам сынды бойларынан жеті өнер табылатын өнерпаздар,  «Көзмоншағым», «Күлгін көйлек», «Уақыт», «Ағалар» сияқты  хит әндерді нақышына келтіре орындап, көпшіліктің көңілінен шықты.

Иә, ағайын, тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы. Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың болашағы деп білген. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» деп, бала тәрбиесіне сонау заманнан бері аса көңіл бөлген. Балалар біздің  – басты байлығымыз, болашағымыз, өміріміздің жалғасы!  Қазақтың көптеген қарадомалақ балалары әлемдік деңгейде ел мерейін асырып жүргендері сөзсіз. Қарапайым ауылдан шыққан талай баланың жұлдызы жанып, қабілетімен дарындылар қатарына қосылуда. Сондықтан, бүгінде  жас буынды өнерге баулып, сахна мәдениетіне үйретіп, дүбірлі додаларға қатыстырып, қоршаған ортамен қарым-қатынасын нығайту мақсатында   «JАSTAR TREND»   концертін өткізуге ат салысқан, ауылымыздың өнерлі, бағы мен бабы келіскен ұл-қыздарын,  талантты балаларын өнер-білім  нәрімен сусындатып, аянбай дәріс беріп, әрі қарай дамып-өсуіне ықпал етіп, жаңа лептің жаңа идеяларына қолдау көрсетіп   жүрген  Алтықарасу ауылдық мектеп балабақша ұстаздары мен  тәлімгер-тәрбиешілеріне,   ата-аналардың және  барша көрермендердің атынан  алғыс айтамыз!

Ғалия БОЛАТҚЫЗЫ