Мәселе тез шешілуде

0
77

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, мамыр айының басындағы   кеңқияқтықтармен кездесуінде, тұрғындар тарапынан айтылған және өзінің жеке бақылауына алған өзекті мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлінетінін ескерткен.  Жуықта Е. Тоғжанов, округ аумағындағы  5  ірі мұнай өндіруші компаниялардың өкілдерімен бірге Кеңқияққа тағы  келіп,  ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Атап айтқанда, 2012 жылы салынған, осыдан бірнеше жыл бұрын бірінші қабатындағы қабырғаларында жарықтар пайда болған,  мектеп ғимаратын, ескі тұрғын үйлерді, қараусыз қалған ғимараттарды тексерді, ауылдық полиция бөліміне барып, соңында  жергілікті тұрғындармен кездесті. 

Облыс басшысы тұрғындармен кездесуінде, жер қойнауын пайдаланушы 5 компания ауылды абаттандыру мен әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі жобаларды іске асыруға тікелей қатысатынын айта келе: «Кеңқияқ ауылына осыдан  бұрынғы жұмыс сапарымда халықпен  жүздесуімде көптеген өзекті сұрақтар көтерілді. Содан кейін мен ауылдағы мәселелерді шешу үшін қайта келемін деп баршаңызға уәде бердім. Мектепті қарап шықтық, уақыт жоғалтпас үшін жөндеу жұмыстары бюджеттен тыс қаражат есебінен жүргізілетін болады.  Сондай-ақ биыл ауылдың 14 көшесіне асфальт төселеді. Абаттандыру жұмыстары да жанданады. Атап айтқанда, 11 аулада асфальт төсеу, балалар мен спорт алаңдарын орнату жоспарлануда. Ауылды көгалдандыру қажет. Саябақ керек. Бұл мәселеге біз әлі ораламыз, құзіретті мекемелерге тапсырма бердім. Жол бойындағы қоқыс полигонын ауыстыру қажет. Ақсақалдар және қоғамдық кеңеспен ақылдасатын боламыз. Жолдың бойында мұндай полигон болмауы керек» деді облыс әкімі.

Ауылдың бүгінгі күнгі өзекті мәселелерінің бірі – елді мекендегі жолдардың жай-күйі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі» облыстық маңызы бар жолдың ұзындығы 111 шақырымдық учаскесі жаңартылады. Жоба аясында, осы уақытқа дейін «грейдер жол» болған, Кеңқияқтың айналма жолына асфальт төселеді. Жобада жұмыс істейтін үш мердігер ұйымның өкілдері: «Қыркүйек айында жолды жұрт игілігіне береміз» деп, облыс әкіміне уәде берді.

Е. Тоғжанов кеңқияқтықтарға, ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстарының барысын, сондай-ақ тұрғындардың спорт нысандарына айналдыруды ұсынған екі қараусыз қалған ғимаратты аралағанын, тексеру қорытындысы бойынша біреуін бұзу, ал екіншісін күрделі жөндеу бойынша шешім қабылданғанын және үстіміздегі жылы елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайда болатынын, оның базасында Кеңқияқ және Саркөл ауылдарының балаларына арналған балалар және жасөспірімдер спорт мектебі ашылатынын жеткізді. «Сіздер 30 жыл бойы қараусыз қалған  ғимарат мәселені өткен кездесуде көтердіңіздер. Мұны біз бюджеттен тыс қаражат есебінен жүргізіп, сіздердің игіліктеріңізге береміз. Сондықтан барлық ірі компания басшылары бүгін осында келлді» деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Ауыл үшін тұрғын үй қорының ескіру мәселесі де өзекті. Тұрғындар көпқабатты үйлердің жертөлелері жылдар бойы кәріз суымен толып, шатырларынан су ағатындығына шағымданған еді.
Облыс әкімі Корпусная көшесіндегі № 23-ші үйдің жай-күйімен танысты. «Бұл үйдің әрбір пәтерінде бес баладан тұрады. Шатырдан жыл сайын су ағады, біз оны өз қолымызбен жөндейміз. Жыл сайын әкімдікке барамыз, алайда ешқандай көмек жоқ. Сіз келісімен мәселелер шешіле бастады. Сіздің  келе жатқаныңызды естігенде біз қуанамыз, өйткені сонда ғана бірдеңе жасала бастайды. Қазірдің өзінде нәтижелер бар. Мәселен, көрші үйдің жертөлесіндегі кәріз суы сорылып жатыр. Ал, бұған дейін ештеңе жасалмаған. Біз өз жертөлемізді де өз күшімізбен тазарттық, енді біздің проблемамыз – шатыр болып тұр» деп үй тұрғындарының бірі облыс әкіміне. Аталған үйдін мәселесінің шешімі де көпке созылмады.  Бюджеттен тыс қаражат есебінен шатырды ауыстыру және қасбеттерді жөндеу жұмыстары басталатыны айтылды.

Сонымен бірге  ұстаздар мен ата-аналар, бұдан бұрын, оқушылардың мектепке қиындықсыз қатынауына автобус бөлуді сұраған болатын. Көп уақыт өтпей олардың тілегі де орындалды. Салтанатты жиында облыс әкімі жаңа автобустың кілтін ұстаздарға табыс етті. «Біз бірнеше жыл көз жасымызды  төгіп, айтып келген мәселелер бүгін шешімін тауып отыр» деп қуанышын білдірді барша ата-ана.
Жиында елді мекеннің ақсақалы Дат Елтезеров: «Мен  осында 50 жылдан астам уақыттан бері тұрамын және осы  мсерзім ішінде үйлерге жөндеу жүргізілмеді. Шынымды айтсам, Сіздің бізге жақын арада қайта келетініңізге мен сенген жоқпын. Бұрын бізге көп уәде беріліп, бірақ уәделер орындалмайтын.  Шешімін таппаған мәселелер оңай емес әрі  күрделі екеніне қарамастан, Сіз Кеңқияқты дамытуға, көп қаражат бағыттап отырсыз. Тіпті, демеушілерді де өзіңіз таптыңыз.  Сөзіңізде тұрғаныңызға және бастамаларыңызды жүзеге асырып жатқан компанияларға да көп рақмет» деп,  алғысын жаудырды.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов,  осы  іс сапарында Кеңқияқ  ауылдық полиция бөлімшесінің жұмыс барысымен танысты. Ауылдық полиция бөлімшесінің автопаркінде 6 көлік  бар, бірақ барлығының тозығы жеткен, жаңартуды қажет етеді. Өңір басшысы тәртіп сақшыларына қызметтік көліктің кілтін табыстап, әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар іс сапар кезінде ауылдық полиция бөлімшесінің ғимараты 1982 жылы салынғаны, соңғы рет күрделі жөндеу 2011 жылы жасалғаны белгілі болды. Е. Тоғжанов, қысқа мерзімде ғимаратқа, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жатақханасына күрделі жөндеу жүргізілетінін және қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасалатынын шегеледі.
«Біз шұғыл түрде полиция бөлімшесінің материалдық-техникалық базасын нығайтамыз. Ауылдық округте тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануы тиіс» деді облыс әкімі тәртіп сақшыларына.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ.