Жақсымай ауылдық округі күні

0
72

Аудан орталығындағы «Жазғы әуен»  бағдарламасы аясындағы,  13 шілдеге жоспарланған Жақсымай ауылдық округінің  «Біздің ауыл тамаша» атты  мәдени-спорттық, ойын-сауық  шарасы, ауа райының қолайсыздығына байланысты 20 шілдеге көшірілген болатын.  Округ бұл күнге ұлттық құндылықтарды дәріптеу бойынша шеберлік сағатын, жәрмеңке, «Спорт – бейбітшілік жаршысы»  атты балаларға, жастарға және ересектерге арналған ұлттық ойындар шарасын және «Ауылым – алтын бесігім« атты  концерттік бағдарламасын дайындап келіпті.  Сондай-ақ, бұл күні саябаққа келген шұбарқұдықтарға аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі әдеттегідей кітап көрмесін, кәсіпкерлер балмұздақ , сусын сияқты өнімдері мен балаларға арналға түрлі ойын  көліктері мен батутты ұсынды.

Орталық саябақтың орталық алаңында ұйымдастырылып жатқан Жақсымай ауылдық округі  шарасының ішінде  бірден көзге түсетіні – жәрмеңке екен. Бұл тұста  «Сүлейменова Г»,  «Асанова А»,  «Сәлімгерей»,  «Маханова»,   «Мұқитова»,  «Смағұлова» атты  т. б.  ЖК-лер бірі сүт, екіншілері нан, үшіншісі тігіншілік өнімдерін сатып жатыр.

Осы тұста айта кетейік, Жақсымай ауылдық округі құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да,  аз мерзім ішінде өзінің бойын тіктеп, басқалармен  қай сала болсын бәсекеге түсуге дайын болып қалыптасып үлгірді десек артық айтқандығымыз емес. Мәселен,  Жақсымай ауылы  таза ауыз сумен қамтамасыз етілді, көшелерге жарық шамдары орнатылды, бүгінде екі көшеге асфальттау жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, 150 орындық клуб ғимаратының құрылысы да басталды. Округ тұрғындары, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған мемлекеттің  тарапынан ұсынылған барлық бағдарламаларға белсене қатысып келеді.  Айта берсек, ауылдық округте мұндай жүзеге асқан, алдағы уақытқа жоспарланған  жұмыстар көп.

           Осы күні саябақта  аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Қойнауы тарих киелі мекен  – Темірім»   атты  кітап көрмесі жасақталыпты.  Кітап көрмесіне  жергілікті  қаламгерлердің еңбектері қойылған.

— Біз осы орталық саябақта ұйымдастырылатын барлық мәдени шараларға қатысып келеміз, — деді бізбен әңгімесінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің  директоры  Маржан Сағымқызы. – Әрбір  қатысқанымызда көрмемізді  шараны ұйымдастырған округке немесе мерекеге байланыстырып,  түрлендіріп   отырамыз.  Тұрғындар көрмемізді қызыға тамашалайды.

           Шұбарқұдықтықтар мұнда ұлттық құндылықтарды дәріптеу бойынша шеберлік сағатын, «Спорт – бейбітшілік жаршысы»  атты балаларға, жастарға және ересектерге арналған ұлттық ойындарды да  тамашалады. Өнерлі келіндер мен әжелер ұршық иіруден бастап, көрпе мен көрпеше көктеу, ұлттық киімдерді тігу, ұлттық тағамдарды дайындаудың  қыр-сырларын көрсетіп, түсіндіріп,  баяндап берді. Мұнда да көрме ұйымдастырылып, ұлттық аспаптардан домбыра мен  қобыз, ұлттық киімдер, түлкінің әдемі терілері,сандық, кебеже, көрпе, жастық, ұлттық тағамдар т. б. қойылыпты.

 

Ал «Спорт – бейбітшілік жаршысы»  атты балаларға, жастарға және ересектерге арналған ұлттық ойындар бөлімінде шұбарқұдықтар қол күресінен, гір тасын көтеруден, бестас, асық ойындарынан жарысқа түсіп, мықтыларды анықтады. Бұл ретте де, Шұбарқұдық кәсіпшілігінде және Жақсымай ауылында балаларға арналған алаңшалар  және спорттық  алаңдар салынғанынан бері спорт біршама дамып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн. Оған жасөспірімдердің аудандық және облыстық спорт жарыстарына қатысып жүргені дәлел.

Шараның ең ауқымды да көрермендерді көп жинаған бөлімінің бірі – Жақсымай ауылдық округі жастарының күшімен қойылған   «Ауылым — алтын бесігім» атты  концерттік бағдарлама болды. Концертте  орындалған «Тепеңкөк» күйіне (домбырашылар ансамблі), «Үнді» (Жәнібек Інжу), «Қызыл телпек» биіне («Қазғалтақ» би тобы), «Ауылым» (Төлениязов Жарас) , «Арман», «Музыка нас связала»  (Сұлтанова Ботагөз), «Болашақ бомба», «Королевамсың»  (Әбікенов Жансұлтан, Оспанова Айгөлек),  «Туған жер» (Мұратбекова Гүлжанар, Әшетай Инабат), «Телефон соқшы»,  «Сұлтандарым» (Бөгетбаева Аружан), «Сен барда» (Төлениязов Жарас, Мұқашева Күнсұлу),  «Ағылшынша ән» (Асқарова Адель), «Уақыт» (Қуанышев Ержігіт) әндеріне, «Айналдым елім» хорына (солистер ағайынды Мұқашевтер) көрермендер ризашылықпен қол соқты.

Шара барысында аудан әкімі Жақсымай ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй тіледі және әр салада еңбек етіп,  жетістікке қол жеткізген  азаматтарды  «Алғыс хатпен» марапаттап,  бағалы сыйлық табыстады.

Иә, соңғы жылдары елімізде ауылды дамытуға көңіл бөліне бастады. Жыл сайын ауылдарымыз жаңаланып, халықтың игілігіне оң ықпал ететін тың дүниелермен толығуда. Бұл, әрине құптарлық жайт. Себебі ел өркендеуі үшін, алдымен ауылдың жағдайын жақсарту керек. Туған жерді қастерлеу – қазақтың Әлім-Сақ заманынан бастау алған салт-дәстүрі. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен қуанышы мол болмақ.

Жалпы, бұл күні Жақсымай ауылдық округі ұйымдастырған шара ­– дарқандығы даласымен өлшенген, асқарлығы дастарқанымен өлшенген, жаны жомарт, пейілі кең, еңбексүйгіш қазақ жасайтын ауыл ­ —  қазақтың алтын бесігі екенін көрсете білді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ.