Жәрмеңкесі ұйымдастырылды
Биылғы жылы ауа райы көбіне қатты ыстық болып, даладағы шөпті қуратып жіберу қауіпі төніп тұр. Ондай жағдай бола қалса, шөптің құнарлығының төмендеп кетуін былай қойғанда, мал азығының тапшылығын тудыруы да мүмкін. Осыған байланысты, шаруаның жайын білетін шаруагерлер мал азығын, қазіргі кездегі шөптің құнарлығы бойында тұрған уақытта, өздеріне қажетті мөлшерде дайындап алумен бірге, аудан орталығындағы тұрғындарды да жем-шөппен тезірек қамтуға тырысуда.
Осыған байланысты, аудан әкімі С. Аманбаев, 22 шілде — сенбі күні жергілікті уақытпен 9.00-ден бастап, Досжан Хазірет даңғылы бойында мал азығының жәрмеңкесі ұйымдастыруға тапсырма берген болатын. Сол күні өткізіліген жәрмеңкеге аудан әкімі С. Аманбаев пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Е. Жолдығарин де келді.
Биылғы жыл есебінен аудан орталығында алғашқы рет өткізілген бұл жәрмеңкеге Алтықарасу ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылынан 14 шаруа қожалығы қатысты. Жәрмеңкеде 1 тюк шөптің бағасы 500 теңге, 1 орама шөптің бағасы 5000 теңге болып келісілді.
Аудан әкімі С. Аманбаев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Е. Жолдығаринге мал азығы жәрмеңкесін алдағы апталарда да тұрақты ұйымдастыруды және мал азығы бағасының негізсіз көтерілуіне жол бермеуді тапсырды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.