ҚАЙЫҢДЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

0
26

             «Жазғы әуен»  бағдарламасы аясында, Шұбарқұдық орталық саябағында жоспарланған  «Біздің ауыл тамаша» атты округ күнінің кезегі 27 маусым күні Қайыңды ауылдық округіне тиіп, «Құтты мекен — Қайыңдым»  атты іс-шара дайындап келді. Округтің іс-шарасы, әсіресе  жергілікті тарихқа байланысты  шыққан кітаптар мен мақаларды («Тарихы терең туған жер»), ескі дәуірлерде пайдаланылған түрлі қару-жарақ, құрал т. б. түрлі заттарды   («Көнеден қалған жәдігерлер»), кондитерлік («Құмқұдық нан» ЖШ-сы), сүт («Номад-Келбатыр» ШҚ), балық («Ойыл өзенінің балықтары») өнімдерін, ат әбзелдерін («Ер қанаты — ат») жарнамалаған көрмелерімен және «Ат ерттеу» мен «Аударыспақ» ұлттық ойынының жарыстарымен ерекшеленді.

Ықылым заманнан бері ұлы  Ойыл өзенінің бойына орналасқан Қайыңдының Бабатай, Келтесай, Шибұлақ, Қарабұлақ, Бесбұлақ елді мекендерін жайлаған қоныстарда 8 мешіт болып,  12  ұлы ғұлама әулиелер өмір сүрген деседі. Соның бірі Жиенәлі хазірет, мешіт ашып, халықты оқытып, ағарту ісімен шұғылданған.

Орталық саябақта жиналған көпшілікті қызықтырған  шараның бірі  «Тарихы терең туған жер» атты  кітап көрмесі болды.

Біздің кітапханымызда 8 мың 125 кітамыз бар, — деді Қайыңды кітапханасының кітапханашысы А. Тәжімұратқызы. – Көрмеге тек Қайыңдыға қатысты кітаптар мен газетке шыққан мақалаларды алып келдік.

Осы жерде аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Райхан Таласқызы мен кітапханашы Ақжайық Мыңжасарқызы  «Бір ел – бір кітап» атты кітап көрмесін  ұйымдастырды. Көрермендер бұл  кітаптарды қай жерден сатып алуға немесе оқып танысуға болатыны сияқты т. б. сұрақтар қойып, екі көрмені де қызыға тамашалады.

Қайыңды жері – мал өсірумен қатар, егін салуға да қолайлы өлке. Мәселен, кешегі кеңес кезінде отандық миллиард пұттық бидай өндіруге ерекше  үлес қосқан шаруашылықтың бірі осы Қайыңды  екенін, әсіресе үлкендер жағы өте жақсы біледі. Сол үшін де Қайыңды атауы Қазақстанның Құрмет кітабына екі рет алтын әріппен жазылғанына тарих куә. Осы дәстүр кейінгі кезде үзіліп қалса да, соңғы  жылдары қайта жаңғыртуға зор мүмкіндіктер туып тұр. Оған  өз ісін жүргізуге ниеті бар азаматтарға жағдай жасайтын мемлекет тарапынан ұсынылып отырған түрлі бағдарламаларды атауға болады.  Аудан орталығындағы саябақта осы күні өз өнімдерінің көрмесін ұсынған «Құмқұдық нан» ЖШ, «Номад-Келбатыр» ШҚ,  «Ойыл өзенінің балықтары» ЖК-сінің иелері, мемлекет тарапынан ұсынған  бағдарламаларды  пайдаланған.

Ат десе, құлағы елеңдемейтін қазақ бар ма?! Қайыңдыдан шыққан қазақтың тұңғыш генералы Жансен Кереев, Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, самбошы Мысин Есенжол, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Абатов Нұрдаубай, ақын Ашықбаев Ертай  да ат құлағында ойнап өскен азаматтар. Сондықтан қайыңдықтар іс-шараға көрермендерді ат әбзелдерімен таныстыратын және «Ат ерттеу» мен «Аударыспақ» ұлттық ойыны жарыстарын  ұйымдастыратын «Ер қанаты — ат» деп аталатын бөлім енгізіпті. Бұл шара да қызықты өтті.

Басқасын айтпағанда, тарихы терең шежіреге толы бұл аймақта Қызыл Тұрдалыұлы Ойылдан  шығып ән айтқанда, дауысы Бабатай аумағына жеткен деген аңыз бар. Осындай аты аңызға айналып,   атақты «Қызыл әнші»  шыққан Қайыңды жұртының  дайындап келген концерттік бағдарламасын тамашалауға халық көп жиналды. Көрермендер Жасұлан Жұлқашевтің «Қайыңды», «Сарыарқа», Тұрсынбек Русланның «Бақытты баламын», Ақбота Бисенғалиеваның «Бұлбұлым», Сағындық Әлішердің «Көз моншағым», Какима Қосымбаеваның «Қос бәйтерегім», «Атамекен»,  Жасұлан Жұлқашев пен Мөлдір Мақсатқызының «Көздер-ай», Жасұлан Жұлқашев пен Тұрсынбек Русланның «Бабалар салты» әндеріне, «Самұрық» би тобының  «Өзбек биі», «Таңғы жаңбыр», Алға Қазақстан!»  билеріне ризашылықпен қол соқты.

Шара барысында аудан әкімі С. Аманбаев, Қайыңды ауылдық округіндегі кәсіпкерлік саласында ойдағыдай еңбек етіп жүрген азаматтарға «Алғыс хат» пен естелік сыйлықтар табыс етті.

Бүгінде Қайыңды ауылдық округі бойынша әкімшілік ғимараты, балабақшасы, клуб үйі, екі орта мектебі, екі дәрігерлік амбулаториясы бар іргелі өңірге айналған. Әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өткізіліп, халық ауыз сумен қамтылған.

Қазақ үшін ауыл – әрдайым рухани қуат сыйлайтын қайнар көз. Қаншама биікке самғап кетсең де, жүрегің ауылға қайтып оралуды аңсап тұратыны шындық. Міне сондай ауылдарымыздың бірі  тәуелсіз еліміздің арқасында, бүгінде бақытты да шаттықта өмір сүріп жатыр. «Жазғы әуен»  бағдарламасы аясында, «Біздің ауыл тамаша» атты округ күніне Қайыңды ауылдық округінің Шұбарқұдық орталық саябағына дайындап келген «Құтты мекен — Қайыңдым» деп аталған іс-шарасынан біз осыны байқадық. Олай болса, Тәуелсіздігіміз мәңгі, еліміз тыныш, ұрпағымыз бақытты болсын!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ.