Сартоғайда көкөніс өсірілуде

0
70

                             Соңғы жылдардағы пандемия мен  әлемдегі тұрақсыздықтың әсерінен пайда болған қымбатшылық сияқты т. б. кейбір қиыншылықтарға қарамастан,  еліміздің экономикасы  өркендеуін төмендетпеуге және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға жасалып жатқан шаралар аз емес. Соның бірі ­ — өткен жылдары Жамбыл облысының шаруашылықтарына енгізіліп, тиімділігі мен пайдасы әбден сыналған Ауыл аманаты жобасының Ақтөбе облысының аудандарына келуі болып табылады.  Аталған жоба ­— негізінен мал шарушылығы  біршама  дамыған  біздің ауданымызда, басқа салалардың  өркендеуіне жол ашып, темірліктердің тұрмыс жағдайын бұрынғыдан да жақсарта түсуіне тың мүмкіндік туғызып тұр. Осыны жақсы түсінген  жерлестеріміздің қатарында, жаңа жобаға белсене қатысып жатқан сартоғайлық Мәуениязов Есбол Бердімұратұлы да бар.

            1987 жылы жылы туылған Есбол Мәуениязов — 2009 жылы Ақтөбе Педагогикалық инистутының тарих бөлімін география пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген жоғары білімді азамат. Есбол инистутты  аяқтағаннан бері туған ауылындағы мектепте балаларға  білім мен  тәрбие беріп келеді. Ол мектептің ғана емес, ауылдың қоғамдық жұмыстарына да белсене араласады. Мәселен, Сартоғай ауылындағы қаладағыдан бір де кем емес,  Нұрлепес ата атындағы тамаша  саябақтың пайда болуы үшін ауыл жастарының басын қосып, демеушілік жасап, құрылысына да қатысқан азаматтардың бірі осы Есбол.

—  Туып өскен жерім Сартоғай — мен үшін өте қымбат. Сондықтан ауылыма, оның тұрғындарына, әсіресе өскелең ұрпаққа пайдасы тиетін іс болса, көпшілікпен бірге атсалысқым келіп тұрады. Мысалы, осыдан  біраз жыл бұрын ауыл маңындағы өзеннің суы азайып бара жатқанын байқадым. Содан ауыл жастары болып, қариялармен ақылдасып, мұның себебін анықтауға тырыстық. Сөйтсек, өзенге құятын бұлақтардың бірталайының көзі бітіп қалған екен. Ауыл жастарымен бірге, сол бұлақтардың көзін ашып жүріп, өзімде егіншілікпен неге айналыспасқа деген идея туып, аулама азды-көпті егін салып, көкөніс өнімдерін алып, тәжірибе жинақтағаным бар. Ал, мына Ауыл аманаты жобасымен танысқанымда, еш ойланбастан, оған қатысуға құлшына кірістім, — дейді Есбол Бердімұратұлы.

Иә, ол содан Алтықарсу ауылдық округінің әкімі Мақсот Әлішевпен кеңесе отырып, барлық құжаттарын дайындап, аудан орталығындағы екі бөлмелі пәтерін кепілге қойып, «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өзінің жобасын ұсынған. Корпорация ұсынылған жобаны мақұлдап, 2,700 миллион теңгені аударып берді. Бұл қаражатқа Есбол, керекті құрал-жабдықтар, егістегі зиянестерді улайтын дәрі-дәрмектер, тыңайтқыштар, егінді суару үшін Байзақ Агро атты жеке кәсіпорынмен келісімшартқа отырып, 115 мың теңгеге 2 дана су тартқыш мотор сатып алып, аудан әкімдігімен келісімшарт негізінде жалға алынған 5 гектар жердің 3 гектарына картоп, асқабақ, пияз, қауын, тәтті бұрыш, қызылша сияқты т. б. көкөністерді егіп,  іске кірісіп кетті. Егінді  егу мен оны күтіп баптауға, отбасындағы 4 жасар Асылайдан басқасының барлығы, яғни  жұбайы Гүлжан Оразбаева,  ұлдары Бақдәулет, Нұрдәулет, Әмір, қызы Асылай  жәрдем берді.

— Менің   жеке кәсіппен шұғылдануым – оқытушылық мамандығыма кедергі бола алмайды, — дейді Е. Мәуениязов. –   Кәсіпкерлік жұмысымды балалардың каникулына сәйкестендіріп жасаймын. Биыл негізі ауа райы қолайсыздау болып, күн 20 мамырдан    кейін ғана жыли бастады. Оның үстіне бөлінген қаражат пен тапсырыс берілген керекті заттардың келуін күтіп және өзімнің физикалық дайындығыма да  байланысты, жалға алған жерімнің биыл 3 гектарын игердім. Келесі жылы 5 гектар жерді толық игеремін. Қазір алғашқы өнімді алып жатырмын. Өнімді ауылдастарыма, аудан орталығына, жәрмеңкелерге, сауда  желілерімен келісімшартқа отырып, сатуды жоспарлап отырмын. Өзімізде өндірілген өнім сенімді – экологиялық жағынан таза әрі құнарлы болмақ. Сондықтан өнімді өткізуде мәселе туындамайды деп ойлаймын. Оның  үстіне бұл мәселе Аманат жобасында да қарастырылған. Жалпы, темірліктерге айтарым, Ауыл аманаты жобасы, әсіресе өзінің жеке кәсібін қалай бастарын білмей жүрген жастарға тамаша мүмкіндік болып табылдады. Мұнда  несие небары 2,5 пайызбен беріледі. Оның үстіне бизнес-жоспар жасауға да тегін көмектеседі, керек болса тегін оқытатын жағдайы да бар. Қазір, осындай  қолайлылық жасалып тұрғанда жастар пайдаланып қалуы керек деп есептеймін.

Иә, ауданымызда, Ауыл аманаты жобасының маңыздылығын терең түсінген Есбол Мәуениязов тәрізді азаматтардың қатары күн өткен сайын көбейіп келеді. Бұл құбылыс — ­ аталған жобаның халыққа ұнап жатқанының белгісі  деп ойлаймын. Олай болса, өз жеке кәсібін бастағысы келіп не  қолданыстағы кәсібін кеңейтуді армандап жүргендер Ауыл аманатына толық сенім артса болатындығын Есбол дәлелдеуде.

Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ.