«Ақбидай-2023» спартакиадасы

0
29

Тамыз айының 4-5 күндері Саркөл ауылдық округінде спорттың 15 түрінен ауыл жастарының спартакиадасы ұйымдастырылды. Спартакиадаға ауданымыздың ауылдық округтерінің құрама командалары қатысып, жеңімпаздарды анықтады. Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі С.Аманбаев Саркөл ауылдық округінің бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жүрген жанашыр азаматтары мен облыстық, республикалық деңгейлерде нәтижелерге жетіп жүрген спортшылары мен білікті жаттықтырушыларын марапаттап, спартакиада қатысушыларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ашылу салтанатында ардагер спортшы Төлегенов Марат ағамыз спартакиада алауын тұтатты.

Спартакиаданың алғашқы күні тоғызқұмалақ, шахмат, бестас, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, арқан тартысы, бильярд, қазақ күресі, гір тасын көтеру сайыстары қорытындыланды.

Ауыл жастары спартакиадасының бағдарламасына өткен жылы енген ат спорты түрлері көрермендердің асыға күтетін сайыстарына айналғаны жасырын емес. Биылғы жылы да Қайыңдылық көкпаршылар жеңіс тұғырынан көрініп, Саркөл көкпаршылары ІІ орынды иеленсе, Кенесту ауылдық округінің көкпаршылары ІІІ орынды еншіледі.

Ептілік пен шапшаңдықты қажет ететін ұлттық спорт түрі «Теңге ілуден» І орынды Саркөлдік Жарылқасын Бейбарыс, ІІ орынды Кенесту ауылдық округінің спортшысы Жұбаниязов Қолқанат, ІІІ орынды  Қайыңдылық Сепбай Айберген еншіледі.

Биылғы жылы «Аударыспақ» спорт түрінен балуандар ІІІ салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Ептілік, қайраттылық, шапшаңдық пен төзімділік сыналатын бұл спорт түрінен 65 келі салмақта ІІІ орынды Оразай Мирас (Қайыңды а/о), ІІ орынды Байғара Мадияр (Кенесту а/о), І орынды Аймұратұлы Жансерік (Алтықарасу а/о) еншілесе, 80 келіде ІІІ орынды Балмашев Нұржан (Кеңкияқ а/о), ІІ орынды Жарылқасын Бейбарыс (Саркөл а/о), І орынды Сепбай Айберген (Қайыңды а/о), иеленді. 80 келіден жоғары балуандар арасында ІІІ орынды Балмашев Нұржан (Кеңкияқ а/о), ІІ орынды Нұрбаев Нұрғали (Саркөл а/о), І орынды Жұбаниязов Қолқанат (Кенесту а/о) жеңіп алды. Командалық есепте аударыспақтан І орынды Қайыңды ауылдық округі, ІІ орынды Саркөл ауылдық округі, ІІІ орынды Кенесту ауылдық округі иеленді.

Тоғызқұмалақшылар бәсекелері де қызу тартыспен өтті, оған себеп жарысқа ауданымыздың танымал тоғызқұмалақшыларының қатысуы. Қыздар арасында ІІІ орынды Қайыңдылық Саматқызы Нұрзат, ІІ орынды Кеңкияқтық тәжірибелі тоғызқұмалақшымыз Қыдырбаева Жамал, ал, І орынды Ақсайлық Рысқалиева Зухра жеңіп алса, ерлер арасында ІІІ орынды бірнеше дүркін ел чемпионы, ардагер тоғызқұмалақшымыз Жүсібалиев Төлеген (Кеңкияқ а/о), ІІ орынды жас та, дарынды тоғызқұмалақшы, аудан құрамасының мүшесі Кереев Ринат (Саркөл а/о), І орынды бірнеше дүркін облыс чемпионы, тәжірибелі ойыншымыз Дәндібаев Төлеген (Шұбарқұдық а/о) иеленді. Тоғызқұмалақтан командалық есепте І орынды Кеңкияқ ауылдық округі, ІІ орынды Шұбарқұдық а/о, ІІІ орынды Ақсай ауылдық округі олжалады. Енді аудан тоғызқұмалақшылары 21-27 тамыз күндері Шұбарқұдық кентінде ұйымдастырылатын Қазақстан Республикасының чемпионатында аудан, облыс намысын қорғайтын болады.

Шахматтан әдеттегідей Темір қалалық округі жалпыкомандалық есепте көш бастап, Шұбарқұдық а/о ІІ орынды, Саркөл ауылдық округі ІІІ орынды иеленді. Қыздар арасында І орынды Мырзағұлова Құралай (Темір қаласы), ІІ орынды Қадір Жұлдыз (Қайыңды а/о),ІІІ орынды Жиенбаева Раушан (Кеңкияқ а/о) иемденді. Ерлер арасында тәжірибелі шахматшымыз Қасаев Нұржан (Шұбарқұдық а/о) тағы да өз шеберлігін дәлелдеп І орынды жеңіп алса, ІІ орынды Байназар Қазбек (Жақсымай а/о), ІІІ орынды белгілі жаттықтырушымыз Нұғыманов Берік ағай (Темір қаласы) иеленді.

Биылғы жылы бильярд ойыны спартакиада бағдарламасына алғаш рет енгізілді. Мәскеу пирамадисымен күш сынасқан бильярдшылар сынында І орынды ауданымыздың бірнеше дүркін чемпионы Айдапкелов Медет жеңіп алды, ІІ және ІІІ орындарды тиісінше Жақасов Жандос (Тасқопа) және ардагер спортшымыз Айтжанов Хабидолла (Темір қаласы) еншіледі.

Қыздар арасында ұйымдастырылған «Бестас» бәскесінде Төремұратова Гүлфайруз (Жақсымай а/о) І орынды, Қыдырбаева Жамал (Кеңкияқ а/о) ІІ орынды, Қаржауова Эльмира (Кенесту а/о) ІІІ орынды иеленді.

Спартакиада бағдарламасындағы көрермендердің асыға күтетін, ең тартысты бәсекелерінің бірі балуандардың арқан тартысы. Биылғы жылы Кеңкияқ ауылдық округінің балуандары қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп І орынды олжаласа, Саркөл ауылдық округі ІІ орынды, Қайыңды ауылдық округі ІІІ орынды жеңіп алды.

Гір спортынан 70 келіге дейінгі салмақта І орынды Лияшов Марат (Тасқопа а/о), ІІ орынды Құралбай Нұрсұлтан (Саркөл а/о), ІІІ орынды Амангелді Саддам (Темір қаласы), 80 келіге дейінгі салмақта І орынды Сепбай Айберген (Қайыңды а/о), ІІ орынды Құдайберген Елдияр (Шұбарқұдық а/о) ІІІ орынды Есенгелді Нұраш (Тасқопа а/о), 90 келіге дейінгі салмақта І орынды Бекмурзиев Әділет (Саркөл а/о), ІІ орынды Ізімқұл Сағындық (Тасқопа а/о), ІІІ орынды Хасенов Нұрлан (Кеңкияқ а/о), 90 келіден жоғары салмақта І орынды Әлімбаев Нағашыбай (Кеңкияқ а/о), ІІ орынды Қантөре Шерхан (Темір қаласы),ІІІ орынды Ахметжан Өркен (Тасқопа а/о) иеленді. Гір спортынан жалпы есепте Тасқопалықтар І орын, Саркөлдіктер ІІ орын, Қайыңдылықтар ІІІ орынды жеңіп алды.

Қазақ күресінен балуандар бес салмақ дәрежесінде бақ сынады. 60 келіде ІІІ орынды Қазихан Нұртас (Ақсай а/о), ІІ орынды Тыныштық Айбат (Шұбарқұдық а/о), І орынды Тұрым Айсұлтан (Тасқопа а/о), 66 келіде ІІІ орынды Шекеров Асхат (Саркөл а/о), ІІ орынды Аманшин Қорған (Шұбарқұдық а/о), І орынды Алменбет Нұржігіт (Қайыңды а/о), 74 келі салмақта ІІІ орынды Жүкетаев Серғазы (Тасқопа а/о) ІІ орынды Шалқыма Октябрь (Темір қаласы), І орынды Мырзағалиев Айбек (Шұбарқұдық а/о), 82 келі салмақта ІІІ орынды Шортанбаев Нұрлан (Саркөл а/о), ІІ орынды Тыным Роллан (Кеңкияқ а/о), І орынды Байғанин Тұрлыхан (Жақсымай а/о), 90 келіден жоғары салмақта ІІІ орынды Жанғали Мұрат (Шұбарқұдық а/о), ІІ орынды Бақытжан Нұржігіт (Жақсымай а/о), І орынды Зинадинов Бекнұр (Саркөл а/о) жеңіп алды. Қазақ күресінен командалық есепте І орынды Шұбарқұдық ауылдық округі, ІІ орынды Саркөл ауылдық округі, ІІІ орынды Тасқопа ауылдық округі иеленді.

Жарыстың екінші күнінде футболдан, волейболдан, жеңіл атлетикадан және асық атудан жарыстар қорытындыланды.

Жеңіл атлетикадан 100 метрге жүгіруден қыздар арасында ІІІ орынды Серікбаева Алтын (Саркөл а/о), ІІ орынды Утешова Айым (Темір қаласы), І орынды Асауова Көркем (Кеңкияқ а/о) иеленсе, ерлер арасында ІІІ орынды Айжарықов Еламан (Жақсымай а/о), ІІ орынды Төлеубаев Мирлан (Кеңкияқ а/о), І орынды Сәбит Аманбек (Кенесту а/о) жеңіп алды. Кермеге тартылудан ІІІ орынды бірдей нәтиже көрсеткен Емберген Саят (Шұбарқұдық а/о) пен Сепбай Айберген (Қайыңды а/о) бөліссе, ІІ орынды Тұрым Айсұлтан (Тасқопа), ал, І орынды Қоңырбай Нұралы (Темір қаласы) иеленді. Ұзақ қашықтыққа жүгіруден қыздар арасында Темірлік Утешова айым І орын, Асауова Көркем (Кеңкияқ а/о) ІІ орын, Сағиева Айғаным ІІІ орын, ерлер арасында Забихолла Бекжан (Саркөл а/о) ІІІ орын, Жанұзақ Бейбарыс (Қайыңды а/о) ІІ орын, Қоңырбай Нұралы (Темір қаласы) І орын иеленді. Эстафеталық жарыста І орынды тең нәтижемен Саркөл және Кеңкияқ ауылдық округтерінің жеңіл атлеттері бөліссе, ІІІ орынды Кенесту ауылдық округі жеңіп алды. Жеңіл атлетикадан командалық есепте Темір қаласы І орын, Кеңкияқ а/о ІІ орын, Саркөл а/о ІІІ орынға тұрақтады.

Асық ату ойыны бүгінгі күнде тәжірибелі ұстаз Шәмиев Жеңісбектің бастамасымен Қопа ауылында кеңінен насихатталуда. Соның дәлелі асық атудан Кенесту ауылдық округінің спортшысы Жаңабергенов Ершат мергендік танытып, қарсыластарын айқын басымдықпен ұта білді. Бұл сайыста ІІ орынды Темірлік Амангелді Саддам ІІІ орынды Тасқопалық Батырбек Сағадат жеңіп алды.

Волейболдан қыздар арасында Кеңкияқ құрамасы ерекше ойын өрнегін көрсетіп, І орынды жеңіп алса, ІІ орынды Шұбарқұдық командасы, ІІІ орынды Саркөл командасы жеңіп алды. Ерлер арасында құрамы Серікбаев Данияр, Мақсат Нұрлыбек, Сүлеймен Әділ сынды аудан құрамасының белді ойыншыларымен жасақталған Шұбарқұдық командасы айқын басымдықпен І орынды жеңіп алса, ІІ орынды Алтықарасу командасы, ІІІ орынды Кеңкияқ командасы олжалады.

Футболдан бес құрама айналмалы жүйемен жеңімпазды анықтады. Айта кету керек биылғы спартакиадаға қатысқан бес құрама да тартысты ойын көрсетіп, жеңімпаз ең соңғы ойында ғана анықталды. Жарыс нәтижесінде үздік ойын көрсеткен Кеңкияқ футболшылары спартакиада жеңімпазы атанса, Қопалық футболшылар ІІ орынды, ал, Саркөл футболшылары ІІІ орынды жеңіп алды.

Жарыс қорытындысымен Темір аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің тарапынан барлық жүлдегерлер мен жеңімпаздар грамоталармен, медальдармен марапатталып, жалпы командалық есепте үштікке енген Қайыңды (ІІІ орын), Кеңкияқ (ІІ орын) және Саркөл ауылдық округтері (І орын) құрамаларына ақшалай сертификаттар табысталды.

Сонымен қатар, жабылу салтанатында спартакиаданың символикалық туы Саркөл ауылдық округінен келесі жылғы алаң иелері Кеңкияқ ауылдық округіне табысталды.

Темір аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі Саркөл ауылдық округі әкімі Мәди Жақсылықұлына, жеке кәсіпкер Жолшара Сейілұлына және спартакиаданың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан барлық Саркөл ауылдық округі жастарына алғыс білдіреді.

 

Темір аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі