Ж. КЕРЕЕВКЕ АРНАЛҒАН ШАРА

0
75

ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНЫҢ 27 КҮНІ АЛМАТЫДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ Д. А. ҚОНАЕВ ҚОРЫ ОРНАЛАСҚАН ҒИМАРАТТА ГЕНЕРАЛ-ЛЕЙТЕНАНТ ЖАНСЕН КЕРЕЕВКЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҮЛКЕН ШАРА БОЛЫП ӨТТІ. КЕЗДЕСУГЕ СЕБЕП БОЛҒАН БАСТЫ МӘСЕЛЕ – ВЬЕТНАМ РЕСПУБЛИКАСЫ АТЫНАН «I ДӘРЕЖЕЛІ ӘСКЕРИ ЕРЛІК» ОРДЕНІН ҚАЙТА ТАБЫСТАУ.

Қадірлі қонақтар алдымен Қонаев музей-үйін аралап, қазақ халқының сүйікті перзенті Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың мемлекет басшысы ретіндегі өмір жолымен, оның түрлі мемлекеттер басшыларымен кездесу, соның ішінде Вьетнам Республикасының тұңғыш Президенті, революция көсемі Хо Ши Минмен де кездесу тарихымен танысты. Келесі кезекте қонақтар Халықаралық Д. А. Қонаев қорына бет алды. Қонақтарды Халықаралық Д. А. Қонаев қорының президенті Элдар Асқарұлы Қонаев бастаған қор қызметкерлері мен ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері ықыласпен қарсы алды. Қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алған қор Президенті Элдар Қонаев, Вьетнам Ұлттық Құрылтайының Төрағасы Нгуен Хак Хо Ши Миннің бұдан алпыс жыл бұрын түскен тарихи суреттерін сыйға тартты. Өз кезегінде генерал Жансен Кереевке берілген Мемлекеттік Үлкен награданы Қазақстанға ресми сапармен келген Вьетнам Республикасы Парламентінің делегациясын бастап келген Вьетнам Ұлттық Құрылтайының Төрағасы Нгуен Хак Динь мырза, атақты генералдың немересі кіші Жансен Артурұлы Кереевке табыстады. Делегация құрамында сонымен бірге Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы өкілетті елшісі Тхай Ныы Май Фам ханым да болды. Қор президенті Элдар Қонаев пен «Генералдар Кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Төралқасының Төрағасы (Председатель Президиума) генерал-майор Тілеғұсов Махмұт Өтегенұлы бүгінгі кездесудің айрықша маңызды екендігін баса атап өтті. Өз кезегінде «Генерал-лейтенант Жансен Кереев» кітабының авторы Абай Әлібекұлы Орынбаев та екі ел арасындағы қалыптасқан айрықша Достық қатынасқа тоқталып өтті.
-Вьетнам халқы сонау Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін жиырма жылға созылған ауыр соғыс жылдарын басынан өткерді, алдымен он жыл сыртқы интервенттермен, кейін өз мемлекетінің ішіндегі соғыстар қайсар вьетнам халқының асқақ рухын түсіре алмады. 1959 жылғы екі ел басшылары Д. А. Қонаев пен Хо Ши Мин арасындағы тарихи кездесу негізінде орнаған достық қатынас, кейін 1960-шы жылдары Вьетнамға жіберілген көптеген ауыл шаруашылығы мамандары мен әскери кеңесшілер арқылы жалғаса түскен достық қатынас, бүгінгі күні жаңа сипат алып отыр. Алдағы уақытта да осы қатынастың жалғаса беруіне баршамыз мүдделі болуға тиіспіз, — дей отырып, ол бүгінгі кездесудің Халықаралық Д. А. Қонаев қоры үйінде өтуінің өзі тектен-тек емес екендігін, Д.А.Қонаев пен генерал Жансен Кереевтің өте сыйлас достық көңілде болғандығын тағы бір рет еске салып өтті. Сөзінің соңында Абай Орынбаев келген қонақтардың әрқайсысына генерал жөніндегі кітап пен генерал Ж. Кереевтің Вьетнамда түскен суреттерді сыйға тартты. Кездесу соңында барша көпшілік естелікке суретке түсті.
Ж. ЖАСАҚБАЕВА,
аудандық ішкі саясат және тілдерді
дамыту бөлімінің басшысы.