МӘСЕЛЕЛЕР КЕЗЕҢ- КЕЗЕҢМЕН ШЕШІЛЕДІ

0
24

АУДАН ӘКІМІ С. АМАНБАЕВ, БЕКІТІЛГЕН КЕСТЕГЕ СӘЙКЕС, 27 ҚЫРКҮЙЕК КҮНІ ҚАЗАҚАУЫЛ, ЗАДЕПО, ҚЫЗЫЛЖАР, АЛ 28 ҚЫРКҮЙЕКТЕ АҚҚҰДЫҚ, ВОКЗАЛ, ТЕРІСКЕЙ АЙМАҒЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУГЕ ҚАТЫСТЫ. КЕЗДЕСУГЕ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ Б.ШАИМОВ, АУДАН ПРОКУРОРЫ К. УРАЗАЛИН, ШҰБАРҚҰДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ Қ. НҰРАЛЫ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЛАРЫ, БӨЛІМ ЖӘНЕ МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ ҚАТЫСТЫ.

Қазақауылдағы кездесу барысында аудан әкімі атқарылған шараларға тоқталып, Қазақауыл аймағын абаттандыру бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде тұрғындар көшеге жарық шамдарын орнату, жаяу жүргіншілер жолының құрылысы, балалар ойын алаңын салу, иесіз ит мәселесін көтерді. Бұл мәселер бойынша кент әкімі Қ. Нұралы, қазіргі таңда Жамбыл және Ж. Махимов көшелерінде жаяу жүргіншілер жолының құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғанын және Жамбыл көшесіндегі көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстары демеушілік жолмен жүргізіліп жатқанын, аумақтағы иесіз иттерге байланысты заңнама аясында тиісті шара қолданатынын айтты.
Кездесуден соң С. Аманбаев, аумақтағы көктемгі су тасқыны кезінде шайылып кеткен көпірді қалпына келтіру үшін жасалып жатқан құрылыс пен Жамбыл және Ж. Махимов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының құрылыс-монтаж жұмыстарын қарап шықты. Көпірді қалпына келтіруді демеушілік жолмен « Алихан Ойл З» ЖШС атқарып жатыр. Қазіргі таңда көпірдің табаны тегістеліп, қиыршық тастар төселген және бетіне сымнан тор өріліп, бетон құюға дайындалуда. Ал Жамбыл мен Ж. Махимов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының құрылыс-монтаж жұмыстарына «ЗапКазПромСтрой» ЖШС бас мердігерлік етуде. Бұл жобаның қуаты 1,138 метрді құрайды.
Задепо аймағының тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі С.Аманбаев, атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алға қойылған мақсат-міндеттер жөнінде айтып өтсе, округ әкімі Қ. Нұралы атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Ал, тұрғындар тарапынан айналма көлік жолын жөндеу мен аймақтағы көпір мәселесін сөз етті. Аудан әкімі тұрғындарға айналма көлік жолына орташа жөндеу жұмыстарының басталғанын жеткізіп, Қ. Нұралыға кездесуде көтерілген басқа да ұсыныстарды хаттамаға енгізуді тапсырды.
Ал Қызылжар мөлтек ауданы тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі С. Аманбаев, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін берді. Қызылжарлықтар суағар, көше жарықтары, электр бағаналарын ауыстыру мәселесі қашан шешілетінін сұрады. Бұл сұрақтарға Қ. Нұралы суағарлар орнату бойынша
ЖСҚ әзірленіп жатқанын, сараптамадан өткеннен кейін қажетті қаржыға сұраныс берілетенін жеткізді.
— Үш көшеге, атап айтқанда Астана, Ө. Қалниязов және А.Төребаев көшелеріндегі жолдың екі шеткі бөлігіне бетонды суағарлар жасалады. Бетонды суағарлардан аққан су «Кәусар» мейрамханасының жанымен өтіп, «Бопай» кемпингінің арғы жағындағы су өткізу құбырына барып құяды. Сондай-ақ, жарылған электр бағаналарын ауыстыру мәселесі бойынша бюджеттік өтінім жолданды, — деді Қ. Нұралы.
Жиын соңында аудан әкімі С. Аманбаев, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша, қабылдау өткізді. Аудан әкімінің қызылжарлықтармен ұшырасуы — 27 қыркүйек күнгі есептік кездесуді түйіндеді.
Шұбарқұдық ауылдық округіннің тұрғындарымен есептік кездесу – келесі күні, яғни 28 қыркүйек күні жалғасты. Бұл күнгі кездесу — Аққұдық аймағынан бастау алды. Кездесуде аудан әкімі өз сөзінде көктем мезгіліндегі су тасқынына қарсы суағарлардың жасалғанын жеткізсе, кент әкімі Аққұдық көшелеріне жаяу жүргіншілерге арналған тротуар төсеу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілгенін атап өтті. Тұрғындар тарапынан Құрылысшылар көшесіне жарық орнату мен жол мәселесі қойылды. Аудан басшысы тұрғындардың ұсыныстарын ескерілетінін мәлімдеді.
Бұдан кейін есептік кездесу — Теріскей аймағында жалғасын тапты. Кездесу кезінде кент әкімі Қ. Нұралы, округте атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарға тоқтала келе, Теріскейде су көлемінің қуатын арттыру мақсатында жобалық сметалық құжаттама жасауға бюджеттік өтінім жолданғанын жеткізді. Ал аудан әкімі, бұған дейінгі есептік кездесуде тұрғындар спорт алаңын салу мәселесін қозғағанын, сондықтан бұл ұсыныс ескеріліп, қазіргі таңда спорттық корт орны ашылып, пайдалануға берілгенін атап өтті және тұрғындар тарапынан түскен мәселелер бойынша тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, мәселелерді тұрғындармен бірлесе шешудің жолдарын қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар С. Аманбаев, Теріскей аймағында өткен есептік кездесуден соң, тұрғындардың өтініші бойынша Б. Шаимовпен және Қ. Нұралымен бірге, жиында мәселесі көтерілген жекелеген нысандарды аралады. Атап айтқанда, Теріскей аймағының бірінші және екінші көшелерінде жаңбырдан жиналған судың тұрғындардың жүруіне қолайсыздық тудыратынын және қараусыз тұрған ғимараттың төбесінде орналасқан бетондары сол тұстан өтетін адамдардың өміріне қауіп тудыратынына назар аударып, кент әкімі Қ. Нұралыға аталған жолға қиыршық тас төсеу жұмысын және апатты жағдайдағы ғимараттың иесін анықтап, бұзуға рұқсат құжат алу керектігін тапсырды.
Вокзал алаңы тұрғындарымен есептік кездесуде кент әкімі Қ. Нұралы баяндама жасап, ағымдағы жылы кент көлемінде жүзеге асқан негізгі істерді атады. Аудан әкімі қазіргі таңда Вокзал алаңын абаттандыру жұмыстары аяқталғанын, аудан әкімдігінен арнайы қаражат бөлініп, теміржол вокзалы жолаушыларының поездарды күту кезінде қолайлы жағдай орнату, сондай-ақ, жақын маңдағы тұрғын үй тұрғындарының демалысы үшін вокзал алаңында «Бекет гүлзары» жасақталатынын жеткізді.
Кездесуде тұрғындар тарапынан апаттық жағдайда тұрған үйлер мен көше тазалығы мәселесі айтылды. Жиын соңында аудан әкімі, тұрғындар тарапынан көтерілген барлық ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізілетінін жеткізді және жауапты сала басшыларына айтылған мәселелер бойынша тапсырмалар жүктеді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.