ЖЕРЛЕСТЕРІН жігерлендірген КОНЦЕРТ

0
22

Өткен аптада ауданымызда болған үлкен жаңалықтардың бірі, яғни қарашаның 28-і күні,  Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген қайраткер, Темірден шыққан дарынды әнші, жерлесіміз  Светлана Айтбаеваның,  «Sarmad» этно-фольклорлы ансамблімен бірге (жетекшісі Бауыржан Ақтай), туған жерге гастрольдік сапармен келуі болды. Елімізге кеңінен танымал өнер  иелерін аудан әкімі Саламат Аманбаев қабылдап,  Темір ауданындағы  сапары талқыланды. Сондай-ақ қабылдауға  С. Айтбаеваның жары, танымал әнші Қанат Айтбаев пен ақын әрі сазгер Орал-Қосай Байсеңгір қатысты.

Қабылдау барысында Саламат Аманбаев, ауданымызға ұлттық әндерімізді, күйлерімізді, дәстүріміз бен ұлттық аспаптарымызды қатар дәріптейтін осындай шаралардың маңыздылығын айта келе, өнер иелеріне ән-шашумен бірге, халқымыздың көне аспаптары арқылы темірліктерге тамаша көңіл күй мен ерекше рухани азық сыйлау ниеттеріне алғыс айта отырып, шығармашылық табыс тіледі.
Осы күні кешке аудан орталығындағы Нұрпейіс Байғанин атындағы Мәдениет Үйінде жоғарыда аттары аталған өнер иелерінің «Алаш аманаты» атты концерті өтті. Концертті тамашалаған көрермендер арасында аудан әкімі С. Аманбаев, облыстық мәслихат депутаты Б. Ізбасов, Алматы қаласынан арнайы келген қонақ, профессор А. Орынбаев, аудандық ардагерлер ұйымының мүшелері, С. Айтбаеваны мектепте оқытқан ұстаздары, бірге оқыған сыныптастары, ауылдастары т. б. болды.
Концертте Қанат Құдайбергенұлы мен Светлана Ермекқызының жеке репертуарындағы «Қарлығаш», «Ақтамақ», «Япур-ай», «Таң сырым» сияқты әндер мен «Sarmad» этно-фольклорлық ансамбль тарапынан «Жұмыр қылыш», «Алаш аманаты», «Шаңқобызға арнау», «Көшпенділер рухы», «Әләлім», «Ахау керім», «Көрғұлы» секілді т. б. туындылар орындалды. Сондай-ақ концертте Орал-Қосай Байсеңгір мен жұбайы Нұргүл Тілегенова екеуі бірқатар әндерді шырқады.
Концерт соңында аудан әкімі Саламат Аманбаев, жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға ризашылығын білдіріп, Светлана Айтбаеваға «Темір ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен ҚР Қолөнершілер Одағының мүшесі, жергілікті шебер Нұрлан Жақыбаевтың теріден жасаған бұйымы — торсықты және ұлы, әлем жұлдызы Димаштың «Қазақстанның Халық әртісі» атағын иемденуіне орай «Құттықтау хатты», Қанат Айтбаевқа «Алғыс хат» пен Н. Жақыбаевтың туындысы — теріге басылған панноны және Нұрлан ұстаның Димашқа арнайы жасаған, қасиетті де киелі саналатын қамшыны, сондай-ақ «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Бауыржан Ақтайға «Алғыс хат» пен ансамбл мүшелеріне ықылас гүлін табыс етіп, Орал-Қосай Байсеңгірге шапан жапты. Сонымен бірге өнер иелерін, кеш қонақтары Ақтөбе облысының мәслихат депутаты Боран Ізбасов пен ҚР білім беру ісінің құрметті қайраткері, Журналистер Одағының мүшесі Абай Орынбаев құттықтап, Светлана Айтбаеваны «Халықаралық Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қорының» Президенті Эльдар Қонаевтың атынан «Алғыс хатпен», «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 110 жыл» мерекелік медалімен марапаттады және Дінмұхамед Қонаевты мәңгілік есте қалдыру мен насихаттау мақсатында шығарылған «Мерей» орденімен Құдайберген Димаш марапатталғанын жариялап, орден мен құжатын табыс етті.
Сонымен қатар концертте Қазақстанның Халық әртісі, әлемнің жарық жұлдызы Димаш Құдайбергеннің темірліктерге жолдаған бейне-сәлемдемесі көрсетілді.
— Ассалаумалейкүм, құрметті Темір ауданының тұрғындары және қонақтары, — деді Димаш Құдайберген өзінің бейне-сәлемдемесінде. — Сіздерге бұл бейне-сәлемдемені жазып жатқандағы мақсатым – өздеріңізге деген жүрекжарды лебізімді, ыстық сәлемдемемді жеткізу болатын. Неге десеңіз, Темір ауданы Света апамның кіндік қаны тамған, менің балалық шағым өткен жер. Қазіргі таңда, жұмыс бабымен жырақта жүрген соң, өздеріңізбен жүздесіп, нұрлы жүздеріңізді көру – мен үшін қол жетпестей біраз арман боп тұр. Енді алдағы уақытта Темір ауданына да атбасын бұрып, бетпе-бет жүздесіп, сәлем беріп, келіп қаламын деген ойдамын. Елімізде аманшылық, тыныштық болсын. Артымыздан өсіп келе жатқан іні-қарындастарымыз, өскелең ұрпақ еліміздің мерейін үстем ете берсін. Бақытты болыңыздар. Қайғы-мұң дегенді білмеңіздер!
— Туған жерге келмегелі көп болып еді. Ауылдың жағдайы жақсы екенін көріп қатты қуандым. Көп оң өзгерістер болыпты. Сондықтан халықтың жағдайын жасауға атсалысқан Аманбаев Саламат ағай бастаған аудан басшыларына ризашылығымды білдіремін. Мен сыртта жүрсем де, жүрегім әрқашан туған жермен бірге. Аманшылық болса, алда әлі талай ауылға келемін, — деді Светлана Айтбаева, концерттің соңында толқып тұрып.
Иә, темірліктер сағынып қалған төл қызының концертін ерекше ықыласпен тамашалағанын әрбір әні мен әрбір айтқан сөзіне ду қол шапалақтаумен жауап беріп, гүл шоқтарын ұсынып отырғанынан байқауға болады. Көрермендер «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблі мен басқа өнер иелеріне де ризашылығын білдіріп, гүл шоқтарын ұсынып, құрмет көрсетті.
Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ.