КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
АУДАН ӘКІМІ С. АМАНБАЕВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН, ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЕСЕБІНДЕ ТҰРҒАН СОТТАЛҒАН АДАМДАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ. КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫНА АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ Б. ШАИМОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЛАРЫ Ж. ҚОЙШЫБАЕВ ПЕН Р. ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ Х. ОТАРБАЕВ, АУДАН АРДАГЕРЛЕРІ, ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫ КӘСІПОРЫНДАР, БӨЛІМ ЖӘНЕ МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ ҚАТЫСТЫ.
Комиссия отырысының күн тәртібінде «Аудан бойынша қылмыстық жазасын өтегендерге және пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған адамдарға әлеуметтік құқықтық көмек көрсетуді және осы санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру» мәселесі бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г. Махимованың, «Қылмыстық жазасын өтегендерге, пробация есебінде тұрған сотталғандарға, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға көрсетілген көмектер жөнінде және 2023 жылға құрылған жоспардың орындалуы» туралы аудандық пробация қызметінің басшысы Х. Отарбаевтың, осы санаттағы азаматтармен атқарылып жатқан жұмыстар бойынша «Мансап» орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы А. Қалдыбаеваның, сонымен қатар «2023-2024 жылдарға белгіленген жұмыс орындары жөнінде мекеме басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жасалған баяндамаларға қарағанда, 2023 жылы Темір ауданы бойынша аталған санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін, ұйымдық-құқықтық және меншік нысанына қарамастан, ұйымдар бөлінісінде жұмыс орындарына қосымша квотаға сәйкес, барлығы 11 мекемеге 11 орын, яғни 1 мекемеге 1 орыннан белгіленген. Қазіргі таңда бас бостандығынан айыру орындарынан босағандар мен пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша тиісті шаралар атқарылып, жоспарлы түрде жұмыстар жасалуда.
Комиссия отырысының соңында аудан әкімі С. Аманбаев, аудан әкімі аппаратының басшысы А. Сисеновке, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларды жұмысқа орналастыру, оның ішінде оларға берілген квотаның орындалуы бағытындағы жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмеуіне байланысты, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г. Махимова мен «Мансап» орталығының директоры Ә. Көшербаевтың қызметтік жауапкершіліктеріне қатысты ұсыныс енгізуді және аудан әкімінің орынбасары Ж.Қойшыбаевқа күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ағымдағы жылдың көрсеткіштерін орындау үшін жұмысты күшейту мен аталған тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуды жүктеді.
ТЕМІР ГАЗЕТІ.