«ТЕМІР ДАУЫСЫ-2023» ӘН БАЙҚАУЫ

0
22

ӘР САЛАДА ҚЫЗМЕТ АТҚАРЫП ЖҮРГЕН, ӨНЕРГЕ ЖАНЫ ҚҰМАР 16 ҚАТЫСУШЫНЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН, ЕРКІН ТАҚЫРЫП ПЕН «COVER»-ДІ ҚАМТИТЫН 2 КЕЗЕҢНЕН ҚҰРАЛЫП, 2 КҮНГЕ СОЗЫЛҒАН, БИЫЛ ЕКІНШІ МӘРТЕ ӨТКІЗІЛГЕН «ТЕМІР ДАУЫСЫ-2023» АУДАНДЫҚ ӘН БАЙҚАУЫ — ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ.

Байқау қорытындысында, құрамында Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның республикаға танымал әншісі, композитор Ерхан Алданазаров, халықаралық конкурстардың лауреаты, Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның Қазақ камералық хоры әртісі Нұргүл Рамазанова, Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің «Ақтөбе» вокалды-аспаптар ансамблі солисті Ернар Алтынов, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, әнші Ермек Қасым бар қазылар алқасының ортақ шешімі бойынша «Бас жүлдені» Қызылжар ЖОББ мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Сайлау Ернар жеңіп алып, 200 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал І-орын Ақсай ауылындағы Н.Байғанин атындағы мектеп-балабақшаның психолог-педогогы Алдабергенова Айымгүлге (150 мың теңге) бұйырса, ІІ-орынды Темір аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Жақсыбек Дана (100 мың теңге) иеледі. ІІІ-орынмен Қызылжар ЖОББ мектебінің мұғалімі Мерлан Мұқанов (50 мың теңге) қанағаттанды. Сондай-ақ, байқауда жеңімпаз бен жүлдегерлерді құттықтаған аудандық мәслихат төрағасы Б.Шаимов пен аудан әкімінің орынбасары Қ. Нұралы, барлық қатысушыларға аудан әкімі С. Ермұханұлының «Алғыс хаты» мен 20 мың ақшалай сыйлық табыс етіп, аталған ерекше жоба келер жылы да жалғасын табатынын мәлімдеді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.