ШӘКІРТТЕРІМЕН ЖАЛҒАСҚАН ҒҰМЫР
«АЛТЫ АЛАШТЫҢ БАЛАСЫ БАС ҚОССА, ТӨР – МҰҒАЛІМДІКІ». АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ ӨТКЕН ҒАСЫРДА АЙТҚАН БҰЛ АСЫЛ СӨЗІ ҚАНША УАҚЫТ ӨТСЕ ДЕ, ӨЗ ҚҰНДЫЛЫҒЫН ЖОҒАЛТПАДЫ. ОҚУ-АҒАРТУ САЛАСЫНДА 37 ЖЫЛ ТЕР ТӨККЕН ҰСТАЗ МАРИЯМКҮЛ ЗЕЙНОЛЛАҚЫЗЫ БАЙРАХМЕТОВА — ӨМІРДЕН ӨТКЕНІМЕН, КЕЛЕР ҰРПАҚҚА ІЗІН ҚАЛДЫРА БІЛГЕН ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ. МАРИЯМКҮЛ ЗЕЙНОЛЛАҚЫЗЫНЫҢ ӨЗІ ОТЫЗ ЖЫЛҒА ЖУЫҚ ҮЗДІКСІЗ ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ҚАСИЕТТІ БІЛІМ ОРДАСЫ – ТЕМІР АУДАНЫ, №3 ШҰБАРҚҰДЫҚ ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІ. ОСЫ БІЛІМ ОРДАСЫНДА 2022 ЖЫЛДЫҢ 15 ЖЕЛТОҚСАНЫНДА ҰСТАЗДЫҢ АТЫНДАҒЫ МАТЕМАТИКА КАБИНЕТІ АШЫЛҒАН БОЛАТЫН. БЫЛТЫРҒЫ БАСТАМА КЕЗІНДЕ 9-СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА АУДАНДЫҚ МАТЕМАТИКА ОЛИМПИАДАСЫ ӨТКІЗІЛІП, БАЛАЛАРЫНЫҢ ДЕМЕУШІЛІГІМЕН ЖЕҢІМПАЗДАРҒА БАҒАЛЫ СЫЙЛЫҚТАР ТАПСЫРЫЛҒАН.
Ел ертеңі — жас ұрпақты тәрбиелеудегі осы игі іс-шара өз жалғасын тауып, дәстүрге айналып келеді. Биыл да ұлағатты ұстаздың туған күні қарсаңында мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен 15 желтоқсан күні 9-сынып оқушылары арасында математика пәнінен ардагер ұстаз Мариямкүл Байрахметова атындағы кезекті аудандық олимпиада өтті.
Олимпиаданың мақсаты — дарынды оқушыларды қолдау, ауыл балаларының ішінен математика пәні бойынша қабілетті балаларды анықтау, ынталандыру және оқушылардың қызығушылығын қалыптастыру, ғылымға баулу, математика пәні мұғалімдерінің өзара тәжірибе алмасуына ықпал ету.
Олимпиаданың ашылуында «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Азамат Нұрғалиев қатысушыларға сәттілік тіледі. Қатысушыларды марапаттауға аудандық білім бөлімінің басшысы Азамат Мәлікұлы Өсербаев пен ұстаздың үлкен ұлы, қаржыгер Ерлан Өміржанұлы Сейілов қатысты.
«Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дегендей, Мариямкүл Зейноллақызының шәкірті — Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі, әділет кеңесшісі қызметінен зейнеткерлікке шыққан Ақылбек Нұрғалиев осы олимпиада жеңімпаздарына өз тарапынан демеушілік жасау арқылы ұстазға деген құрметін көрсетсе, ұстазының ізін жалғап келе жатқан шәкірті — Шұбарқұдық гимназиясының директоры, математика пәні мұғалімі Болатбек Иманғалиев Қ.Жұбанов атындағы университеттің профессорлары құрамы жетекшілігімен математикалық олимпиада тапсырмаларын әзірлеуді ұйымдастырды. Жүлделі орындарға ие болған оқушыларға бағалы сыйлықтар табысталды. Бірінші орынға ие болған Ә.Молдағұлова негізгі мектебінің оқушысы Ерболат Жантөре ноутбук жеңіп алса, екінші орын алған №4 ШЖОББ мектеп оқушысы Ақмарал Жанатқа — ұялы телефон, 3 орынды бөліскен шұбаршилік оқушы Нұрсәуле Сейілова мен Абай атындағы мектептің оқушысы Саян Балағұлға сымсыз құлаққаптар табысталды.
Жас ұрпақты саналы да сапалы ой еңбегіне тәрбиелеуде математиканың орны әркез ерекше. Жаңа буын тәрбиелеу жолындағы игі істерге әрқашанда сәттілік тілеп, Темір ауданы білім бөліміне, №3 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебі әкімшілігі мен педагогикалық ұжымына алғыс білдіреміз.
Айнаш ОСПАҒАМБЕТОВА,
Шұбарши жалпы орта білім беретін мектебінің директоры.